Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баланың тұсауын кім және қалай кесу керек: тұсаукесерге қатысты маңызды деректер

Опубликовано:

Тұсау кесу сәті
Наурыз мерекесіндегі тұсау кесу сәті. Көрнекі сурет: "Ақмешіт ақшамы" газеті

Тұсау кесу - қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі ең әдемі әдет-ғұрыптың бірі. Тәй-тәй басқан сәбидің өмір жолы ашық болсын деген ниетпен жасалатын бұл дәстүрдің өзіндік ережелері бар. Баланың тұсауын қандай адам кесу керек? Тұсаукесерде жасалатын жоралғылар туралы жазбамызда тарқатып айтамыз.

Тұсау кесудің маңызы қандай?

Зейнеп Ахметованың "Күретамыр" кітабында тұсаукесер дәстүрі жайлы былай делінген:

Қазақ халқының ерте замандардан жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таным-наным, ырым-тыйымдары өзара тығыз байланыста көркем өрнек тауып өріліп жатады. Олардың қай-қайсысы болсын философиялық ойдың, тамыры тереңде жатқан мән-мағынаның заманалар көшінде жинақталған халық тәжірибесінің екшелген негізгі түйіні, мәйегі мен нәрі деуімізге болады. Сондай ұлағаты мол, бала өміріне арналған салттың бірі тұсаукесер деп аталады.

Нәрестенің өсіп-жетілуі жаратылыс құбылыстары іспетті. Сәбидің қырқынан шығуы, арқасын тіктеп отыруы, езу тартып күлуі, бауырын жерден көтеріп еңбектеуі ата-анаға қуаныш сыйлайды. "Күретамыр" кітабында баланың еңбектеуіне қатысты құнды дүниелер жазылған:

Бала еңбектеуден толық өтуге тиіс. Еңбектеу баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшықеттерін нығайтады. Сәби еңбектеу арқылы айналасын, кеңістікті таниды, өздігінен қимыл-қозғалыс жасап, көзіне түскен нәрсеге қарай жылжып, төңірегін өз әлінше меңгеруге талпынады.

Еңбектеп жүрген баланың қимылынан белгілі бір ырғақты байқауға болады. Дегенмен қазақ халқы бала көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын деп "бауырынан табақ алу" салтын жасап ырымдаған.

Бауырынан табақ алу салты дегеніміз не?

Бұл ырым бала еңсесін тік көтеріп, қаз тұрсын деген ниеттен шыққан. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай жеті рет өткізеді. Әдетте бала алақанымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Бауырынан табақ аларда тізесін жерге тигізбей сүйемелдеп, кеудесін көтертеді.

Талпынып өрге өрлесін,

Құлашын кеңге сермесін!

Биіктерге төрлесін,

Қаз, қаз тұрып ерлесін!

Жиналған жұрт "бала еңсесін көтерді, бауырын жазды" - деп қуанып, тілектерін жаудырады. Сонымен бірге баланың бауырынан өткен табақтағы дәмнен ауыз тиіп, дастарқан басында бас қосады.

Баланың тұсауын қалай кеседі?

Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін тез әрі жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Қазақ халқы баланың аяғына ала жіп байлап, оны арнайы таңдаған адамға кескізеді. Жіпті қадірлі, ісі алға басып тұрған, жылдам, сүрінбей жүретін адам кеседі. Бұл – бала осы адамға тартсын деген тілектен туған рәсім.

Қазақ дәстүрінде тәрбиелік мәні жоғары жоралғының бірі – баланың тұсауын кесу. Бұл салт сәби қадамын нық басып, тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалады. Халел Арғынбаевтың түсіндіруінше, тұсау кесу ырымын жасағанда көп адам шақырмай-ақ, баланың шешесі абысын-ажындармен жиналып, ауылдағы аяғы жеңіл адамға баланың тұсауын кестіріп, шашу шашып, жеңіл-желпі сый құрмет көрсетеді. Тұсау кесуге қойдың көтен ішегін не жіңішке ала жіпті пайдаланады. Тұсау кесушілер тек қана жеңіл аяқ, жүйрік адамдар болуы қажет.

Алау Әділбаевтың "Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ислам шариғатының үйлесімі" монографиясының 2-томында мынадай мәлімет берілген:

Академик Әлкей Марғұлан: "Көп жерлерде бала жүруге айналғанда оны қаңлы кемпірінің бұтынан өткізетін болған. Осылай етсе, бала бақытты болып, ел басқаруда оған еш нәрсе бөгет болмайды деп ырым еткен", - дейді. Білікті бәйбішелердің айтуынша, тұсау жіп орнына көтен ішекті қолдану себебі, бала "малды болып, дастарқаны майлы болсын" деген тілекті білдіреді. Тұсау кескен кісіге әркім өз шамасына қарай ырымын береді. Біреулерге көйлектік, енді біреулерге орамалдық қана кездеме береді. Тұсау кесуші не берсе де разы болады. Өйткені әркім бұл әдетті орындауды өзіне сеніп тапсырғанына риза болатын. Егер нәресте тез жүгіріп кетсе, тұсау кесушінің қолы жеңіл болды десетін.

Баланың аяғына байланатын ала жіптің мәні неде?

Бұрынғы заманда "бай болсын, іші-сырты майлы болсын" деп ырымдап тұсауды қойдың тоқ ішегімен кескен деседі. Сондай-ақ "өсіп-өнсін, тамырын жайсын" деген ниетпен көк шөппен кесетіндер де болған екен. Ал бүгінгі күні ел ішінде баланың тұсауын ала жіппен кесу үрдісі кең тараған. Бұл тұрғыда Зейнеп Ахметова ала жіптің мәні тереңде екенін айтады.

Ақ пен қара түс - өмір-тіршіліктің нышаны, тұспалды бейнесі. Жаратылыста қарама-қарсылықсыз тіршілік жоқ, бірінсіз-бірі болмайды, үнемі жұптасып жүреді. Өмірдің осындай ала-құла, ой-шұқырлы кезеңдері адамның тағдырында кездесіп отырады. Сондықтан жақсылық болып басына бақ қонғанда асып-тасып асылық жасамасын, қиындықта жасып басылмасын, өмірдің күнгейі мен көлеңкесі тең өтсін! - деп баланың аяғына тұсалған ала жіпті пышақпен шорт кеседі.
Кішкентай баланың аяғы
Сәбидің аяғына байланған ала жіп. Көрнекі сурет: "Қармақшы таңы" газеті

Баланың тұсауын кімге кескізу керек?

Қадамын енді-енді басқан сәбидің тұсауын кез келген адамға кескізуге болмайды. Әсіресе жүрісі баяу, сылбыр адамға, үйленбеген жігітке, тұрмысқа шықпаған қызға кескізбейді. Осы орайда "Күретамыр" кітабында жасы келген адамға да тұсау кескізбейтіні жайлы жазылған:

Көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген ұлағатты әжелер батасын беріп, аяғына ала жіпті байлайды. Ал қыз баланың тұсауын жүрісі ширақ, істеген ісін тиянақты тындыратын қағілез, ақжарқын мінезді келіншекке, ал ұл баланың тұсауын жақсы аты ел аузында жүрген, қолға алған шарауасын нәтижелі атқаратын еті тірі еңбекқор азаматқа кескізеді. Бұл жерде қалау ата-ананың ықтиярында, көңілі түскен адамын оның қадір-қасиетіне қарай таңдап, тұсау кескізеді.

Тұсаукесерде айтылатын тілек

Қаз, қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шештік біз

Тұсауыңды кестік біз.

Қаз, қаз, балам, қаз балам,

Тақымыңды жаз, балам.

Басқаныңа қарайық,

Қадамыңды санайық.

Қаз, қаз, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Құлын-тай боп шаба ғой.

Озып бәйге ала ғой.

Қаз, қаз, балам, қаз балам,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер,

Қаз, қаз, балам, қаз балам!

***

Жас ұрпақ өмірлі болсын,

Тұрмысы көңілді болсын.

Ата-анаға мейірлі болсын,

Ағайын-туысқа пейілді болсын.

Өнеге-білімге зейінді болсын,

Он саусағы майысқан шебер болсын.

Ел қорғайтын батыр болсын,

Шындықты айтар ақын болсын.

Халқым деген жүрегі болсын,

Жұртының қамқор тірегі болсын.

Абыройы өрлесін,

Жаманшылық көрмесін!

2023 жылғы Наурыз мерекесінде Қызылорда қаласында бір мезетте 85 баланың тұсауы кесілді.

Тұсау кесуге қатысты қандай наным-сенім бар?

  • Тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады.
  • Жас балаға тұсау кескізбейді.
  • Жеткіншек балаларды тұсаукесерден бұрын жүгіртіп жарыстырады. Бірінші боп озып келген екі бала сәбидің екі қолынан ұстап жетелейді. Ал ентігіп келген балалардың күш-қуаты сәбиге алақан арқылы беріліп, тез жүріп кетеді деген сенім бар.
  • Тұсаукесерге қатысқан жасөспірім балаларға тәттілер таратылады. Балалардың таза энергиясы қадамын жаңа басқан сәбиге дариды деп есептейді.
  • Тұсауды қайшымен кеспейді, пышақпен кеседі. Қайшының жүзі кереғар болғандықтан, қазақ халқы баланың өміріне кедергі келтіруі мүмкін деген ырым негізінде қайшымен кесуді жөн санамайды.

Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тұсау кесу дәстүрінің тәрбиелік мазмұны тереңде. Бұл - дана халықтың тұсаукесер арқылы кішкентай сәбидің өмір жолына сәттілік тілеп, ақ ниеттен туған ырымы болса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2020602-balanyn-tusauyn-kim-zane-qalai-kesu-kerek-tusaukeserge-qatysty-manyzdy-derekter/

pixel