Соңғы қоңырауға арналған қазақ тіліндегі өлеңдер мен тақпақтар
Жарияланған күні:
Соңғы қоңырау - мектеп бітіруші түлектерді ерекше тебірентіп, кеудеге қимастық сезімін ұялататын сәт. Сағынышқа айналатын бұл күннің әдемі естеліктерге, көтеріңкі көңіл-күйге толы болғаны ғанибет. Бұл жазбамызда ақындардың соңғы қоңырауға арнап жазған өлең жолдарын ұсынамыз.
Мектебің, мынау – класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың!
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір өлең жолдарын білмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Мектеп табалдырығын үргедектене аттаған кешегі оқушының есейіп, даңғыл жолға қадам басуы - өмір заңдылығы. Ал 25 мамырда соғылатын күміс қоңыраудың сыңғыры мектептен түлеп ұшқан әрбір шәкірттің құлағында сақталатыны сөзсіз.
Мектеп, ұстаз жайлы жыр жазбаған ақын жоқ деуге болады. Өйткені кез келген адам үшін балалық шағының өткен жері, білім алған алтын ұясы ерекше ыстық. Соңғы қоңырау туралы поэзия әлемінде қандай өлеңдер бар?
Соңғы қоңырау
Авторы: Кеңшілік Мырзабеков
Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні,
Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі.
Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның,
Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.
Балалық шақтың оятып күллі өлкесін,
Балауса ойдың қасытып кенет желкесін.
Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей,
Қимастық үні, не деген ғана еркесің?!
Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп,
Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек.
Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік
Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп.
Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын,
Арманға қосып алысқа тартар арнасын.
Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек
Он жеті жастың тазалығынан танбасын!
Соңғы қоңырау
Авторы: Айбатыр Сейтақ
Артта қалып балғын шағы — ертегі,
дәл бүгіннен басталады ертеңі.
Алып шығар ашық, терең теңізге
Арман атты ақ кеменің желкені.
Бойға жиған салт-дәстүр мен мұраны,
Ел мүддесі болсын асқақ ұраны
Мәртебесін көтеретін биікке
Жас түлектер - тәуелсіз ел қыраны!
Асқан сайын өмір-жолдың өткелін,
Жастық шағың — сағындырар көктемің.
Тілекшің боп тұрады ылғи анаңдай
Алыстағы алтын ұя мектебің...
Жас түлектер қақты бүгін қанатын,
Сәулелік күн жүрекке от жағатын.
Кім ұмытар қоңыраудың сыңғырын
Жүрегіңе мәңгі ұялап қалатын!
Түлек алғысы
Авторы: Ғабиден Қожахмет
Білімнің жинай білсек бүгін нәрін,
Ұстаздың еңбегі деп ұғынғаным.
Алғашқы ұстаз, бір сіздің арқаңызда,
Бұл күнде шарлай алсақ білім бағын.
Орнығып сізден үлгі санаға нық,
Сол тәлім бойдан жолын табады анық.
Қандай бір құрметке де лайықсыз,
Жатса егер еңбегіңіз бағаланып.
Бүлдіршін тәрбиесі - табысыңыз,
Бүгін де қарыздармыз бәрі үшін біз.
Шәкірттен алғыс алып қашанда да,
Жемісті бола берсін әр ісіңіз!
Талапкерге
Авторы: Күләш Ахметова
Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.
Бұрыңғыдай күтпейді мектеп сені,
Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.
Мектеп қайта есігін ашпас енді
Өмір - ұстаз, ақылды, ақ шашы өңді.
Басқаша енді үйретер бар сабағын,
Қоңыраулар соғылар басқаша енді.
Былтырғыдан басқаша биыл, демек,
Білімің мен ақылың, күйің бөлек.
Енді басқа жиын - той, киім керек,
Енді саған шынайы сүю керек.
Сұрақ басқа, оп - оңай шешілмейді,
Жаса қанша тентектік, есір, мейлі.
Мектептегі мұғалім кешіргенмен,
Өмір қатал, ол күнде кешірмейді.
Даусыз, ол күн есіңде сақталар,
Жазылмаған өмірдің ақ парағы.
Жаңа дастан күтеді жазуыңды,
Күтпейді тек сыныптың тақталары.
Енді сені күтеді барлық жолдар
Күтпейді тек мектептің парталары.
Кездеседі, дауыл да, дабыл да көп
Дамылдама, қаймықпа, қабылда кеп.
Үлкен ойдан үлкен іс шығар, ойлан,
Болашақтың тағдыры қолымда деп.
Уақыт та емтихан алар,
Ол сын қорқыта алмас.
Көңілге сенім қонсын.
Жас талапкер, билет ал тәуекел деп.
Емтиханда, өмірде жолың болсын.
Соңғы қоңырау, мектепке деген қимастық туралы тақпақтар
Уақыттың жылдамдығы көз ілеспей өтіп кетеді. Мектептегі алаңсыз күндер де қайтып келмейді. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектер жүрекжарды лебізін өлең жолдарымен, тақпақтар арқылы білдіріп жатады. Осы орайда zharar.com сайтында жарияланған еліміздің әр түкпірінде білім алып жүрген оқушылардың жазған тақпақтарын ұсынамыз. Соңғы қоңырау туралы қандай тақпақтар бар?
Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені
Мектеп деген тәрбиеші адамға
Мектеп деген даналардың мекені
Мектеп, мектеп, менің жарқын көңілім.
Мектеп, мектеп, шаттық толы өмірім.
Мектеп, мектеп, әнім болып төгілдің
Мектеп, мектеп, анам боп та көріндің.
***
Мектебім - алтын ұям, құт босағам,
Білімге бастау алдым осы арадан
Жалықпай табасың деп сен үйреттің
Шешуін қиындықтың тосар алдан.
Мектебім - жұмбақ бағым, құтты мекен,
Ұшырсаң көкке самғап менде кетем.
Анамның құшағындай елжіретер,
Шуақты сендей сұлу жер бар ма екен?
***
Мектебім - мәңгі бапкерім,
Қарызбыз саған бәріміз.
Өзіңе деген парызды,
Ақтаймыз талай әлі біз.
***
Білімнің қайнар бұлағы,
Өнердің жарқын шырағы.
Тұрағы өзің, мектебім,
Шәкірттің асыл қырағы.
***
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі,
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2021459-songy-qonyrauga-arnalgan-qazaq-tilindegi-olender-men-taqpaqtar/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.