Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ана туралы қазақ тіліндегі ең әсерлі эсселер топтамасы

Жарияланған күні:

Ана мен бала
Сәбиін еркелеткен ана. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ана адамзат баласының дүниеге келуіне себепкер болатын аяулы жан. Ана дегенде жүрегі жылымайтын адам жоқ. Бауыр еті баласы үшін сұлулығын, денсаулығын, жан тыныштығын құрбан етуге дайын аналарды қалай құрметтесек те, артық емес. Бұл жазбамызда ана тақырыбында жазылған қазақ тіліндегі эсселер топтамасын ұсынамыз.

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері де ананың мәртебесін ерекше жоғары көрсетеді. Мысалға, Бәһз ибн Хаким атасы Муғауия ибн Хайда Қушайридің Алла елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Уа, Алла елшісі! Жақсылықты кімге жасауым керек? - деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Анаңа.

– Кейін кімге?

– Анаңа.

– Кейін кімге?

– Анаңа.

– Кейін кімге?

– Әкеңе, кейін жақынырағына, кейін жақыныңа, - деп жауап бергенін жеткізеді.

Тирмизиден жеткен бұл хадистен Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылыққа ең лайықты адамның әке-шеше екенін айтқанын білуге болады. Әсіресе ананың орны әкеден де жоғары екенін осылайша түсіндірген.

Қарт ана
Қарт ананың қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ана тақырыбында жазылған эсселер

Ардақты аналар туралы шығармалардың орны қай кезде де биік. Себебі тіршілік бар жерде ананың жыр мен жазбаларға арқау болмауы әсте мүмкін емес. Осы орайда ғаламтор кеңістігінде балалардың аналарына арнап жазған эсселерін жинақтадық.

bilimsite.kz сайтында жарияланған эсселер топтамасы:

Ана – қасиетті де, киелі есім

Ана жайлы ойымды, айтып тауыса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.

"Ана" дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш қана әріптен тұратын "Ана" сөзінің астарында теңіз сияқты терең ой жатыр. Ана – әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. "Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың" - деп бекер айтпаған. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анаға қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдыңдағы парызды өтеу.

***

Кез-келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ.

Ана болу – бүкіл өміріне кететін рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін перзентіне жұмсайды, сол арқылы оның жаны нұрлана, нәрлене түседі. Ал баланың анаға деген махаббаты жеткіліксіз. Оны барынша құрмет тұтып, қастерлеу әрбір баланың борышы. Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар.

Анасы мен қыздары
Ана мен қыздарының бақытты сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

barinbil.kz ақпараттық порталында жарияланған "Ана – гүл, ана – өмір шырағы" тақырыбындағы эссенің ықшамдалған нұсқасы:

Ана. Қандай керемет сөз десеңші! Осы бір үш-ақ әріптен тұратын сөзде мұхиттың тереңдігіндей тұңғиық ойлар жатыр. Осы асыл жан әрқашан бізді жақсы көреді. Біз шыр етіп дүние есігін ашқан кезден бастап бізді бағып-қағып, біз үшін отқа да, суға да түсті. Ана деген сөз әрқашан киелі. Бәрімізге жарық дүние есігін ашып берген жан ол – ана. Бауыр еті баласы үшін аналар қаншама сынаққа дайын тұрады. Ана туралы айтатын ой, шертетін ән көп.

Қандай ақын болмасын, анасын әрқашан жырына қосып жүреді. Қазақ ақындарының ана туралы жазған өлеңдері жетерлік. Бірақ бұл жырлар ана алдындағы парымызды өтеуге жетпейді. Ойлап қарасақ, анамыз біз үшін бәріне дайын. Ананың біз үшін жасаған жақсылығын, қарызын өтей алмасақ та, ең болмаса, ананың қабағына кірбің түсірмеуге тырысуымыз керек. "Балам, ананы үйте салшы, мынаны бүйте салшы!" - деген ананың сөзіне түрлі сылтау айтамыз. Ал біздің сілкініп айтқан сөзіміздің ананың жұдырықтай жүрегіне ауыр тигенін білеміз бе? Өйткені аналар еш нәрсені білдірмейді, сездірмейді, көрсетпейді. Олар – өте құпия жандар.

"Ата-ана қадірін балалы болғанда білесің" деген сөз бар. Аналарымыздың жанымызда жүргеніне алғыс айтып, құрметтей білейік!

Анасы мен ұлы
Пальма ағашының жанында отырған анасы мен ұлы. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Алаш айнасы" газетінде жарияланған "Менің анам" тақырыбындағы эссе:

Жердегі бар тағамнан

Ана сүті нәрлі екен.

Бұл жалғанда анамнан,

Сүйікті адам бар ма екен?

Ф. Оңғарсынова

Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – Ана. Баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жан ұшыра шырылдайтын да – ана. Әрбір ана бақытты өмірді, тыныштықты тілейді. Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Дүниеде анасыз адам жоқ. Жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ананың көкірегінен нәр алған. Ана – өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық жақсы қасиет ананың ақ сүтімен дариды. Ана – ұлы адам, қасиетті жан. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді.

Мен анамды қатты жақсы көремін. Әркез оның амандығын тілеймін. Бірақ кейде оны ренжітіп алып жатамын. Мен өзім тез ашуланатын мінезім бар. Кейде анама бұлданып, қарсы сөйлеп қалатыным бар. Бірақ ашуым қайтқан соң "бекер айттым" деп өкініп қаламын. Бірақ менің анам – кешірімшіл, ақылды, байсалды адам. Осындай сәттерде анамның көңілін табуға тырысамын. Бетінен сүйіп, жылы сөздер айтамын.

Анам ауырып қалған кезде амандығын тілеймін. Бұл өмірде достарым мен туыстарым қаншалықты көп болғанымен, олардың бәрі анамдай болмайтындай көрінеді. Жасы үлкен-кіші туыстарым бір істі бастарда немесе басқа да жағдайларда менің анаммен ақылдасады. Ол барлық мәселенің шешімін тауып реттейді, кеңес береді. Анамды қатты жақсы көремін. Анашым мені түсінетіне күмәнім жоқ. Анам ауырмай ұзақ өмір жасаса екен деп тілеймін. Әрқашан анамыздың көңілі шат, жүзі жарқын, дені сау болуын тілеймін. Барлық баланың анасы аман болсын!

Ана мен қыздың серуені
Ана мен қыздың сырласқан сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

massaget.kz сайтында жарияланған жазба:

"Ана" деген сөзді есту, оны іштей қайталау, сыртқа шығарып айту керемет сезім. Өйткені сол тіршілік иесінің арқасында сіз қазір осы шығарманы оқып отырсыз. Сіз барсыз. Сіз тірісіз. Сіз дүниеге келдіңіз.

Әлемдегі ең сұлу және ең керемет атау – ана. Оның қадірі мен қасиетін түсініп біту мүмкін емес. Өйткені түн ұйқысын төрт бөліп, сіз үшін өл-өлгенше жанын беретін ананың балаға деген махаббаты мәңгілік, шексіз. Алғаш көзіңді ашқан кезде бауырына басып, "балам" деген анаңның әлдиі, бүтінін беріп жартысын алған, барын беріп жоғына қанағат танытқан – анаң.

"Жұмақтың кілті анаңның табанының астында" деген сөздің мәнін ашу үшін анаңызды Меккеге үш рет апару аздық етеді. Бір тағдырдың дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсіру жауапкершіліктің үлкені. Өзінің ғана емес сіздің де алдыңыздағы борышын атқарған анаға құрметсіздік жасау келсе тек хайуанның қолынан келер. Оның өзінде төлін сүймейтін хайуан да жоқ.

Әкеңіздің қабағын бағып, үйдің берекесі болып отырған ананың адамзат үшін алаңдап отыратыны тағы бар. Олар үйдің ғана емес, түздің де адамы. Қандай жұмыс болса да, қандай қиынық болса да көтеруге дайын. Өйткені олардың жанын нәзік жүрегін беріп етіп жаратқан. Ана екеу емес біреу ғана. Ал жалғыз дүниенің екінші рет қайтып келмейтінін, біреудің бірнешеу болмайтынын түсінсеңіз жақсылық жасаңыз. Көз жасын күлкіге, мұңын қуанышқа, жабырқаса жұбатып, сағынса қасынан табылыңыз. Ол міндетіңіз.

Ана бір қолымен әлемді бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең қасиетті адам. Оның алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие. Жүрегінің кеңдігі сондай өз баласына ғана емес әлемнің баласына орын бар. Өйткені ана мен бала бір-бірі үшін жаралған қос сөздегі бір ұғым.

Барында анаңызды қуантыңыз! Күлдіртіңіз! Олар бәріне лайық!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2028072-qazaq-tilindegi-ana-turaly-esseler-toptamasy/