Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ана туралы ән: қазақ композиторларының ана туралы ең мағыналы туындыларын білесіз бе

Опубликовано:

Нота қағазы
Нота жазылған қағаз және пианино. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жарық дүние сыйлаған, түн ұйқысын төрт бөлген аналарға деген құрмет қай кезде де өлеңмен өрнектелген. Жер бетінде анасына арнап жыр жазбаған ақын, ән шығармаған композитор жоқ шығар, сірә! Бұл жазбамызда қазақ композиторларының ана туралы жазған әндерін ұсынамыз.

"Айқын" газетінде жарияланған "Ана туралы жыр әнінің тарихы" жазбасында бұл әннің дүниеге келуі былай баяндалған:

Композитор Шәмші Қалдаяқов консерваторияда оқып жүрген кезінде анасы өмірден озды деген қаралы хабарды естиді. Анасының мезгілсіз қазасы оның жанына қатты батады. Ол Алматыға оралған бойда ақын-жазушы замандастарына жолығып, ана туралы ән жазғанын айтып, сол әннің сөзін жазып беруді сұрайды. Сонда замандастары Ғафу Қайырбековтің анасы да өмірден өткенін айтып, соған жолығуға кеңес береді. Анадан айрылудың ауырлығын бастан өткерген қос мұңдас, бір-бірін сөзсіз ұғынады. Осылайша "Ана туралы жыр" әні дүниеге келеді.

Ана туралы жыр

Сөзін жазған: Ғ. Қайырбеков

Әнін жазған: Ш. Қалдаяқов

Әлемнің жарығын,

Сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін,

Жинадың сен маған.

Сен бердің құстардың

Қанатын самғаған,

Балалық құштарым

Өзіңе арналған.

Қайырмасы:

Әлдилеп аялап,

Өсірген жемісін.

Самал жел, сая бақ,

Құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де,

Мен саған сәбимін.

Көңіліңді көктемдей,

Көзіңнен танимын.

Өтеуге борышым,

Анашым, жан сырым.

Іздедім сен үшін,

Әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын,

Сыйлар ем, кеш мені.

Сыйлар ем ай-күнін,

Қолыма түспеді.

***

"Анашым" әні

"Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды" - деп келетін өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар! Әнші әрі композитор Марат Омаровтың репертуарындағы танымал "Анашым" әні 1988 жылы жарыққа шыққан. Бүгінде бұл ән халықтың жадында жатталып қалды.

Әннің шығу тарихы Марат Омаровтың студенттік кезеңімен байланысты. Композитор Қапшағайда фильм түсірілімінде жүрген кезде анасы баласын сағынып, Алматыға барады. Ардақты ана баласы жатақханада болмаса да, сонда тұратын студенттерге ауылдан арқалап әкелген сөмкесін ашып, дастарқанды жайнатып жіберген екен. Сол жолы Марат Омаров анасымен жолыға алмаған, бірақ жатақханадағы достары анасын көріп, өз аналарын көргендей әсерде болғанын, қазы-қартаға, ағарған мен бауырсаққа тойғанын айтқан. Анасының жазып қалдырып кеткен жып-жылы хатын оқыған сәтте ол ерекше толқып, күйсандыққа отырады. Осылайша "Анашым" әні дүниеге келді.

Анашым

Сөзі: Қ.Жұмағалиев

Әні: М.Омаров

Шет жүрсем - сағынарым,

Жабықсам - шағынарым

Анашым, бір өзіңсің

Табынарым.

Қайырмасы:

Анашым, шалқып күлсең,

Алдымда ұзақ жүрсең.

Жүрегім жыр толғайды,

Көңілім ортаймайды.

Анасы бар адамдар

Ешқашан қартаймайды.

Ұшырған сұңқарыңмын,

Қияға шырқарыңмың.

Бәйгеге өзің қосқан

Тұлпарыңмын.

Қайырмасы:

Анашым, шалқып күлсең,

Алдымда ұзақ жүрсең.

Жүрегім жыр толғайды

Көңілім ортаймайды.

Анасы бар адамдар

Ешқашан қартаймайды.

Қорғаным - өзің деймін,

Жан дауа - сөзің деймін.

Анашым, сені ойласам

Көз ілмеймін.

Абзал ана

Сөзі: Ж. Молдағалиев

Әні: Б. Дәлденбаев

Солғанша гүлім көзде тұнық,

Ана деп ән салам.

Жүрейін мейлі жүзге толып

Бөбекпін мен саған.

Қайырмасы:

Ана, ана, ана, мәңгі дос сен ғана,

Абзал ана, ана, көңілің кең дала.

Дарасың, сен маған

Данасың, сен маған

Мақтанатын, мархабатым, махаббатым!

Ардақтайды есіміңді,

Ел-ана деп адам,

Жер-ана деп адам.

Тербет мәңгі бесігіңді,

Ана, жаным саған, арнадым ән саған!

Қарызбыз әжім, ақ шашыңа,

Көзіңнің жасына.

Өзіңсің бақыт бақшасы да,

Өмірдің басы да.

***

Анаға сәлем

Сөзі: О.Иманәлиев

Әні: Е.Хасанғалиев

Мереке күніңмен,

Қарсы алам өзіңді.

Сәбилік сезіммен

Арнаймын сөзімді.

Көргенше алаңмын,

Аңсаймын, толғанам.

Қабыл ал балаңның

Сәлемін жолдаған.

Бөбегің оянса,

Ұйқыңнан мың тұрдың.

Гүліңмен балауса

Көктемдей құлпырдың.

Аялап алақан,

Әлпештеп өсірген.

Аяулы жан анам

Қатемді кешірген.

Сырымды ұғатын,

Өзіңсің қуатым.

Күнімсің шығатын,

Айымсың туатын.

Аяулы анашым

Сөзі: Т.Арғынғали

Әні: Ұ. Жолдасов

Жүректiң жалынысың,

Мәңгiлiк сағынышым,

Қарызым өтелер ме,

Ұйқысыз таңың үшiн

Аяулы анашым.

Қайырмасы:

Аяулы айбыным,

Арайлы ай-күнiм,

Бақытым, байлығым,

Анашым.

Өмірдiң сынақ бәрi,

Әлдиің құлақта әлi,

Қабыл ал арман әнiн,

Балаңның жырақтағы

Аяулы анашым.

Анашым

Әні мен сөзі: Ж.Бұлжанов

Оянғанда түнде жұбатып,

Ақ сүт беріп өсірген.

Басқанымда тәй-тәй қуанып

Тұсауымды кестірген.

Қайырмасы:

Анашым құдіретіне табынамын

Көрмесем бір күн сені сағынамын

Анашым қартаймашы жалынамын.

Көз алдымда дәурен балалық,

Тіліңді алмай есірген.

Балалық қылсам шалалық

Әркез мені кешірген.

Аналарға арналған әндерде сағыныш бар, махаббат бар. Сонымен бірге мерекелерде, туған күнге арнап баланың анаға деген ізгі лебізін жеткізетін көңілді әндер де жоқ емес.

Құттықтаймын, мама!

Сөзі : М. Мақатаев

Әні: Н. Тілендиев

Нұрын төккен маған,

Шуағымсың - сен!

Айналайын, мама,

Қуанышыңмен!

Шаттандырған мені,

Жұбанышым сен!

Құттықтаймын сені,

Туған күніңмен!

Ля-ля-ля-ля-ля-ля-ля

Ля-ля-ля-ля-ля-ля-ля

Аялаған мені,

Ән қанатымен.

Құттықтаймын сені

Салтанатыңмен! ,

Бакытты ғой заман

Қандай көңілді!

Мен тілеймін саған

Ұзақ өмірді!

Анасы мен баласы
Ана мен баланың қуанышты сәті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ана - өмірдің шуағы. Жер бетінде тіршілік барда аналарға арналған ән мен жырдың бірге жасайтыны анық. Себебі ананың балаға деген мейірімі мен махаббаты шексіз. Анаңыз жаныңызда жүрсе, бір сәт ән арнап қуантуды ұмытпаңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2028687-ana-turaly-an-qazaq-kompozitorlarynyn-ana-turaly-en-magynaly-tuyndylaryn-bilesiz-be/

pixel