Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Төле би: әйгілі бидің жеке өмірі туралы не білеміз

Опубликовано:

Төле би Әлібекұлы. Сурет
Төле би Әлібекұлы. Сурет: E-history.kz

Қазақтың атақты биі Төле бидің даналығы мен ел басқарудағы әділ шешімдері жайлы ел арасында түрлі аңыз-әңгіме мен тарихшылар зерттеуі жетіп артылады. Десе де әйгілі бидің жеке өмірі жайлы тың деректер некен-саяқ. Осыған орай, бүгінгі материалда бидің шыққан тегі мен оның жеке өмірі жайлы деректерді ұсынуды жөн көрдік.

Төле бидің қазақ тарихында алар орны қандай?

Қазақ тарихында шешендігімен, тапқыр шешімі әрі қара қылды қақ жаратын әділдігімен көзге түскен билердің ел тарихындағы алар орны ерекше. Соның ішінде атақты Төле би жайлы халық арасында түрлі деректер мен аңыз-әңгімелер бар. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.

Төле би Әлібекұлы қазақтың Ұлы жүз, оның ішінде дулат – жаныс руынан шыққан атақты би. Философия ғылымдарының кандидаты, А.М. Әміребаевтың Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ресми сайтында жарияланған мақаласына сәйкес, Төле би қарапайым халық арасынан, яғни "қара сүйектен" шыққан атақты данышпан-билерінің бірі болған.

Ғалым келтірген деректерге сүйенсек, ол өз заманының өте бай адамына айналып, хан билігімен қатар қойылатын беделге ие болған екен. Төле 1663 ж. Жамбыл облысының Жайсаң деген жерінде туған. Төле бидің әкесі Әлібек қазақ тайпасы дулаттан шықса, атасы Құдайберді би Есім ханның жорықтарына, оның ішінде "Қатаған қырғыны" (1627–1628), Ташкентті басқарған Тұрсын хан көтерілісіне қарсы шайқасқа қатысқан.

Сонымен бірге аталған мақалада Төле бидің әкесінің қалауы бойынша 5 жасынан бастап оқу-білімге үйрене бастағандығы айтылады. Атақты биді Бұқарадан арнайы шақыртылған молда Абушакир оқытқан екен.

Мақала авторы сондай-ақ Төле би жайлы келесідегідей қызықты деректі назарға ұсынады:

"Төле би өз заманының өлшемі бойынша шындығында энциклопедиялық білімді, өлкенің әралуан тұрғындарымен бірнеше тілде келіссөздер жүргізудің өнерін игерген білгір маман болды. Ол балалық шағынан көшпелілердің шешендік-поэтикалық өнері мен дәстүрлерін және қазақ халқы ментальдығын сіңіріп өсті. Оның әкесі Әлібектің ділмарлығы, ескіше хат танып, халық аңыздарын жатқа білуі баланың ерте жетіліп, оның ғажайып алғыр ақыл-ойлы болуына, руластары арасындағы кез-келген даулы мәселелерді әділетті шешуіне ықпал етті".

E-history.kz cайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, Төле би атақты "Жеті жарғыны" жасаушылардың қатарында болған. Сонымен бірге аталған басылымда Төле бидің Түркістан облысындағы қазіргі Төле би ауданында көз жұмып, Өзбекстанның Ташкент жерінде жерленгені хабарланады. Осыдан-ақ дана бидің заң шығарушылық тәжірибесі жоғары болғанын айғақтауға болады.

Төле бидің Ташкенттегі мавзолейі. Сурет
Төле бидің Ташкенттегі мавзолейі. Сурет: Ш. Уәлиханов ат. тарих және этнология институтының ресми сайты

Төле би шежіресі: бидің ақсүйек тұқымынан тарағаны рас па?

Төле би жайлы көптеген деректе қарапайым халық арасынан шыққаны айтылады. Десе де, тарихшы Өмір Шыныбекұлының зерттеуінде Төле бидің шежіресіне қатысты тың дерек айтылады. Мәселен автор "Бәйдібек баба - алып бәйтерек ұрпақтар шежіресі" ("Өнер" баспасы 2004 ж.) атты еңбегіне сүйене отырып, бидің Жаныс - Жортуыл - Жантудың Жайылмысынан Қожамберді тарайтынын айтады.

Сонымен бірге ғалым Қожамбердіден Құдайберді, Құдайқұл, Кәдірқұл, Кәдірберді, Олжағұл, Сұлтанқұл, Ақберді тарайтынын, ал "тоғыз ұлды Құдайбердіден" Түгелбай, Данай, Ақтай, Бақыбек, Қарашәуке, Қарасопы (Әжібек), Құдайменде, Тоқпан, Әлібек тарайтынын жазады.

Автордың болжамынша, Төленің атасы Құдайберді де Есім ханның жорықтарына қатысқан беделді би болғанын еске салады. Оған дәлел ретінде аталған мақаладағы мына дерекке назар аударса болады:

"1620 жылы Есiмхан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады (Есім ханның "Еңсегей бойлы Ер Есім" атала бастауы осы соғыстан кейін). Қара Ертіс бойында өткен осы соғысқа арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қоңырат Алатау, шапырашты Қарасай батырлармен бірге, Құдайберді би де қатысады", - дейді зерттеу авторы.

Тарихшы ғалым Төле бидің туған атасы Құдайбердінің би болғанын 1993 ж. жарық көрген Қазанғап Байболұлы "Төле би" кітабында келтірілген дерек арқылы дәлелдейді. Айтуынша, аталған еңбекте Төле бидің атасы Құдайберді би туралы былай делінген:

Құдайберді - Жаныстан,

Ең әуелі болғаны.

Орта жүздер сайлады,

Арғын Шаншар мырзаны.

Қаздауысты Қазыбек,

Осыдан тарап шығады.

Кіші жүз Алшын Жидебай,

Баласы мұның Айтеке

Шежіреде шығады....(69-бет).

Осыдан-ақ тарихшылар арасында Төле би Әлібекұлының қарапайым халық арасынан, яғни "қарасүйектен" шықпағандығы, керісінше, Құдайберді би сынды бидің тегінен тарағаны туралы дерек тараған.

Қазақтың билері. Скриншот
Қазақтың билері. Скриншот: YouTube/Qazaqşa tarıh

Төле бидің жеке өмірі

Төле бидің жеке өміріне қатысты тарихи деректер өте аз. Десе де "Кызылординские вести" газетінде шыққан Ботагөз Ажарбаеваның мына мақаласында Төленің Әлібектің екінші әйелінен туғаны айтылады.

Сонымен бірге аталған мақалада Төленің жеті ұлы: Сүйіндік, Жиенқұл, Қожабек, Жолан, Ниязбек, Қожамжар және Өзбек болғаны жазылған. Мақала авторы Төле бидің ұрпақтары Доңызтау тауының бөктерінде, Бадам, Сайрамсу, Шошқабұлақ, Қоздыата өзендерінің жағасында, қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданында (бұрынғы Ленгер ауданы) өмір сүріп жатқандығын атап өткен. Сонымен бірге Төле бидің ұрпақтары Жамбыл, Алматы облыстарында да тұратындығы хабарланады.

Төле бидің жеке өміріне қатысты көпшілік арасында тараған тағы бір дерек оның Данагүл атты келінінің болуы. Massaget.kz сайтында жарияланған Г. Беріктің "Төле бидің жұмбағын ашқан Данагүл" атты мақаласында, Данагүлдің (шамамен 1720-1790) – Төле бидің келіні екендігі, әкесінің есімі – Алакөз болғандығы айтылады. Сондай-ақ Данагүл Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Сиқым тармағынан шыққаны жазылады. Автор Данагүлдің жастайынан өте ақылды, ізетті болып өскенін хабарлайды.

Сондай-ақ тарихшылар Төле би Данагүлдің ізеттілігін, ақылдылығын байқап, қолына келін етіп түсіргені туралы деректі айтады. Данагүл би ауылына келін болып түсісімен ақылдылығы, тапқырлығы арқылы ел есінде қалған екен. Бидің жеке өміріне қатысты әзірге сенімді деректер аз. Сол себепті бүгінгі материалда тек сенімді дереккөздерден алынған нақты ақпаратты назарға ұсынуды жөн санадық.

Төле би және оның артынан қалдырған шешендік сөздері – қазақ ауыз әдебиетінің асыл жауһары болып қалатыны анық. Дана бидің ел басқарудағы ұтқыр шешімдері де өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, мол мұра болатыны да сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2031250-tole-bi-aigili-bidin-zeke-omiri-turaly-ne-bilemiz/

pixel