Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылға жақын жандарға не сыйлауға болады

Опубликовано:

Сыйлық қорабы
Сыйлық қорабын ашып жатқан әйел. Көрнекі сурет: pixabay

Жаңа жыл - өткен күндерге ой жүгіртіп, алдағы күндерден үлкен үміт күттіретін мейрам. Бұл мерекенің өзіне тән әдемілігі бар. Айналада жалт-жұлт еткен шамдардың өзі көңіл-күйді көтереді. Ал жақын жандардың бір-біріне берген сыйлығы ерекше қуантады. Бұл жазбамызда жаңа жылға арналған сыйлықтар топтамасын ұсынамыз.

Жаңа жылда жақын адамыңызға қандай сыйлық беруге болады?

Жаңа жылдың басталуына да санаулы күн қалды. Қарбалас болмас үшін жақын адамдарыңызға арналған сыйлықтарды ертерек алып қойған жөн. Жаңа 2024 жылы қандай сыйлықтар сәнде?

Good goods интернет дүкені жаңа жылда мынадай сыйлықтар алуға кеңес береді:

  • Иіссу, хош иісті әтір;
  • Кітап;
  • Сырға, сақина, алқа, білезік секілді әшекей бұйымдар;
  • СПА процедураларына және косметологиялық қызмет түрлеріне арналған сертификат;
  • Концерт немесе театр қойылымына билеттер;
  • Қысқы спорт түрлеріне арналған жабдықтар;
  • Мүсінше, интерьерге қатысты заттар, қабырғаға ілетін бұйымдар;
  • Моншаға киетін халат;
  • Музыкалық аспап түрі;
  • Жаттығу залына немесе бассейнге абономент;
  • Жаңажылдық саяхат;
  • Шай немесе кофе (ұнататын жандарға);
  • Әшекей бұйымдарды салуға арналған қобдиша немесе органайзер;
  • Картина, панно;
  • 2024 жылға арналған күнделік. Сыйлайтын адамның аты-жөнін немесе жұмыс орнының логотипін жазып беруге болады.

Жаңа жылда достарыңызға не сыйлауға болады?

  • Шыршаны безендіруге арналған ойыншықтар;
  • Экзотикалық кәдесыйлар: азиялық тағамдар, африкалық киімдер, мексикалық бас киім;
  • Үйге киюге арналған теріден тігілген тәпішке немесе халат;
  • Төсек-жабдық немесе жаңажылдық дастарқанға арналған майлықтар;
  • Тәттілер: кәмпит, шоколад. Барлық адам тәттіні жақсы көреді, ал сыртқы пішіні ерекше конфеттер көңіл-күйді көтереді.
  • Жеміс-жидек, эко-өнімдер салынған себет. Сыйлық бергіңіз келген адам тәттіні ұнатпаса, оған пайдалы сыйлық ұсынуға болады.
  • Тоқыма бұйымдары;
  • Термо саптыаяқ немесе термос;
  • Шамдал (шырағдан қоятын ыдыс). Оның қасына хош иісті майшамдар алуға болады.
  • Гаджеттер: телефон, планшет, теледидар, фитнес сағат, робот-шаңсорғыш;
  • Шабадан немесе жол жүруге арналған сөмке;
  • Күнтізбе;
  • Шай, кофе ішуге арналған ыдыстар жиынтығы;
  • Фотоальбом;
  • Жұмсақ ойыншық.

Жаңа жылда балаларды қандай сыйлықтармен қуантуға болады?

  • Пазл немесе басқатырғыштар;
  • Жарқырайтын ойыншықтар;
  • Жаңа жылдық костюм;
  • GPS орнатылатын смарт сағат;
  • Квадрокоптер;
  • Бақылау арқылы жүргізілетін машина;
  • Коньки, спорттық құрал-жабдықтар;
  • Энциклопедиялар;
  • Конструктор ойыншық.
Сыйлық ұстаған қыз
Шырша жанында сыйлық ұстап отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay

Жаңа жылда әріптестерге не сыйлауға болады?

Бір мекемеде жұмыс істейтін әріптестердің бір-біріне сыйлық беруі жақсы қарым-қатынас орнатуға септігін тигізеді. Ұжымдастарыңызды жаңа жылда кәдесый, күнтізбе, сағат, блокнот, қалам сияқты кішігірім сыйлықтармен қуантып қоюды ұмытпаңыз. Ал қарамағыңызда бірнеше қызметкер жұмыс істейтін компанияның басшысы болсаңыз, мынадай сыйлықтар тізімі бір кәдеңізге жарауы мүмкін:

  • Жазу-сызуға арналған құралдар;
  • Логотип жазылған флешка;
  • Кестеленген сүлгі;
  • Қолсағат;
  • Портативтік қуаттағыш құрал;
  • Тәттілер;
  • Шыныаяқ, термос;
  • Тамақ салып алуға арналған ыңғайлы ыдыстар;
  • Сөмке, рюкзак;
  • Әмиян, теріден жасалған бұйымдар;
Аяз ата
Аяз ата пішініндегі кәмпиттер. Көрнекі сурет: pixabay

2024 жыл – Айдаһар жылы. Егер шығыс күнтізбесіне назар аударатын болсақ, онда бұл жыл жасыл ағаш айдаһар жылы болып есептеледі. Жасыл түс жаңаруды, өмірдің жаңа кезеңінің басталуын білдіреді. Жаңа жылға сыйлық таңдаған кезде жасыл, алтын тәрізді түстерге мән берсеңіз болады.

Егер анаңыз бен әкеңізге қандай сыйлық беретініңізді ойланып жүрсеңіз бұған дейін жарияланған жазбаларымызға сілтеме арқылы өтіп, идея алуға кеңес береміз.

Жаңа жылда қолжетімді бағада қандай сыйлық алуға болады?

Сыйлықтың қымбат немесе арзан болуы маңызды емес. Шын көңілмен берілген кішкентай сыйлықтың өзі адамды қуантып тастайды. Жаңа жылда қатты қымбат тұрмайтын, бірақ алған адамның көңіл-күйін көтеретін қандай сыйлықтар беруге болады?

"13 Best & Unique New Year Gift Ideas 2024" жазбасында Жаңа жылға арналған қолжетімді бағадағы 13 сыйлық жазылған:

  1. Жұмсақ ойыншық. Сүйкімді қонжық әрбір баланың, әсіресе қыздардың сүйікті ойыншығы. Сондықтан осы Жаңа жылда әйеліңізге, қызыңызға немесе айналаңыздағы кішкентай балаларға сыйлауға болады.
  2. Тәттілер: кәмпит, шоколад, мармелад, зефир. Тәттіні үлкен балалармен қатар үлкен адамдар да жақсы көреді. Әдемі қаптамадағы тәттілерді көргенде кез келген адам қуанады.
  3. Жаңа жылмен байланысты суреттері бар салпыншақ (брелок). Бұл - әмбебап сыйлық түрі, әсіресе Жаңа жылмен байланысты болып саналады.
  4. Хош иісті майшам. Даршын (корица), цитрус, ваниль және кофе иісі шығатын майшам түрлерін алған дұрыс.
  5. Жаңажылдық шұлық. Шұлық сыйлау дәстүрі Англиядан шыққан. Десе де, мереке қарсаңында ішіне тәттілер мен ұсақ-түйек заттар салынған шұлық Жаңа жыл қарсаңындағы жақсы сыйлық болып саналады.
  6. Хьюдж-бокс. Мұндай сыйлықты тарту ету швед халқының дәстүрінде бар. Мысалы, қорапқа әшейкей бұйымдар, тәттілер немесе шай түрлері секілді кез келген сыйлықты салуға болады.
  7. Антистресс ойыншықтар. Мұндай ойыншықтар кез келген адамға ұнайды. Кішкентай ойыншық түрін жақсы әзілдесе алатын жақын адамыңызға беруге болады.
  8. Тоқылған бұйымдар. Қолғап, бас киім, шәлі - жақын адамыңызға қаншалықты қамқор екеніңізді көрсететін сыйлықтар.
  9. Қалпақ, шарф. Бұл сыйлықтар қыс мезгіліне өте қажет.
  10. Шыршаға арналған ойыншықтар. Мұндай ойыншықтарды мерекені сезіндіретін сыйлық түрлері десе болады. Ойыншықтармен бірге гирлянд шамын ұсынуға кеңес береміз.
  11. Жаңа жылға арналған шар. Әйнектен жасалған шар пішінінің ішіндегі әдемі көрініс қыз балаға, әйел затына ұнайтыны сөзсіз. Мұндай сыйлық қар жауып тұрған қысты бейнелеп тұрғандай.
  12. Гүл. Қандай мерекеде болса да, адамның көңілін көтеретін сыйлықтың бірі. Егер Жаңа жылда нәзік аруыңызға, анаңызға немесе әйеліңізге сыйлық алып үлгермесеңіз, гүл сыйлаңыз.
  13. Күнделік, қалың дәптер. Жазу-сызуды жақсы көретін жандар үшін күнделік ең бағалы сыйлық болмақ.
Шырша ойыншығы
Шыршаға ілетін ойыншықтар. Көрнекі сурет: pixabay

Жаңа жыл мерекесінде жақындарыңызды сыйлық беріп қуантыңыз. Біз барынша қолжетімді әрі пайдалы заттар тізімін ұсындық. Сондықтан ең жақсы деп санаған сыйлықты таңдап алып, Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен қарсы алыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2051146-zana-zylga-zaqyn-zandarga-ne-syilauga-bolady/

pixel