Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылда анаңызға не сыйлауға болады: 2024 жылға арналған 10 идея

Опубликовано:

Сыйлық жасау
Сыйлық қорапшасы және гүл. Көрнекі сурет: pixabay

Жаңа жыл мерекесі – тосынсыйдың жауатын уақыты. Шын ықыласпен берілген сыйлықтың жөні бөлек. Аяулы ананы баласының кішкентай сыйлығы да қуантады. Бұл жазбамызда анаңызға Жаңа жылда беруге болатын 10 сыйлық түрін ұсынамыз.

Жаңа 2024 жылы анаңызға не сыйлауға болады? Жылы көрпе, күләпарасы бар (капюшон) кеңжейде (толстовка), жылы тәпішке немесе термалды саптыаяқ сыйлаңыз. Қолғап пен шарф жиынтығы, робот шаңсорғыш, шоппер сөмкесі, жібек жастық қабы, мысыққа арналған үйшік немесе сурет салуға арналған жиынтық әрдайым бір кәдеге жарайды.

Күләпарасы бар кеңжейде-жамылғы

Анаңыз қысқы кештерде кеңжейде мен жамылғысы бірге тігілген киіммен өзін жайлы сезінеді. Мұндай үй киімі бастан аяққа дейін орануға ыңғайлы әрі қолыңыздағы көзілдірік немесе телефонды салуға болатын үлкен қалтасы бар. Бұл киімді таңдаған кезде жасыл түске басымдық беріңіз, өйткені 2024 жыл Жасыл Ағаш Айдаһарды бейнелейді. Оның қара түсті (қара, қоңыр) ұнатпайтыны есіңізде болсын.

Қыз-келіншектерге арналған Glamour журналы аналар үшін ең басты дүние - көңіл бөлу, құттықтау, құшақтау және шынайы сүйіспеншілік екенін жазады. Ал сыйлық жүректі жылытып, қуанышқа бөлейді.

Жылы көрпе

Жылы көрпе немесе жамылғы - қыстың күні анаға сыйлауға болатын сыйлықтың тағы бір сәнді нұсқасы. Мұндай сыйлықпен қоңыр салқын пәтерде жылы әрі жайлы ұйықтауға болады, себебі ол жылуды біркелкі етіп тұрады. Сонымен қатар мұндай көрпе егде жастағы адамдарға пайдалы болмақ:

  • Тыныш ұйықтау үшін бұлшықеттерді босаңсытады.
  • Әр түрлі невралгиялық жағдайды жеңілдетеді.
  • Ревматикалық ауруларды басады.

Мұндай сыйлық есейген балалардың ана денсаулығына көңіл бөлетінін, олардың жомарттығы мен талғамын көрсетеді. "Энциклопедия подарков и поздравлений" кітабының авторы Катерина Берсеньеваның айтуынша сыйлық ұсынатын кездегі негізгі ұстаным да осындай болу керек.

Үйге киюге арналған жылы тәпішке

Жаңа жылда анаңызға қолжетімді бағада қандай сыйлық беруге болады? Жайлы әрі ыңғайлы үйге киетін аяқ киім жұмыстан шаршап келген анаңызға өте ыңғайлы болады. Мұндай сыйлықты алуға жоғары сынып оқушылары мен студенттердің де ақшасы жетеді әрі бұдан анаға деген қамқорлықты көреміз. Катерина Берсеньева сыйлықтың құны маңызды емес дейді.

Мүмкіндік болса, былғары мен тері бұйымдарын немесе қазақ шеберлерінің киізден жасаған аяқ киімін таңдаған абзал. Тәпішкеде қандай да бір бастырманың болғаны жақсы, әсіресе жыл белгісі Айдаһарға байланысты жасыл, қызыл және алтын тәрізді түстерді үйлестіріп, кестелеп тігілгені болса керемет болады.

Анаңыздың мысығына арналған үйшік

Жаңа жылға анаңызға арнап өз қолыңызбен не жасап беруге болады? Әлбетте мектеп жасындағы бала анасын қолдан жасаған сыйлықтарымен қуантады. Бұл мерекелік ашықхат, қолдан жасалған гүл шоғы немесе үй жануарына арналған жайлы мысық үйшігі болуы мүмкін.

Мұндай сыйлықты дайындау үшін сізге бір (жантайма төсек үшін) немесе екі (үй үшін) қорап қажет. Қорапты поролонмен, киізбен орап, үстіңгі жағын кез келген матамен безендіру керек. Үйшіктің есігі мен терезесінің пішінін жасау шебердің қиялына байланысты болмақ.

Мысық үйшігі
Мысықтарға арналған үйшік. Көрнекі сурет: Freepik

Сандар бойынша салынатын сурет жиынтығы

Оқушы, студент балалар үшін сурет салуға арналған жиынтық құны қолжетімді. Мұндай сыйлықтың ішінде сізге қажет нәрсенің бәрі бар:

  • Кенеп пен жақтау.
  • Кенептегі түс сандары жазылған кескіндеме пішіні.
  • Бояулар, қылқаламдар.
  • Дайын болған суретті ілуге ​​арналған қабырға ілгіші.

Шығармашылық процесс әйел затының сұлулыққа деген құштарлығын оятады. Ал жұмыстың нәтижесі көз қуантады.

Қалпақ, қолғап және мойынорағыш жиынтығы

Қалпақ, қолғап және мойынорағыш (шарф) жиынтығы ересек ұл баланың анасына ерекше талғаммен алатын сыйлығы болып саналады. Бұл қыста киетін жылы қолғап және тоқылған мойынорағыш немесе бандана болуы мүмкін. Ал көктемде киетін киім алғыңыз келсе, қолғап пен жібектен немесе мақтадан жасалған жеңіл, үлкен палантин ыңғайлы. Әйел заты үшін әшекей бұйымдар ешқашан артық болмайды, себебі анаңыз кез келген киіммен үйлестіріп кие алады.

Мұндай жиынтықты таңдаған кезде ең бастысы түс пен фактура үйлесімін ескеру керек. Жасыл, қызыл және алтын реңктегі киімдер Айдаһар жылының түсі екенін ұмытпаңыз.

Бас киім мен қолғап
Тоқылған бас киім мен қолғап киген қыз. Көрнекі сурет: pixabay

Жібектен тігілген жастық тысы

Анаға сыйлық таңдаған кезде оның қолайлы болуын ескеріңіз. Әдетте қыз балалар күнделікті тірлікке ыңғайлы әрі пайдалы сыйлықтарды беруге тырысады.

Пайдалы сыйлықтың бірі ретінде табиғи жібектен тігілген жастық қаптарын айтуға болады. Бұл әдемі сыйлық қана емес, ананың сұлулығына деген қамқорлықты да білдіреді. Табиғи жібек матасы мақтадан жасалған бұйымдарға қарағанда теріге әлдеқайда аз үйкеледі. Мұндай жастық қабы құрғақ немесе бұйра шашқа да пайдалы. Жібек теріге де жақсы әсер етеді. Денеге жағымды мата түнгі ұйқының тыныш болуына әсер етеді.

Робот шаңсорғыш

Сымы мен құбыршегі жоқ шағын робот шаңсорғышты кез келген үй шаруасындағы әйелге көмекші құрал деп санауға болады. Мұндай заманауи бұйым үй тазалауға кететін уақыт пен күш-жігерді үнемдейді. Құрылғының артықшылығы ретінде еденді автоматты түрде тазалау және өз бетінше қуатталатынын айтуға болады. Осындай сыйлықты табысты балалар анасына сыйлай алады. Сонымен қатар Айдаһар да бағалы сыйлықтар жасауға шақырады.

Робот шаңсорғыш
Үй тазалауға арналған робот шаңсорғыш. Көрнекі сурет: pixabay

Қайта пайдалануға болатын жиналмалы сөмке (шоппер)

Шоппер сөмкесі қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне алаңдайтын және осыған ұқсас өнімдерді ұнататын әйелдерге арналған сәнді сыйлық болмақ. Күнделікті ұстап жүруге ыңғайлы сөмкелер жеңіл матадан тігіледі әрі ұзақ уақытқа дейін жарамды. Егер анаңыз күн сайын азық-түлік сатып алуға барса, мұндай шағын сөмке үшін қуанып қалатыны анық. Сөмкені жаңажылдық белгілермен безендіруге болады, ал бағасы студенттер үшін қолжетімді.

Термалды саптыаяқ

Термалды саптыаяқ - бұл мектеп оқушылары мен студенттердің анасын қуанта алатын арзан әрі күнделікті қолдануға арналған сыйлық. Қыстың кешінде анаңыз осындай шыныаяқта шай немесе кофе демдей алады. Онда құйылған сусын ұзақ уақыт бойы суымайды, тіпті алаңдамай тамақ пісіріп, сериал көруге де болады. Бұл саптыаяқтың жылуды ұстап тұратын және сусынды төгіп алудан сақтайтын қақпағы бар.

Алда келе жатқан ағаш Айдаһар жылында ағаштан жасалған әшекейлер мен бұйымдар сыйлауға болады. Алайда берілетін сыйлықтың отпен байланысты болмағаны дұрыс. 2024 жыл иесі өткір иісті де (парфюмерия, хош иістендіргіш, хош иісті косметика) ұнатпайды.

Жаңа жылға арналған сыйлық сол жылдың белгілерімен безендірілсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ал сыйлықта ешқандай белгі болмаса, қасына тоңазытқышқа жапсыратын магнит, салпыншақ (брелок) немесе айдаһардың суреті бар ашық хат қоссаңыз болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2048798-zana-zylda-ananyzga-ne-syilauga-bolady-2024-zylga-arnalgan-10-ideya/

pixel