Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлия Молдағұлова: өмірбаяны, соғыстағы ерлігі мен естеліктері

Опубликовано:

Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова. Фото: Архивтен

Әлия Молдағұлова 18 жасында ерлік жасап, Кеңес Одағының батыры деген ең жоғарғы атаққа ие болды, бірақ өкініштісі, бұл оның өлімінен кейін болған жайт еді. Әлия Молдағұлова өз жұртының санасынан жап-жас өршіл мінезді қазақ қызы ретінде ойып тұрып орын алды, қазақтың қаршадай қызы фашистік жүйемен соғыста ерлік пен қайтпас қайсарлығын көрсете білді.

Әлия Молдағұлова: ерлік пен естелік

Әйелдер мергендер мектебінің алғашқы қабылдау түлегі, ефрейтор Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызы 1943 жылы 23 ақпанда әскери ант берді. Жазда тағайындалып, солтүстік-батыс майдан бригадаларының біріне мерген болып барды.

Сол жылдың қазан айынан бастап 18 жастағы Әлия әскер қатарында болды. Алғашқы кезде кішкентай ғана нәзік қызды жауынгерлік командирі майдан шебіне жіберуден қорыққан. Бірақ ол табандылығын 17 жасында майданға баруға тырысқан кезінде-ақ көрсеткен.

Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова. Фото: YouTube / Чтобы помнили

Енді ол үздік атқыш болып, "От ЦК ВЛКСМ за отличную стрельбу" деген жазу нақышталған атаулы мылтық алды, осылайша өз жолын тапты. Жас мергеннің қамшының сабындай ғана қысқа, бірақ шоқжұлдыздай жанып өткен жауынгерлік жолының жарқын эпизодтарын майдандастары былай деп еске алады:

  • Құрбылары Әлия Молдағұлова қандай қайсар мінезді қыз болғанын жадында сақтап қалған. Ол фашистерді тұтқиылдан тосқан сәтте әр кезде сабыры жете бермейді, ол өз өміріне қауіп төніп тұрса да, атып шығып, "Фриц, көрін көзіме!" деп айғай салатын.
  • Майданда снайперлерге қамқорлық көрсетілетін, бірақ сол снайперлер кейде барлауға да баратын. Әлия шаруа адамының киімін киіп, жаудың орналасқан жеріне кіріп барып, фашисті тұтқынға алатын.
  • Снайпердің оқ атуынан кейін қызыл армия әскеріне жау оқ жаудыратын. Әлия қорықпай, өршіл мінезін көрсетіп, жарақат алғандарды алып шығатын.

Жауынгерлік жағдайда қарапайым қыз өзін осылай танытты, снайперлік есебінде 30-дан аса фашист болды. Осындай жауынгерлік тәжірибесі мен қайсарлығының арқасында ерлік көрсете білді.

1944 жылдың басында Псков облысында жұмыс істеген бригадаға Новосокольники қаласының маңындағы теміржол желісін істен шығару тапсырылған еді. Шешуші оқиғалар 14 қаңтарда болды. Жауынгерлер жаудың шабуылдарына бірнеше рет тойтарыс берді, өздері шабуыл жасауға тырысты, бірақ жаудың күшіне қарсы басымдық ала алмады. Осы сәтте Әлия Молдағұлова көзге түсті:

  • Рота командирі қаза тапқан сәтте ол бірінші болып шабуылға асығып, жауынгерлерді: "Бауырлар, сарбаздар, аттан!" деп, алға бастады.
  • Осы күндері болған шабуылда ол ондаған фашистің көзін жойды.
  • Жол бойында қыз жаудың минометін байқап, оны гранаталармен жойды. Бұл теміржол вокзалына қарай қозғалысты бастап берді. Бірақ Әлия қолын жарақаттады.

Неміс траншеясына жеткенде қоян-қолтық ұрыс басталды, қазақтың өжет қызы мұнда да басқа жауынгерлерден қалыс қалмады. Екінші жарақатын кеудесіне тапанша оғы тигенде алған еді, бірақ ол неміс офицерінің көзін жойып үлгерді.

Әлия Молдағұлова ескерткіші
Әлия Молдағұловаға Новосокольникиде тұрғызылған ескерткіш. Фото: YouTube / История Онлайн

Амал не, осы ұрыс кезінде оның жарасы өлімге әкеп соқты. Әлия Молдағұлованың ерлігі — барлық қазақстандыққа — дала жауынгерлеріне тән қасиет еді, ал жауға деген терең жеккөрушіліктің үлгісі бола білді.

Уақыт өте келе, 1944 жылдың маусымында жауынгерлік ерлігі үшін Әлия Молдағұлова қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алып, Ленин орденімен марапатталды. Екінші дүниежүзілік соғыс даласында ерлікпен қаза тапқан тағы бір қазақ қызының өмірінің тағдырына ұқсас еді: Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова Қазақстан ҰОС батырлары ретінде халық тарихы мен жадына енді.

Молдағұлованың осынау ерлігі туралы естелік Мәскеу, Санкт-Петербург, Астана қалаларында көшелерге аты беріле отырып, мәңгі есте қалды, осы және басқа қалаларда оның құрметіне ескерткіштер тұрғызылды. Қайғылы оқиға орнында мемориалдық кешен, Ақтөбеде музей ашылды. Оның жарқын өмірі кітаптарда, әндерде, фильмдерде және тіпті балетте көрініс тапты.

Әлия Молдағұлова: өмірбаянынан кейбір деректер

Әлия Молдағұлованың өмірі өте қысқа болды. Оның балалық шағынан бастап өмірбаяны өжет мінездің, табандылықтың, қайтпас қайсар өршілдігін қалыптастырды. Батыс Қазақстанның көркем алқабында Бұлақ ауылы орналасқан.

Мұнда 1925 жылы 25 қазанда ержүрек батыр ретінде танымал болған қыз дүниеге келді. Оның әкесі Нұрмұхамбет Сарқұлов текті жерден шыққан. Ол Кеңес өкіметінен жасырынған, отбасын сирек көрген. Анасы Маржан аштық жылдарында екі баланы тамақтандыру үшін күресумен өткен. Далада қалған картопты жинап жүрген жерінде оны күзетші атып өлтірді. Оның ұлы, Әлияның ағасы көп ұзамай қызылшадан қайтыс болды.

Әлия Молдағұлованың бала кезі
Әлия Молдағұлованың бала кезі. Фото: youtube.com/Khabar TANYM

Сегіз жасында Әлия нағашы ағасының отбасында болып, фамилиясын өзгертті. 10 жасында ол ағасы Әубәкір Молдағұловтың отбасымен бірге Мәскеуде болған. Кейін барлығы Ленинградқа көшті, себебі онда Әлияның ағасы оқыған оқу орны ауыстырылған еді.

Отбасы кедей өмір сүрді, сондықтан Әлия 14 жасынан бастап мектеп-интернатқа орналастырылды. Ол өте жақсы оқып, белсенді пионер болды, алғашқы қазақ қыздарының қатарында Артекте демалыста болды.

Әлия Молдағұлова
Әлия Молдағұлова атындағы мектептегі естелік тақтасы. Фото: Wikimedia

Соғыстың алғашқы айларында ағасының отбасы эвакуацияланған еді, бірақ Әлия Ленинградта қалуға шешім қабылдады:

  • Ол қорғаныс бекіністерін салуда жұмыс істеуге мәжбүр болды, түнде үйдің төбесінде кезекшілікке шығып, ғимаратты жанғыш снарядтардан құтқаруға атсалысты.
  • 1942 жылдың көктемінде балалар үйі қоршаудағы қаладан Ярославль облысына көшірілді. Мұнда Әлия жеті жылдықты бітіріп, Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түсті, бірақ ол жерде бірнеше ай ғана оқыды.

Қыз бала майданға асықты, бірнеше рет аттануға арыз да түсірді. Содан кейін Подмосковьеде әйелдерге арналған мергендерді даярлау мектебі құрылған еді. Табанды Әлия Молдағұлова осы мектеп оқушыларының бірінші тобында болды.

Ол асқан қызығушылықпен әрі зор құлшыныспен оқыды, жауынгерлік қаруды, тактиканы, топографияны игерді. Мергенге қажет ептілікті, төзімділікті, шыдамдылықты дамытатын жаттығуларға көп уақытын жұмсады. Бұған күніне 15 сағатқа дейін уақыты кететін. Ал бос уақытында, түнде Әлия ағаштарға өрмелеуді үйренді, өйткені ол жазық далада өсіп, мұндай дағдысы болмаған еді.

Әлия Молдағұлова мергендер мектебінің үздік түлектерінің бірі болды, оған нұсқаушы болып қалу да ұсынылған. Бірақ оның мақсаты басқа еді: қыз әлі де елге шабуыл жасаған жаулармен күресуге асықты. Сондықтан 1943 жылдың қазан айынан бастап ол белсенді армияда болып, өзінің қысқа даңқты жауынгерлік жолын бастады.

Әлия Молдағұлова енді ғана ересек өмірге аяқ бастаған сәтінде өмірімен қош айтысты. Қыздың жауынгерлік формадағы суреті әркімнің де жүрегінен орын тапты: әдемі, жас әрі өжет қыз өз елі мен халқын сүйіп, өзінде бар жалғыз өмірін сол елі үшін қиып, құрбан болды.

"Хабар" телеарнасының "Жауқазын ғұмыр" деректі фильмінде Әлия Молдағұлованың нағашы сіңілісі Ария Хабиева Әлияның соғысқа аттанар сәттегі отбасындағы жағдайды баяндап берген.

"Сол уақытта Әубәкір ағамыз әкеме "Әлия неге тыңдамай, соғысқа аттанғалы жатыр? Снайперлік мектепті бітірді, енді соған сен айтуың керек. Соғысқа бармасын деп үгіттеуің керек. Ол босқа қаза болып, біз үшін обал болады" деген.

Әлия шынымен әкемді авторитет көрген. Тыңдайтын болған. Бірақ майданға аттанған Әлияны әкемнің қызметтестері қай вагонда жүргенін таба алмады. Әкем қайтқан күніне дейін өкініші болып, осы кезді айта беретін", - дейді деректі фильмде Ария Хабиева.

Алайда, Әлия Молдағұлова Калинин облысы, Локнинск ауданы Казачиха селосы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Кеңес одағының батыры атағы берілгені туралы куәлік
Кеңес одағының батыры атағы берілгені туралы куәлік. Фото: youtube.com/Khabar TANYM

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2059591-aliya-moldagulova-omirbayany-sogystagy-erligi-men-estelikteri/

pixel