Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оразада сәресін қалай ішу керек: аузы берік адам ескеруге тиіс 5 ереже

Опубликовано:

Шай ыдыстары
Шай құятын ыдыс пен шам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Рамазан айын пайдалы өткізу үшін күн тәртібі мен ас мәзірін алдын-ала қамдаған жөн. Себебі адам ағзасы оразаның алғашқы күндерінде жаңа тәртіпке үйреніседі. Бұл жазбамызда ораза кезінде сәресін қалай ішу керегі жайлы кеңестерді ұсынамыз.

Ораза жайлы

Қасиетті Құран Кәрімдегі "Бақара" сүресінің 185-аятында:

"Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді", - делінген.

"Ислам ғылымхалы" кітабында ораза туралы мынадай анықтама берген:

Оразаның сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау. Шариғат терминінде ораза – ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы. Ораза белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.

Сәресі туралы қандай хадистер бар?

Әнәс бин Мәлик (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

"Сәресіге тұрыңдар, сәресіде береке бар".

Ал Амр ибн әл-Ас жеткізген хадисте:

"Біздің оразамыз бен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресіде" - делінген.

Тағы бір хадисте:

"Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді", - дейді.

Оразаның сәресіне байланысты нені ескеру керек?

Сәресін кешіктіріп ішу

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: "Менің үмметім сәресіні кешіктіріп, ауызашарға асыққан сайын әрдайым жақсылықта" - дейді. Яғни, сәресін мейлінше таң намазының кіруіне аз уақыт қалғанда ішіп, ауыз бекіту ләзім дейді ислам ғалымдары. Әдетте сәресін таң намазының басталуына 10 минут қалғанға дейін ішеді.

Сәресін міндетті түрде ішу

Сәресінің ағзаға пайдасы мол. Сәресі қаншалықты құнарлы әрі пайдалы болса, адам өзін күні бойы жақсы сезінеді. Сәресін ішкен адам мен ішпеген адамның күндізгі халі екі түрлі болады. Өйткені сәресін ішу денсаулыққа пайдалы әрі оразаны жеңілдетеді. Бұған мына хадисті мысал етуге болады:

"Сендер өздеріңе түнгі намазға тұру үшін түсте ұйықтап, күндіз ораза ұстауларың үшін сәресі ішіп көмектесіңдер!"

Құрма жеу

Алла Елшісі: "Құрма – сәресіге нендей жақсы" - деген екен. Сондықтан сәресінде құрма жеу өте пайдалы.

Құрмамен ауыз ашудың да пайдасы зор. Бұған қатысты Алла Елшісінің:

"Кімде-кім ауыз ашар болса, құрмамен ашсын, себебі құрмада береке бар. Егер құрма болмаса, сумен ашсын, себебі ол тазартушы", - деген хадисі бар.

Құрма жемісі
Ыдысқа салынған құрма жемісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құлшылық жасауға уақыт бөлу

Сәресінен соң лезде ұйқыға кетпеген абзал. Құран оқып, дұға етуге, зікір айтуға уақыт бөлу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытты үнемді пайдалануға аса мән берген. Сондықтан мұсылман баласы өз уақытына ұқыпты қарауға тиіс. Әсіресе берекелі саналатын таңғы уақыттың маңызы зор.

Пайдалы тағамдар жеу

Ауыз бекіткен адамның құрамында протеині мол тағамдарды жегені абзал. Мысалы асылған ет, жұмыртқа, қаймақ, сүзбе, сүт және ірімшік пайдалы. Сонымен қатар көбірек су ішу қажет. Бұл туралы muftiyat.kz сайтында жарияланған "Сәресі мен ауызашар" жазбасында жазылған. Ас мәзірінен кептірілген ет, шұжық, тәттілерді азайтқан жөн. Себебі мұндай тағамдар күндізгі уақытта шөлдетеді.

Ораза кезінде ұннан жасалған, майлы, қуырылған және ащы тамақтардан бас тартқан жөн. Оның орнына жеміс-жидектер мен көкөніс, майсыз тағамдар жеген абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2064861-orazada-saresin-qalai-isu-kerek-auzy-berik-adam-eskeruge-tiis-5-ereze/

pixel