Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Наурызға бата: ең мәнді әрі әсерлі баталар топтамасы

Опубликовано:

Бата тілеген ер адам. Көрнекі сурет
Бата тілеген ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бата – ұлттық болмысымыздың ажырамас атрибуттарының бірі. Бас мерекеміз Наурыз кезінде айтылатын бата-тілек көп. Редакция осы күні айтылатын баталар топтамасын ұсынады.

Жаңыл Нұралиева құрастырған "Қазақтың бата-тілек, өсиеті" жинағында Наурыз батасы ұсынылған:

Наурыз батасы

Ниеттерің ақ болсын,

Наурыздың ақша қарындай.

Бастарыңа бақ қонсын,

Шаштарыңның барлық талындай!

Санасы асып адамның,

Көңілде кір қалмасын.

Құты қашып жаманның,

Жақсы тапсын жалғасын.

Тыныш болсын даламыз,

Түгел болсын нуымыз.

Таза болсын ауамыз,

Тұнық болсын суымыз.

Қайғы-уайым жоқ болсын,

Оралмасын кез өгей.

Ырысымыз көп болсын Бүгінгі наурыз көжедей!

Сол жинақта Марабай Құлжабайұлының батасы деп берілген нұсқа бар:

Сөйле дедің біздерге,

Біз сөйлейік сіздерге.

Кімдер бар да, кімдер жоқ,

Келесі наурыз, күздерге.

Қарағай басы қу болар,

Жау белгісі ту болар,

Ел ішінде жалғыздың

Көкірегі шер болар.

Атадан туған ұл болар,

Анадан туған қыз болар.

Су қатайса, мұз болар,

Жас өтіп, жылың күз болар.

Күз өткен соң не болар,

Аязды ақпан қыс болар,

Өткен өмір адамға

Ұйқыда көрген түс болар.

Асып туған жақсының,

Ақыл-ойы кең болар.

Ел аузында сөз болар.

Атадан жаман туғанның,

Ақыл-ойы кем болар.

Сөз кезегін берген соң,

Сөйлеп өткен жөн болар.

Жиналып бəрің келіпсің

Алқалаған əлеумет,

Жақсы көрген құрбының

Қуанышты тойына.

Той қызықты болады,

Ортасы толса ойынға.

Ойын түрі басталса,

Сый-сипаты тасталса,

Қыз бен жігіт қосылып,

Қоңырлатып əн салса.

Домбырадан күй төгіп,

Балаусадай балқытса,

Құйқылжытып қалқытса.

Той қызықты болады,

Табақ тартса сəнімен.

Өлең айтса келісер,

Тамылжыған əнімен...

Ал той-думанды ұнататын қазақтарға қуаныш үстінде мынадай бата жасалған:

Той-тойға ұлассын,

Тойдан кенде қылмасын!

Өлең-жыр боп күндіз-түн,

Ауыл-аймақ жырғасын!

"Қазақтың бата-тілек, өсиеттері өмірдің мəнін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты тереңірек түсініп, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге талпындырады. Адамдардың ой-өресін арттырып, көңіл көкжиегін кеңейте түсуге септігін тигізеді. Ендеше ел-жұртқа берері мол бата-тілек, өсиеттеріміз туған халқымызбен бірге жасай бергей деп тілейік", - делінген "Қазақтың бата-тілек, өсиетті" жинағында.

Этнограф Болат Бопайұлы "Наурызнама" еңбегінде Наурызға байланысты бата-тілектерді де мысалға келтірген. Наурызда бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі.

Уа, Құдайым оңдасын,

Жаманшылық болмасын!

Әруақ біткен жар болып,

Қызыр бабам қолдасын.

Аман сақтап төл басын,

Еккен егін солмасын.

Орта толып ырысқа,

Бейбіт өмір орнасын.

Бостандықтың ордасын,

Періштелер қорғасын.

Бесіктегі бөбектің

Бақайшағы тоңбасын.

Ұлыс күні ұл мен қыз

Тайпалдырсын жорғасын.

Көш бастаған көсемдер

Өрге тартсын арбасын.

Сөз бастаған шешендер

Әділдіктен танбасын.

Көл жиналып тамшыдан

Теңіз толсын қаңсыған.

Атамекен тазарып

Асығы түссін алшыдан.

Құт-береке кетпесін

Диқан менен малшыдан.

Бақыт ашып қақпасын,

Мәңгі бақи жаппасын.

Пәле-жала елімді,

Іздесе де таппасын.

Әумин!".

Сондай-ақ, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың батасы бар:

Қарық қып құтты Наурыз, Қазанға толсын сары уыз. Қайнасын Наурыз көже де, Толтырып ішкей кезеңе. Ұлыстың ұлы күнінде, Көппенен бірге күлімде. Көбейсін жаңа достарың, Молайсын елге қосқаның. Жарасып көңіл хоштығы, Бекісін халық достығы. Ішінде жүрсе азғана, Шайылсын өкпе, наз-нала. Алдыға сыймай сәбилер, Құшағын жайсын жаңа үйлер. Жастардың самсап отауы, Мейірім төксін Отаны. Әспеттеп ата дәстүрін, Әсем боп өссін жас буын. Кірбің тартпасын кәрілер, Барыңның дәмді нәрін бер! Дүрлеген Қазақстанға Таңғалсын дос та, дұшпан да!

"Түркі халықтарының халық әдебиеті үлгілері" атты он томдық еңбегінде ресейлік шығыстанушысы, этнограф Василий Радлов бірнеше батаны келтіріп өткен. Жинаққа Радловтың өз қолымен жинаған қазақ фольклорының тұрмыс-салт жырлары, эпос, ертегі, аңыздар, қиссалар сияқты жанрлық түрлері топтастырылған. Олардың ішінде "Абылай", "Кенесары" жырлары, діни қиссалар сияқты бұрын тыйым салынған шығармалар бар.

Сол баталарды ұсынсақ:

Құдайым жарылқасын!

Бай қылсын!

Төрт түлігің сай қылсын

Кетпес дәулет берсін!

Кең бейіл берсін!

Құрмалдығың қабыл болсын!

Тілегің дұрыс болсын!

Мұрадың асыл болсын!

Тілеген тілегіңізді берсін!

Аллаһы акпар!

Әумин! – бата берейін,

Жақсылықты терейін.

Жаңа жылда жараңдар

Үстем болсын мерейің!

Жақсылыққа бас болып,

Ауылымызда ас болып,

Келген Наурыз құт болсын!

Сондай-ақ Наурыздағы көрісуде айтылатын қысқа тілектер бар. Солардың бірінде былай деп келеді:

Жасың құтты болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле - жала жерге енсін!

Тағы бір қысқа қайыратын бата-тілек мынадай:

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Азаматта әл болсын!

Атымызда жал болсын!

Түйеде қом болсын,

Қара малда қоң болсын,

Ұсақ малда шел болсын!

Сапар шексең жол болсын!

Әумин!

***

Ұлыстың ұлы күніне ақ бата:

Ескі асымен есіркеп,

Жылқы жылы жылысса,

Жаңа асымен жарылқап,

Қой кіреді ұлысқа.

Әумин, бата берейін,

Жақсылықты терейін.

Жаңа жылда жараңдар,

Үстем болсын мерейің!

Жақсылыққа бас болып,

Алдымызға ас болып,

Келген наурыз құт болсын!

Берері тағы жұп болсын!

Бұлақ болсын сылдырап,

Төрт түлік мал қанатың!

Сәби болсын былдырап,

Құшаққа ана алатын!

Төл болсын да мол болсын

Өріс малға толатын!

Айдын шалқар көл болсын,

Жағалай ел қонатын!

Ізгілікке қол беріп,

Жүгінейік ақылға.

Араздыққа жол беріп,

Отырмайық тақырға!

Наурыз жыры

Қаһарлы қыспен мызыстан

Тайталасып жұлысқан,

Наурыз күні күлімдеп,

Шықты бүгін шығыстан.

Қарға қалған тұншығып,

Жанданады тіршілік.

Әр өткен соң тоқтау жоқ,

Аспаннан әуез үн шығып,

Наурыз үні көктемнің.

Қар ұйықтамай, білдірер

Жақсылықтың жеткенін.

Күн ұзарып, күн кеміп

Ағаш түлер бүрленіп.

Күн - түн сайын жасарар,

Ұлы дүние түрленіп.

Құшақтасып, көрістік,

Қуанышты бөлістік.

Еміренген ел ыстық.

Еміренсін күн нұры,

Бусандырып жер бетін!

Жермен елдің тірлігі,

Ел де өзгертсін келбетін

Жермен бірге жаңарып,

Көңілде кір қалмасын!

Сырттағы жау жаланып,

Жағаға қол салмасын!

Есіктен кірген емініп,

Төр менікі демесін!

Еңістен келген тебініп,

Өр менікі демесін!

Көктен жаңбыр себелеп,

Көк орай шалғын жетілсін!

Наурыз нұры жебелеп.

Жамандықты кетірсін!

Наурызбенен жаңарсын,

Тәніміз бен жанымыз!

Жақсы негіз қалансын,

Жарасып ән, сәніміз!

Әумин, аллауакбар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2064902-nauryzga-bata-en-mandi-ari-aserli-batalar-toptamasy/

pixel