Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тойға бата: қуанышта, басқосуда айтуға болатын бата-тілек түрлері

Опубликовано:

Жас жұбайлар
Жас жұбайларға бата берген қария. Көрнекі сурет: massaget.kz

Бата дәстүрлі қазақ мәдениетінде ертеден келе жатқан ұғымдардың бірі. Әдетте батаны көпшілікке де, жеке адамға да арнап береді. Көпшілік алдындағы батаны көбіне елге сыйлы, жасы үлкен ақсақал көпшіліктің атынан үй иесіне және жиналған қауымға арнап айтқан. Бұл жазбамызда тойда айтылатын бата түрлерін ұсынамыз.

Бата ақ тілек, ізгі ниетпен береке-молшылық, амандық-саулық, жақсылық тілеп, жалбарыну түрінде айтылады. Бата ерекше қасиетті деп саналған.

"Қазақ салт-дәстүрлері" кітабында: "Бата бүгінгі күні тек алғыс, тілек ретінде қолданылып жүр. Алайда алғыс-тілекті кез келген адам айта алады, ал батаны ертеректе тек батагөй қариялар, ақсақалдар берген", - делінген.

Қазақ халқы бата арқылы Жаратушыға жалбарынып, ықпал етуге болады деп түсінген. Этнограф ғалым А.Васильев 1905 жылы Орынборда жарыққа шыққан "Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий" деген мақаласында:

"Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі", - деп жазған еді.

Тойға арналған баталар топтамасын tilek.turkystan.kz, ketpe.com, bilim-all.kz сайттарын негізге ала отырып ұсынамыз.

Тойға арналған қандай бата түрлері бар?

Тойға бата

Әуелі құдай оңдасын!

Тойың-тойға ұлассын!

Ризығың мол болсын,

Тойларың құтты болсын,

Ұл-қыз бақытты болсын!

Жұлдызы жоғары болсын,

Риза болсын мейманың,

Орнына келер жинағың,

Көпшіліктен бата алсаң,

Мұратыңа жетерсің,

Жомарттық қылсаң тірлікте,

Қуанышпен өтерсің.

Ықыласқа тойдық біз.

Шақырған соң келдік біз,

Келмек – сүннет,

Қайту – парыз.

Тойыңыз тойға ұлассын,

Келген ізбен қайтамыз,

Әумин, Аллаһу әкбар!

***

Әумин десең маған,

Берейін бата саған.

Қатарыңның алды бол

Тең құрбыңның туы бол.

Қайырлы болсын тойларың,

Орындалсын ойларың

Гүлге толсын өңірің,

Көңілді өтсін өмірің.

Асқа толсын табағың,

Ашық болсын қабағың.

Бола берсін тойларың,

Аман болсын отбасың.

Жүзге жасың жеткенше,

Жағың төмен түскенше,

Болмай өтсін арманың.

Баталы құл арымас,

Көп бата сауап алғанның

Бағы кеміп сарқылмас.

Әумин, Аллаһу әкбар!

Бата берген қария
Жиналған қауым және бата берген қария. Көрнекі сурет: el.kz

Ақылың ассын,

Ықыласың тассын,

Балаң үбірлі болсын,

Қызың шүбірлі болсын,

Жақының көп болсын,

Дұшпаның жоқ болсын,

Жақсы келсін қасыңа,

Нұр жаусын басыңа,

Көшің көлікті болсын,

Қонысың түлікті болсын.

Қатулықтан аулақ бол,

Татулыққа жақын бол.

Дәуренің сәнді болсын,

Ғұмырың мәнді болсын.

Таңың азанды болсын,

Үйің қазанды болсын,

Шаңырағыңа құт құйылсын,

Дастарханыңа жұрт жиылсын,

Әумин!

***

Уа, Жаратқан, жарылқа,

Бақ-дәулетін аумас қыл!

Ала ауыздан алас қыл,

Қарғағаннан қалас қыл!

Ниеттері ақ болсын,

Бейнеттері пәк болсын!

Өрендерің ер болсын,

Отырғаның төр болсын,

Көре алмаған бағыңды,

Сындыра алмай сағыңды,

Қара ниет дұшпаның,

Бетін басып жер болсын!

Қонысың өрісті болсын,

Еккенің келісті болсын.

Еңбегің жемісті болсын!

Жарың жібектей болсын!

Өнерің өрлей берсін,

Өмірің төрлей берсін!

***

Құрдасыңа – қуаныш бол,

Сырласыңа – сынық бол,

Жылағанға жұбаныш бол,

Туысыңа тұнық бол.

Татулыққа – тамаша бол,

Ықыласқа – иық бол,

Ана алдында аласа бол,

Ар алдында биік бол.

Әумин!

***

Аяңда, аяңдасаң, қаракердей,

Сөз таптық қапияда қайлалы ердей.

Той бастап жолдық енді алғаннан соң,

Біз сонда кетеміз бе бата бермей!

Әуелі бір Құдайым басын берсін,

Екі елі ұзақ ғұмыр жасын берсін.

Дұғамыз мүшәуратта қабыл болып,

Шын күміс, алтын аяқ тасын берсін!

Онан соң бір Құдайым бақыт берсін,

Дәрәжә, өзіңізге тахит берсін.

Дұғамыз мүштәрәкта қабыл болып,

Он жігіт күзетшіге сахит тұрсын!

Онан соң бір Құдайым миды берсін,

Үстіңе ақ күмбездей үйді берсін.

Үстіңде ақ күмбездей үйің болып,

Ішіне лайақаттап күйді берсін!

Жиһазын ақ ордаңда толып тұрсын,

Үйіңе қонақ-қопсың қонып тұрсын.

Терісін бес биенің саба қылып,

Қымызың жүз кісіге болып тұрсын!

Самаурын төрт-бес жерден қайнап тұрсын,

Бұлбұл құс тұғырымда сайрап тұрсын.

Үстінде түркпен кілем жабуменен,

Белдеуде төрт бедеуің ойнап тұрсын!

Ақ отау ойға тіккен қырға қонсын,

Ақ жүзің алақандай нұрға толсын.

Мүстәжәп менің батам қабыл болса,

Үйіңе Қыдыр ата келіп қонсын!

Қара су мал жериді лайынан,

Тілей көр күнде тілек Құдайыңнан.

Мал-басың дәулетіңмен бірдей өсіп,

Бір Құдай айырмасын жұбайыңнан!

Шырағым, қадірлі екен қара басың,

Ауызға бал татиды берген асың.

Мүстәжәп менің батам қабыл болса,

Алдыңнан ақ күн туып, жарылқасын!

Ақсақал мен қыз бала
Атасының немересіне бата беру сәті. Көрнекі сурет: avestnik.kz

Жастарға, жас жұбайларға қандай бата беруге болады?

Иә, Құдайым жарылқа

Жарылқағанның ішінде ет,

Екі аяғын есен ет,

Төрт бұрышын түгел ет,

Пәле-жаладан аман ет.

Сақтағайсың саламат.

Аузы қанды бөріден сақта

Аяғы қанды ұрыдан сақта.

Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта,

Төрде отырып шіренгеннен сақта.

Байлық пенен бақ беріп,

Құрбысының алды ет.

Көл ет, көп ет,

Көлді мамыр ет.

Не тілегенін әзір ет

Досты Аллаһ бездірме,

Сүйген көңілін үздірме.

Дүние үшін қызығып,

Кейін қалып кездірме.

Тілек тілеп Аллаһтан

Біреуге көзін сүздірме.

Әумин, Аллаһу әкбар!

***

Қуаныштың тұрағы бол,

Ұлан істің бұлағы бол.

Мерекенің құрағы бол,

Мейірімнің шырағы бол.

Сабырлылықтың сыңары бол,

Пәк үлгінің шынары бол.

Туырлықтың тұмары бол,

Тұлғалы ұлттың құмары бол.

Әумин!

***

Қуаныш қайырлы болсын,

Жастар абыройлы болсын.

Уайымдары жоқ болсын,

Көңілдері тоқ болсын,

Адал еңбек арқасында

Табыстары мол болсын.

Алақандары ашық болсын,

Өмірге машық болсын!

Күйбең қалып кейін қалмай,

Жаңалыққа ғашық болсын.

Ұрпақтары ер болсын,

Кемеңгерлермен тең болсын.

Оларды көре алмағандардың

Бедел-берекеті кем болсын.

Әумин!

Қазақтың батасы ғибратты сөзге толы. Әрбір сөздің астарында үлкен мән-мағына, даналық пен шынайылық жатыр. "Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер" деген сөздің мәні де осында болса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2069955-toiga-bata-quanysta-basqosuda-aituga-bolatyn-bata-tilek-turleri/

pixel