"Қос алқа", "Келіншек": балаларға үйренуге жеңіл ең танымал күйлер және олардың тарихы
Жарияланған күні:
Дәулескер күйші-композитор Секен Тұрысбековтің "Күй аударманы қажет етпейді, тек адамда көкірек көз, құлақтың саңылауы болса болды" дейтіні бар. Әрбір жанды елітіп әкететін күй құдыреті жайлы көп айтылып, көп жазылған. Алайда күй тартуды үйренуге болатын кеңестер кемде-кем. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тартуға ең оңай деген күйлердің тізімін ұсынуды жөн көрдік.
Күй сөзі қайдан шыққан?
Күйші, күй зерттеушісі Рүстем Нүркенов шолу мақаласында Ахмет Жұбановқа ағасы Құдайберген Жұбанов жазып берді делінген ғылыми мақаласындағы күй сөзінің мән-мағынасына назар аударған. Сол мақаласында "күй" сөзінің этимологиясын былай деп түсіндіреді:
"Ғалымның негізгі мамандығы лингвист болған соң, сөздің төркінін табуға тырысуы – қалыпты ұмтылыс. Сондықтан Құдайберген Жұбанов "күй" сөзінің мағынасын табуға тырысқан. Әуелі "Қазақта күй түрінде айтылған сөз шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде "көк" болып айтылуға тиіс" деп болжайды. Кейін әріптік өзгерістер ұшырайтын сөздерді мысалға алып, лингвистикалық ерекшеліктер жайлы жазып, бір тоқтамға келеді. "Соған қарағанда қазақтың күй сөзі ол кезде "көк" түрінде болып, ән-күй мағынасында қолданылғандығы көрінеді", - дейді".
Күй қалай пайда болған?
Зерттеуші бұл жарияланымда Құдайберген Жұбановтың күйдің пайда болу тарихын зерттеу үшін бірнеше материалды пайдалануымыз керек деген мынадай аспектілерді айтып өтеді.
"Бірінші – біздің музыкамыз жайында түрлі мәдениетті елдердің жазып қалдырған тарихи деректері; екінші – халықтың музыкаға байланысты тарихи идеологиясы; үшінші – сол идеологияның бірі болған тіл материалдары. Тіл материалдары дейтініміз – түрліше музыка терминдері, бұлармен басқа сөздердің мағынасының арасындағы байланыстар; төртінші әрі ең маңыздысы – музыканың өз материалдары.
Халық музыка шығармаларының, күйлердің өзінің ішкі құрылысын тексеру; бесінші – осы жоғарыда айтылған материалдарды топтағаннан кейін, қазақтың халық музыка шығармаларын басқа жұрттың шығармаларымен салыстырып, солармен арасындағы байланысын, бір-біріне жасаған ықпалын, бірімен-бірінің араласып айқасқанын тексеру".
Жалпы күйдің шығуы қазақтың синкреттік өнерінде, яғни қобыз, домбыра сияқты аспаптардың шығуымен байланыстырылады. Ал мәселен қобыз – VIII ғасырдан, Қорқыт ата заманынан келе жатқан қазақ халқы үшін киелі аспап. Бұған дейінгі мақаламызда домбыраның ежелгі шығу тегі бар және оның тамыры жазу пайда болғанға дейін тереңге кетеді деп жазған едік. Мәселен, түрлі деректе тіпті 6 мың жылдық тарихы туралы айтылады. Демек, күйдің де шығу тегі ерте замандардан бастау алады.
Үйреніп алуға оңай күйлер
"Кеңес" күйі
Халық арасында "Кеңес" деп аталатын күй ең оңайы деп айтылады. Бұл күй үйренуге де, жаттап алуға да өте қарапайым.
Бегімхан Керімханұлы "Қазақ әдебиеті" газетіндегі мақаласында "Кеңес" күйінің шығу тарихы туралы жазған.
Автордың айтуынша, "Кеңес" сөзінің күй атауына айналу себебін бағзы замандардан іздейміз. Ғұндардың арғы ата-бабасы, Шоң би заманынан бастап үш мың жылдық көшпелілер тарихында ру-тайпа көсемдерін кеңесте сайлаған. Ең маңызды мәселелерді кеңесіп отырып шешкен. Бұған Моде тәңір құтының "жүйрік аты" туралы аңызы, Түрік қағанаты көсемдерінің кеңестері, Қазақ хандарының кеңесі, "үш би кеңесі" атанған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би жиыны тағы басқа толып жатқан тарихи мәні зор кеңестер мысал болады. Көне күйлердің қай-қайсының да аты жайдан-жай қойыла салмаған. Қай күйді алсақ та, шығу төркінінде тарих ізі сайрап жатқанын көреміз. "Кеңес" атына ие болған күйлердің халық күйшілерінің жадында сақталған ондаған түрі кездеседі. Әрі әр нұсқасы бір-біріне ұқсамайды. Бұл күйлер сыбызғы мен домбырада көбірек тартылады.
"Өңір-өңірге кеңінен тараған «Кеңес» атты күйлерді орындаушылар – ел ағасы билер мен батырлар, хандар (Мөңке би, Абылай хан, Бейсембі би, Қожеке, т. б) болып келеді. Бұл күй түрлері көбіне үлкен жиында, тарихи оқиғалардың шиеленіскен кезінде тартылған", - деп келтіреді деректерді Керімханұлы.
"Қос алқа" күйі
Бұл - қазақтың аса көрнекті күйші-композиторы Дәулеткерей Шығайұлының ең танымал күйлерінің бірі. Қазіргі таңға дейің оның шығу тарихы нақты белгісіз, бірақ кей деректер көзі бойынша, Дәулеткерей – еңбегін Құрманғазы қонаққа келген сәтте жазған делінеді.
Құрманғазыны күтіп, бірге еттен тойып алған соң, екі композитор далаға шығады. Соңда Құрманғазы былай дейді: "Сіздің сыршыл да сезімтал күйлерінізді естіп жүрміз. Саржан келінініздің де жүрісіне, сылдыр қаққан сырғасы мен алқасына бір күй шығарыңызшы", – дейді. Сол сәтте отыра қалып автор күй тартады. Осы күй ел арасында таралып кетіп, оны "Қос алқа" деп атап кетеді.
"Келіншек" күйі
Тез жатталатын әрі оңай күйлердің тағы бірі - халық күйі "Келіншек". Бұл күйде келіншектің билегені және оның сұлулығы зор шеберлікпен көрсетілген. Күйдің қағысы алма кезек және ПVV. Күйдің екпіні тездете, көңілді, жеңіл. Күйдің өлшемі 6/8. Бұл күйде төрттік және сегіздік дыбыс ұзақтықтары бар. Күйде репризалар көп кездеседі.
Алайда бұл күйді 17-ғасырда өмір сүрген қазақ халқының сазгері Байжігіттің "Келіншегімен" шатастырмау керек. Қыз-келіншектердің сұлу көркі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы сияқты қасиеттерін суреттейтін күй болғандықтан, кейде қос күйді шатастырып алуға болады. Алайда біздің айтпағымыз - халық күйі "Келіншек", оның орындалуы оңай әрі тез жатталады:
"Балбырауын" күйі
Бұл күй – Құрманғазының қазақ халқына қалдырған асыл мұраларының бірі. Күй от жалындай қызу мен дүрілдеген екпінге, делебеңді қоздыратын жігерге толы. "Балбырауын" күйін 1936 жылы композитор Брусиловкий "Ер Тарғын" операсының финалында қырық кісі орындаған биге музыка етіп пайдаланған.
Ол кейін өзінің "Сарыарқа" атты симфония-сюитасында "Скерцо" бөлімі етіп енгізді. 1938 жылы "Қайта туған Қазақстан" атты симфониясының "Скерцо" бөлімінде пайдаланған. Бүгіндері күйдің екі нұсқасы бар. Оның қарапайым түрі бар:
"Балбырауын" күйінің тарихына келсек, күйді Құрманғазы Браун деген әлде графтың, әлде дворянның балына арнап шығарған екен деген қате пікір бар. Шынтуайтында бұл атауы кәдімгі "балбырау", "балбырату" деген мағынаны білдіреді. 2014 жылы музыка зерттеушілері Құрманғазының әр күйінің дерлік тарихы, кейіпкері бар екенін айтып, Qazaqstan арнасындағы "Телқоңыр" бағдарламасында түсіндірген еді. Олардың сөзінше, "Құрманғазының әр күйін алып қарасақ, онда жеке басынан өткен тағдырды көруге болады".
"Ерке сылқым"
Әбдімомын Желдібаевтың "Ерке сылқым" күйі көптеген домбыра үйірмесінде жаттауға оңай болғандықтан біріншілердің қатарында үйретіледі. Әбдімомын Желдібаев қазақтың атақты күйші-композиторы.
"Ерке сылқым" күйінің тарихы туралы әңгіме көп. Нақты бір сұлуға арналған дейтін көп әңгіменің қайсы рас, қайсы өтірік екенін анықтау қиын. Алайда автордың өзімен сұхбаттасқан Айдана Шотбайқызының келтірген дерегі бойынша, Желдібаев "Ерке сылқымды" 20 жыл толғатып жүрген.
"Осынша уақыт сыртқа шыға алмай, ішімде жүрді. «Қалай бастаймын? Қалай жазамын? Қалай қыламын?" деп толғандым", - дейді ол сұхбатында.
Аты айтып тұрғандай, бұл күй қыз баланың мінезіне, сұлулығына арналған. Бір қызығы, атақты күйдің тарихын білу, оны мәңгі есте сақтау мақсатында осыдан 16 жыл бұрын Шу қаласындағы күре жолдың бойына "Ерке сылқым" ескерткіші орнатылған екен.
Күй кейіпкері – қазақ аруының бейнесі сомдалған ескерткіш күй өнеріне тұрғызылған ғажайып белгі. Композицияда толқын үстінде тұрған, қазақтың дәстүрлі киімі киген қыз бейнеленген. Қолында және айналасында көгершіндер ұшып жүр. Ескерткіштің қаңқасы темірден жасалып, сыртынан бетонмен қапталған. Мүсінің биіктігі 2 метр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2075985-qos-alqa-kelinsek-balalarga-uirenuge-zenil-en-tanymal-kuiler-zane-olardyn-tarixy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.