Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тайқазанды отанына қайтарған: мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі, елге сіңірген еңбегі

Опубликовано:

Өзбекәлі Жәнібеков
Өзбекәлі Жәнібеков бейнесі. Көрнекі сурет: sn.kz

Қазақ мәдениеті үшін Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі ерен. Көрнекті мемлекет қайраткері Тайқазанды елге кері қайтару үшін қиын жолдарды бастан кешкен еді. Тау тұлға елдегі музей ісінің дамуына өз қолтаңбасын қалдырды. Бұл жазбамызда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртқан Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен елге сіңірген еңбегі жайлы айтамыз.

Қиындыққа толы балалық шақ

Өзбекәлі Жәнібеков қай жылы дүниеге келген? Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген. 1998 жылы 24 ақпанда дүниеден өткен. Саналы ғұмырын қазақ еліне қызмет етуге арнады.

Әкесінен ерте айырылған бала соғыстан кейінгі қиын жылдарды өткеріп, қара жұмысқа ерте араласты. Ол аурушаң анасына көмектесіп, мал бақты, шөп жинап, отын шапты. Балалық шағы онсыз да ауыр өткен Өзбекәлі небәрі сегіз жасында анасынан да айырылады.

Жетімдіктің қамытын ерте киген баланы өмірдің сынақтары сындыра алған жоқ. Ол жоқшылық көрсе де, білім алуға ұмтылады. Өзбекәлі Жәнібеков қайда білім алған? Білімге деген құштарлығының арқасында Өзбекәлі Жәнібеков Абай атындағы Қазақ педагогика институтының студенті атанады. Дегенмен қалада да таршылық қыспай қоймайды. Соның салдарынан ол күндіз сабақ оқып, кешке қарай қара жұмыс істеп, вагондардан жүк түсіретін.

Еңбек жолы

Өзбекәлі Жәнібеков еңбек жолын қай жерден бастаған? Институтты үздік бітірген Өзбекәлі Жәнібеков алдымен оңтүстікке оралып, мектепке жұмысқа орналасып, тарих пәнінен сабақ бере бастайды. Білікті ұстаз бірден көзге түсіп, оқу ісінің меңгерушісі болады. Қоғамдық шараларға белсене атсалысады. Осылайша аудандық комсомол ұйымының жетекшісі қызметіне дейін көтеріледі.

Жұмыс барысы
Өзбекәлі Жәнібеков. Көрнекі сурет: massaget.kz

Қазақтың кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаев Өзбекәлі Жәнібеков туралы былай деген:

Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, Тәуелсіз даму жолына түсуіне Өзағаның сіңірген еңбегі ерекше.

sputnik.kz сайтында жарияланған "Тайқазанды қайтарды: мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков туралы не білеміз" мақаласында Өзбекәлі Жәнібеков туралы мынадай мәлімет берілген:

Өзбекәлі кеңес билігімен жиі сөзге келіп қала берді. Қисынсыз шешімдерді бұзудан қорықпады. Қызметтен айырылып қаламын деп сасқан жоқ. Бірде үкіметке қазақ жастарын мал шаруашылығына жаппай жіберу, ал қыздардан трактор бригадаларын құру ұсынысы енгізілді. Өзекең оған қарсы екенін ашық айтты. Жастарды өнер-білімге баулуға жағдай жасады. Осы жолда өзінен жоғары тұрған басшылардан қарсы шығудан именбеді.

Ұлтжанды Өзбекәлі Жәнібеков кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймады. Биліктің ұстанымына қарамастан, қазақтың тарихын терең зерттеді, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға күш салды. Содан оны астанадан шалғай жерге жіберді. Өзекең жаңадан құрылған Торғай облысына барды. Облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарып жүріп, Торғай өңірін танымастай өзгертеді.

Бес жылдан кейін Орталық комитеттің шет елдермен байланыс бөлімін басқарады. Оны ұлттың мүддесі үшін пайдаланады. Ал араға бір жыл салып, мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалады.

Тайқазанды отанына қайтарды

Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет министрі болған кезде қазақтың сәулет ескерткіштеріне айрықша мән берді. Ол министр болған жылдары 400-дей археологиялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бар.

Өзбекәлі Жәнібековтің "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің құрылуына қосқан үлесі зор. Ол Кеңес идеологиясына қарамастан кесенеде жерленген хандар мен сұлтандардың, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойғызды. Осылайша атеистік қоғамда өмір сүрсе де, Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен іліміне бет бұрады.

"Тайқазанды қайтарды: мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков туралы не білеміз" мақаласында Өзбекәлі Жәнібековтің Түркістандағы тайқазанды елге қайтару үшін қандай еңбек жасағаны жазылған:

"Өзбекәлі Жәнібеков құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды қазақ тіліне аударуға атсалысты. Ол кезде кесененің сән-салтанаты болған атақты Тайқазанның орны бос тұрған. Оны 1935 жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға апарған. Бірақ кері қайтарған жоқ.

Тайқазан қай жылы елге қайтарылды? Араға 54 жыл салып 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Тайқазан тарихи отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық еңбегі.

Ал Арыстан баб кесенесінің жұма мешітін қалпына келтіруге кіріскенде Мәскеу рұқсат бермеді. Содан Өзбекәлі Жәнібеков айлаға көшіп, Отырардың суландыру жүйесінің экспозициясын жасаймыз деп, кезінде құлатылған мешітті қалпына келтірді.

Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатымен "Арқас" қоғамы құрылды".

Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында Жәнібеков есімімен байланысты біршама жәдігер бар. Ол 1978 жылдан бастап қорық-мұражай қорына өткізген Қабіржапқыш, Қоңырат кілем, Шұғыла кілем, бөлме жиһазы (Асадалға ұқсас жасалған), кесене тарихы мен осы өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, жағрафиясына қабысатын басқа да жәдігерлерді Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан алдырып, қорық-мұражай қорына табыстады.

Соңғы жылдары көз майын тауысып, "Алтынай", "Адырна" фольклорлық ансамбль қызметкерлеріне ұлттық нақышта тіктірген көйлегі, немересі Әзелге Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай тіктірген қазақы көйлегі (1989 жыл), сондай-ақ тұтынған заттары жинақтала бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2082866-taiqazandy-otanyna-qaitargan-memleket-qairatkeri-ozbekali-zanibekovtin-omiri-elge-sinirgen-enbegi/

pixel