Қыз айттыру, құда түсу, бата аяқ: екі жас үйленгенде жасалатын маңызды салт-дәстүрлерді білесіз бе
Жарияланған күні:
Қазақ халқы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрінен жаңылмай қызын ұзатып, ұлын үйлендіреді. Әрбір жөн-жоралғының астарында үлкен мән бар. Бұл жазбамызда екі жас үйленгенде қандай салт-дәстүрлер жасалатыны жайлы айтамыз.
Үйлену тойы — жігіттің некелесуіне байланысты өз үйінде жасалатын той-думан. Мұны келін түсіру тойы деп те атайды. "Үйлену" деген атау ер адамның келіншек алып үйлі болуына, өз ошағының түтінін түтетіп, отау тігуіне байланысты қалыптасқан. Екі жас үйленген кезде түрлі жоралғы жасалады. Мақаламызда үйлену тойына қатысты салт-дәстүрлерді рет-ретімен жазаатын боламыз. Екі жас үйленген кезде жасалатын бірқатар салт-дәстүрлер жайлы Әлижан Тауұлы құрастырған "Қазақ салт-дәстүрлері" кітабындағы мәліметтерді негізге ала отырып ұсынамыз.
Қыз айттыру, қыз көру жайлы не білеміз?
Ер жеткен ұлына қыз таңдау — әрбір ата-ананың алға қойған басты мұраты. Егер ұл мен қыз әлі жас, мүмкін әлі дүниеге келмеген күнінде адамдар бір-бірін жақсы білетін, дос, жолдас, дәрежелері тең адамдар бірінікі ұл, бірінікі қыз болса, құда болуға келіскен. Мұны "атастыру" деп атаған.
Тумаған балаларымен құдаласу "бел құда", бесіктегі балалары бар кісілердің құдаласуы "бесік құда" деп аталады.
Сүйек жаңғырту дегеніміз не? Кейде қызын алып отырған құда өзінің қызын құдасының баласына беріп, "қарсы құда болады", Қазақта бір-екі рет қайта құда болуды "сүйек жаңғырту" деп атайды.
Қазақ халқында жеті атадан асқанша қыз беріп, қыз алмайды. Әйел ерінен сегіз жас үлкен болса, ер адам әйелден жиырма бес жас үлкен болса, үйленулеріне рұқсат бермеген. Қыз айттыру дәстүрі жастардың үлгілі, тәрбиелі отбасын болуына септігін тигізеді.
Қыз көру дәстүрі туралы не білеміз? Қыз көру дәстүрі кейде қыз таңдау деп те аталады. Әдетте қыз көруге елге белгілі адамдардың балалары баратын болған. Жігіттер жағы көрші ауылда сұлу, ақылды қыздар барын естісе, сол ауылға қыз көру үшін арнайылап барған. Мұндай кездесулерде қыз бен жігіттің айтысы ұйымдастырылған. Егер қыз бен жігіт бір-бірін түсінісіп, сөз байласқан болса, жігіт қыздың ауылына құда түсуге келетінін айтады.
Қыз көру дәстүрі жайлы Тайыр Жомартбаевтың "Қыз көрелік" романынан кеңірек оқып білуге болады.
Шеге шапан, қарғыбау, өлтірі
Шеге шапан дегеніміз қандай сыйлық? Шеге шапан қыз бен жігіттің әке-шешесі келісімге келген соң бір-біріне жасалатын сыйлық. Жігіт жақтың беретін сыйлығы "қарғыбау" деп аталады. Ал қыздың әкесі жаушының (жігіт жақтан келген кісі) иығына шеге шапан жапқан. Шеге шапан деген жаңа шапан деген мағынаны білдіреді.
Қызға құда түсерден бұрын жігіт жақтан жаушы келеді. Ол тойдың уақыты, қалың мал құны бойынша келісім жүргізеді. Содан соң қыздың әкесіне қарғабау береді. Бұл жерде қарғы — жүген, бау — шылбыр. Осыдан кейін кейін жігіттің әкесі өзі келіп, құдалық туралы сөйлеседі. Қыздың туыстары да бұл кеңеске қатысады.
Өлтірі өлі және тірі деген сөзден шыққан. Бұл алдағы құдалықтың сәтті өтуі үшін өлі мен тірі алдында ант етеміз деген түсініктен пайда болған дәстүр. Сондықтан өлтіріге әкелген малды осындай мақсатта сояды. Өлтірі малы қыздың үйінде сойылмайды, көрші немесе туысқандардың бірінің үйінде сойылады. Мұны екі тараптың антын растау үшін осылай жасаған.
Құда түсу
Құдалық ертеден келе жатқан дәстүр. Күйеу жігіттің әкесі баласымен, өзінің жақындарымен (кейде жігіттің әкесінсіз де) құда түсуге келеді. Құда түсу — өте қызықты өтеді. Құдалардың келуі "кұда түсер" деп айтылады. Алдын-ала ескерту бойынша қыз әкесі өз туыстары мен жақындарына, сыйлас адамдарына хабарлайды. Құдаларды аса құрметпен, салтанатпен қарсы алады. Екі жақтың құдалары бірі-біріне сыйлықтар тапсырып қуанышқа бөленеді. Бұл отырыста құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр секілді салт түрлері жасалады.
Жігіт жағынан келген ең сыйлы адам - бас құда, күйеудің және қыздың әкелері - бауыздау құда деп аталады. Бас құда жаңа жерге түскен келін үшін әр уақытта қымбат та сыйлы адам болады. Жас келін оны "ағеке" деп атап, әрқашан құрметтеп жүреді.
Бата аяқ
Бата аяқ дегеніміз не? Құдалардың соңғы байламдары "бата аяқ" деп аталады. Құдалықтан кейін жігіттің әкесі қыздың ауылына келіп, ұзату уақыты, қалың мал мөлшері, кәде-жоралары туралы ортақ келісімге келеді. Бұл дәстүр кей жерлерде "сырға тағар" немесе "баталасу" деп те аталады.
"Бата аяқтың" екі түрі бар. Бірі кесімді бата, яғни, қорытынды шешім шығарылады. Онда ұзату тойының айтылған уақытта өтуі, шығарылатын қаражат, малдың саны нақтыланады. Екінші түрі келісімсіз бата деп аталады. Бұл мал санының есебі, шығатын қаражаттың мөлшері белгісіз әрі той өтілетін уақыттың жағдайға қарай болуына байланысты.
Қапқа салар
Қапқа салар жайлы не білеміз? Бұл күйеуге берілетін сыйлық түрі. Белгіленген уақытта күйеу жолдастарымен, тиісті тарту-таралғысымен, той малымен қалыңдық ауылына келеді. Той басталады. Аттанар алдында қыз әкесі келген жігіттерге сый-құрметін көрсетіп, киіт кигізеді. Жаңа күйеуге сыйлық береді, бұл "қапқа салар" деп аталады. Бұл құданың түрмыс жағдайына байланысты. Бұл сыйлыққа қымбат киім, ат әбзелі және басқа мал да беріледі.
Көпшік қыстырар
Көпшік қыстырар деген қандай дәстүр? Бұл салт бойынша күйеуді алып келу үшін барған жеңгей күйеудің атына мініп, ат көрпенің астынан "көпшік қыстырарын" алады. Оның мөлшері көйлектік пұлдан кем болмауы шарт.
Шашу, киім ілу, табалдырық аттар
Күйеу бала келісімен ауылдағы ең сыйлы бәйбіше табаққа құрт, ірімшік, тәтті қосып шашу шашады. Жұрт мұны жапа-тармағай таласа теріп алып жейді. Бұл — қуаныштың белгісі.
Құда-құдағилар келгенде алдын-ала дайындалған адам (көбінесе әйел) оларды бір-бірден қарсы алып, киімдерін іледі. Кетерде киіндіреді. Сонда киім иелері оған "киім ілерің" деп сыйлы зат не ақша береді.
Құда-құдағилар құданың үйіне кірерде бір әйел оларды кіргізбейді. Тек кәдесін алған соң ғана жолды ашады. Мұны "табалдырық аттар" деп атайды.
Сыбаға асу
Құдалар келіп орналасқан соң алдымен "есіңе алсаң, ескіден сақта" деп сүрленген еттен "сыбаға" асады. Мұнда құдалардың сыбаға жамбасы міндетті түрде болады. Қазақта бас, жамбас, ұлтабар, асықты жілік, төс дегендердің өздерінің иесі — орны болады. Соғымнан құдаға, ең сыйлы кісілерге сыбаға беру — қазақтың өзгермейтін салты.
Сыбаға желініп, шай ішілген соң арнайы мал әкелініп, құдаларға бата жасатады. Бата берген адам ет желінген соң тағы бата жасап, табаққа кәде салады. Оны табақ тартушы әйелдер бөлісіп алады.
Күйеу жігітке неліктен асық жілік ұсынылады? Асықты жілік — күйеудің сыбағасы. Онда асық бар. Асық балалардың ойнайтын ұлттық ойыншығы. Асық арқылы баланы мергендікке, есеп-қисапқа жаттықтырады. Сондықтан осындай ойын ойнайтын балалары болсын деп жақсы тілекпен асықты жілікті әдейі таңдайды.
Құйрық-бауыр
Қазақта "Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе" деген мәтел бар. Бұл құдалық дәстүрінде орны бөлекше жайт. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға арнайы "құйрық-бауыр" ұсынылады. Оны әкелуші әйел "бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар" деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құдалықтың заңды белгісі болып саналады.
Құда, құда дейсің-ау, әй,
Құйрық-бауыр жейсің-ау, әй.
Құйрық-бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің-ау, әй!
Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда.
Құйрық-бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш, құда!
Үлкен құда ардақты-ай,
Кіші құда салмақты-ай.
Құйрық-бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты-ай!
Үлкен құда әнекей-ау,
Кіші құда мінекей-ау.
Құйрық-бауыр асаттым,
Кәделерің, кәнекей-ау!
Отқа май салу
Келін табалдырықты аттардың алдында енесі маздап тұрған отқа май салады. Бұл қазақта сонау отқа табынғаннан бері келе жатқан салт. Қазір сирек, дегенмен кейбір көнекөз қариялары бар үйлер әлі де істейді. Бұл бір жағынан отты қастерлеудің нышаны болса, екіншіден белдеуінен ат, төрінен қонақ кетпесін дегенді меңзегені. Расында да, төрде шалжиып қонақ жатқан соң оларға ет асу, шай қайнату керек. Ап бүл үшін, әрине, ошақтың оты маздап тұруға тиіс әрі ондайда май қүйған оттың керемет маздайтыны және белгілі. Оның үстіне қазақта "отың өшпесін" деген тілек те бар. Бұл да ұрпақ жалғаса берсін, дастарқан жиылмасын дегенді меңзесе керек-ті.
Босаға майлау
Келін табалдырықтан оң аяғымен аттаған соң жақын туыс әйелдердің бірі табалдырықты, босағаны майлайды. Бүл жастардың өмірі майдай жұғымды, аралары тату-тәтті, бір-біріне жұмсақ болсын деген тілекті білдіреді. Бұл дәстүрді орындаған адамға кәде жасалады.
Неке қию
Қыз бен жігіт үшін ең биік асу - неке қию рәсімі. Қазақта некені молда оқиды. Неке оқылғанда сол бөлмеге адам сыйғанынша жиылады. Бұлар - екеуінің қосылғанына куә болады. Сондықтан олардың бәрі неке суынан ауыз тиюлері керек. Неке суы үлкен кеседе болады да, оған су, тұз, қант, сақина салады. Су екеуінің пәктігін, тұз егер біреуі кейін опасыздық жасап, осы некені бұзса, дәм атсын дегенді, қант екеуінің тату-тәтті өмір сүруін, сақина неке белгісін паш етеді.
Беташар
Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім де көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді жеңгелері тұрады. Мұнда беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адам дар "көрімдік" береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек.
Аушадияр
Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең-жыр. Бұл жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнерді іздеп тауып, өмірге әкелген жазушы — Уахап Қыдырханұлы екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. ІІІынын айту керек, бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған. Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады.
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер...
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле-өлгенше серт болар.
Жар-жар
Үзатылған қыз тойында қыз-жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, баратын жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңмен айтысады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындықтан "жар-жар" қызықты болып естіледі. Мысалы жар-жарды жігіт былай бастайды:
Алып келген базардан,
Қара насыр, жар-жар, ау.
Қара мақпал сәукеле,
Шашың басар, жар-жар, ау!
Мұнда әкем қалды деп,
Қам жемеңіз, жар-жар, ау.
Жақсы болса қайны атаң,
Орнын басар, жар-жар, ау!
Бұған қыз былай деп жауап қайтарады:
Есік алды қара су,
Майдан болсын, жар-жар, ау.
Ақ жүзімді көргендей,
Айнам болсын жар-жар, ау.
Қайын атасы бар дейді-ау,
Осы қазақ, жар-жар, ау.
Айналайын әкемдей,
Қайдан болсын, жар-жар, ау!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2089055-qyz-aittyru-quda-tusu-bata-aiaq-eki-zhas-uilengende-zhasalatyn-mangyzdy-salt-dasturlerdi-bilesiz-be/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.