Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

9 мамыр – Жеңіс күніне арналған мәнді құттықтаулар

Опубликовано:

Мәңгілік алау
Мәңгілік алау жанына қойылған гүл шоқтары. Көрнекі сурет: sputnik.kz

Екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған қазақстандық неміс фашизміне қарсы күресте қан майданда жан алысып, жан беріскеніне тарих куә. Сондықтан да Жеңіс күні қазақ елі үшін айтулы мерекелерді бірі. Бұл жазбамызда 9 мамыр Жеңіс күніне арналған құттықтаулар топтамасын ұсынамыз.

Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы — қазақтар.

9 мамыр Жеңіс күніне арналған құттықтаулар

Бұл – жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы биіктеп, Жеңістің жалауы желбіреген күн. Ел тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы бейбіт күннің арқасы. Осынау ұлы мереке қарсаңында сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

***

1945 жылдың 9 мамыры күллі елдің жадында ерлік пен мұқалмас жігердің үлгісі болып қалды. Бұл – қанмен, көз жасымен келген жеңіс. Сондықтан да еш уақытта ұмытылмайды. Жер бетінде ешқашан соғыс болмасын! Жеңіс туы көкте желбіреп тұрсын!

***

Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жандардың ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Уақыт сынаптай сырғып, жылдар өтсе де, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын етігімен су кешкен ерлердің қадірін ұғына түсетіндейміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да күрескен жанның барлығы айрықша құрметке ие! Зұлмат соғыстан қаза болған батырлардың рухына тағзым етеміз!

***

Қымбатты отандастар, ардақты ардагерлер!

Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс Күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шын жүректен зор денсаулық, тіршіліктің ұзақ әрі жарқын, алаңсыз күндерін, жақын адамдарыңыздың қамқорлығы мен ықыласын тілеймін! Отбасыңыз аман болсын, тыныштық орнаған заман болсын!

***

Бүгінгі ұрпақ ардақты ардагерлеріміз танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Ерлікпен жеткен Жеңіс күні тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қалатыны сөзсіз. Баршаңыздың деніңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін!

***

Жеңіс Күні – қуанышқа толы һәм көңілді құлазытатын мейрам. Жеңіс күні халықтың бірлігі мен ерлігінің, даңқының жарқын көрінісі болып қала бермек. Жер бетінде тек бейбітшілік болғай!

***

1945 жылдың 9 мамыры. Жылдан-жылға алыстап бара жатқан уақыт. Десе де, Жеңістің анық бағасы мен маңызы біздің жадымызда мәңгі орын алады деуге болады. Жеңіс күні – бұрынғы Кеңес халқының ортақ әрі маңызды мерекелерінің бірі. Бұл күн тарихтың өшпес парақтары болып қала береді. Жеңіс күні құтты болсын!

***

Жыл сайын мәңгілік алауы жанына Отан қорғаушылар мен батырларды еске алу үшін гүл шоқтарын ұстаған адамдар жиналады. Құрметті ардагерлерге бейбіт өміріміз бен бақытты күндеріміз үшін алғысымызды білдіреміз! Мереке құтты болсын!

***

Қадірлі ардагерлер! Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Ал бейбіт күндер туған өлкенің игілігіне адал еңбек еттіңіздер. Қандай жұмысқа болса да белсене араластыңыздар. Бүгінгі күні даңқты ерлік, адалдық пен патриотизм, қаһармандықтың лайықты үлгісі болып келесіздер. Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар. Жеңіс күні құтты болсын!

***

Сұрапыл соғыста ел үшін күш-жігерін аямай, бірі жанын берді, бірі аяғы мен қолын берді. Майдангерлердің қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында жеңіс туы желбіреді. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз. Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Аспанымыз ашық болсын, ел іші аман болсын, бейбітшілік заман болсын!

***

Әрбіріміздің үйіміздің төрінде майдангер атаның суреті мен медалі тұр десек артық айтқанымыз емес. Себебі елім деп еміренген азаматтар етігімен су кешіп, қан майданға аттанды. Олар – нағыз батырлар. Біздің аталарымыз – батырлар. Сол аталарымыздың жанкештілігімен келген Жеңіс күні құтты болсын! Бейбіт күніміз үшін тек алғыс айтамыз!

Жеңіс күні
Жеңіс күніне жиналған халық. Көрнекі сурет: sputnik.kz

Жеңіс күніне арналған өлеңдер мен тақпақтар топтамасы

Жеңіс күніне арналған қандай өлең жолдары мен тақпақтар бар? zharar.kz, bilim-all.kz, bilimsite.kz сайттарын негізге ала отырып, бірқатар өлеңдер мен тақпақтарды тізіп шықтық.

Жеңіс

Әбдірахман Асылбек

Жеңіс дейміз жалауымыз желбіреп,

Көктем күні нұрын төксе елжіреп,

Тап осындай бейбіт күнге жеткізген

Әкелер мен ағалар ғой ержүрек.

Қорғап қалған қаласы мен даласын,

Білеміз бе бабалардың бағасын?

Қан майданда бала аңсап анасын,

Келеді деп ана күтті баласын.

Жауынгерлер Отан үшін ерледі,

Жауларына сүйем жерін бермеді.

Жанын қиып туған жерім, елім деп,

Амал қанша, көпшілігі келмеді.

Боздақтардың ұрпақтары өрістеп,

Болашақтың бақытымен бөліспек.

Өткен күннің өшпейтұғын белгісі –

Өсіп жатыр Жеңіскүлдер, Жеңісбек.

Ойламаңдар жеңіс көзі соғыс деп,

Алдарыңда күтіп тұрған соны іс көп.

Жетістікке жеткен сайын әр істе,

Соның бәрін санай бергін жеңіс деп.

***

Жеңіс күні

Жұмағали Саин

Сарғая күткен ұлы күн,

Шұғыласы бүгін жарқ етті.

Бағына талай миллионның

Баянды жеңіс күн жетті.

Сүйінші елден сұрадық —

Жұбайын күткен жар күлді.

Жаным дер бауыры жауда өлген

Жарқырап қайғы-зар күлді.

Сілкінді дүние қайратпен,

Киімін шешіп қан басқан.

Отырды солдат айбатпен,

Етігін сүртіп шан басқан.

Көңілді көктем шағындай,

Құлпырды әлем сол бір шақ.

Сүйісті ғашық жарыңдай

Адамды өмір құшақтап.

Дүние махаббатымен

Сұқтанды қызыл жұлдызға,

Жеңімпаз Отан даңқы мен

Жауынгер біздің ұл, қызға.

***

Қасарысты жиырма сегіз,

Тынбай атты гранатты.

"Отан" деген отты лебіз -

Жандарынан жалын атты.

***

Кетпес олар естен мәңгі,

Кектері тұр кеудемізде,-

Ерлік даңқы - жеңіс таңы

Жарқыратып келді бізге.

***

Жеңіс деген жақсылықтың сыңары,

Жігер менен құштарлықтың құралы.

Күрескердің арманы мен ұраны,

Қуаныш пен мерекенің бұлағы.

***

Жауынгер біздің саңлақтар,

Жауды жеңген солдаттар.

Ардақты Отан – ел үшін,

Бақытты туған жер үшін.

***

Туын жықпай қолдағы,

Опат болды елі үшін.

Кеудесімен қорғады,

Азаттықтың жемісін.

***

Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,

Оқ борап снарядтар қаққан да ызың.

Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,

Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.

***

Жас ұрпақ асыр сап,

Шырқайды Ерлікті ән қылып.

Небір заңғар таулар құлазып шөксе де,

Ерлердің бейнесі жасайды мәңгілік!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2094188-9-mamyr-zhengis-kunine-arnalgan-mandi-quttyqtaular/

pixel