Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

1 шілде – ұлттық домбыра күні: аспап туралы қызықты деректер

Опубликовано:

Қазақтың домбырасы
Қазақ халқының домбыра аспабы. Көрнекі сурет : "Ана тілі" газеті

Қазақ халқының киіз үйі мен айтыс өнері, домбыра аспабы ЮНЕСКО тізіміне енген ең ежелгі мұралар ретінде белгілі. Ұлттық болмысты айшықтайтын құндылықтардың өзіндік мәні бар. Соның ішінде қазақтың қара домбырасының тарихы тереңде жатыр. Елімізде шілденің алғашқы жексебісінде ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Домбыра күні ұлттық аспапты ұлықтау күні ғана емес, елдің мәдени мұрасын насихаттайтын мерекеге айналды. Бұл жазбамызда қастерлі домбыра жайлы қызықты деректер жинақтадық.

Домбыраның тарихы қай кезеңнен басталады?

Зерттеушілер арасында домбыра атауының шығу төркініне байланысты тартысты пікір көп. Домбыра біздің дәуірімізге дейінгі 5 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Бұған informburo.kz сайтында жарияланған "Қазақтан бұрын домбыра болған". Домбыраның тарихын білесіз бе? мақаласындағы деректерді мысалға келтіріп көрсек:

Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен. Бұған біздің заманның 2 ғасырын қоссаңыз, тұп-тура 6 мың жыл шығады.

Сондай-ақ, Жұмагелді Нәжімеденовтің "Қоңыр үнді домбыра" кітабындағы деректерді мысалған келтірсек, домбыраның тарихы тереңде екенін көреміз.

Сақтардың кезінде (б.д.д.VII-IV ғасырлар) қобыз, сыбызғы мен домбыра кең тараған. "Шыңырау" мен "Аққу" күйі – сол замандардан жеткен. Қазіргі қазақтың бесік жырлары, олардың әуені сол кезеңдерден бастау алады. Біздің уақытымызға дейін жеткен ғұндардың күйлері (б.д.д. III-II ғғ): "Кеңес", "Сары өзен", "Шұбар ат". Б.д.д II-I ғасырдан бері аты ұмытылмай келе жатқан күйші, сыбызғышы Саймақ өмір сүрген.

Қимақтардан (б.д. VI-IX ғасырлар) "Ертіс толқындары", "Мұңлы қыз", "Тепең көк", "Ақсақ қаз", "Бозінген", "Желмая", "Құланның тарпуы", "Көкейкесті" күйлері жеткен.

Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтары арасында домбыра аспабы кең таралған. Түркітілдес халықтар домбыра тектес шертпелі аспаптарды әр түрлі атайды:

  • қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра;
  • тәжік – домбурак;
  • бурят – домбро;
  • монғол – домбор;
  • түрік – томбра;
  • телеуіт – комыс;
  • шор – қобус;
  • қырғыз – қомуз;
  • қырым татарлары – қобуз;
  • хақас – хомус;
  • алтай – топшур;
  • тува – топшулур;
  • түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар.

"Нағыз қазақ – домбыра": қос ішекті аспап жайлы қызықты деректер" мақаласындағы деректерге сүйенсек, "домбыра" сөзі көне шумерден аударғанда "кішкене садақ" деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, "домбыра" сөзі "қозы құйрық" сөзімен байланысты "дунбаһ" және "бурра" деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.        

Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі "дөп бұра", "дәл бұра", "дем бұра" деген сөздердің тізбегінен жасалған.

Тағы бір деректерде "домбыра" атауы "дом және бұра" деген сөздерден шыққан делінеді. "Дом" сөзі қазір "домығып, ісініп кету" мағынасында қолданылып жүр. Ал "бұра"  "күйге келтір" дегенге саяды.

Марко Поло (XIII-XIV ғасырлар) өз шығармаларында домбырада ойнауды көрсеткен.

Қазақтың қасиетті домбырасы туралы Ілияс Жансүгіров былай жырлаған:

Домбыра сенде мін бар ма?

Мінсіз болсаң тіл бар ма?

Тіл жоқ деуге бола ма,

Тілден анық үн барда.

Домбыраның күші мол,

Көмейінде күй барда.

Домбыра туралы аңыз

Халық арасында домбыраның пайда болуы туралы қандай аңыздар айтылады? Домбыраның қалай пайда болғаны жайлы аңыздардың бірнеше нұсқасы бар. Солардың ішінде көп тарағаны домбыраны жасаған аңшы жігіт жайындағы аңыз. Бұл туралы әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының кіші ғылыми қызметкері Жұмакүл Бегілдаеваның "Ана тілі" басылымында жарияланған "Домбыра, сенде мін бар ма?..." мақаласында мына аңыз-әңгіме мысалға келтірілген:

Ертеде бір аңшы жігіт аң атып алып, сол сойылған аңның ішегін ағаш басына лақтыра салады. Шұбатылған ішек бір бұтақтан екінші бұтаққа ілініп, керіліп қалады. Күндердің бір күнінде Қамбархан сол жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды әуен, құйқылжыған үн естіледі. Жан-жағына қараса, бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішек жел соқса, ызыңдап қоя береді екен. Аңшы жігіт әлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып, домбыра жасаған екен.

Белгілі музыкант-этнограф Александр Затаевич ондаған күйшінің шығармаларын нотаға түсіріп, 1931 жылы "Қазақтың 500 күйі мен әні" жинағын шығарды.

Қазақтың күйшілері

Қазақтың күй өнері – ешбір халықта жоқ, өзіндік орындау мәнерімен, орындаушылық дәстүрімен, тақырыптарының әр түрлі болуымен ерекшеленетін музыкалық жанр. Күй өнері қай кезден бастап қалыптасты?

Күй өнері XIV ғасырдан бастап қалыптасқан. Күйдің әуендік құрылысы, ырғақтық- орындаушылық әдістері сан алуан. Мысалы Құрманғазының күйлері екпінді, жігерлі болып келсе, Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық лирикаға негізделген. Ал Тәттімбеттің күйлерінің әуені әсем, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы. Қазанғаптың күйлері құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті болып келеді. Күйлер орындаушылық дәстүр мен қағыс түріне қарай төкпе және шертпе күй болып екі стильдік мектепке бөлінеді.

Домбыра күні – ұлттың үні

Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. 2018 жылдың 13 маусымында "Домбыра күні" мерекесін белгілеу туралы ресми шешім қабылданды. Сол жылы 1 шілдеде осы мереке аталып өтті. Домбыра күнін атап өтудің негізгі мақсаты – қазақтың музыкалық мәдениетін насихаттап, ұлттық аспап – домбыраның қадір-қасиетін бағалау.

Ахмет Жұбанов: "Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі".

Қазақтың мұңы мен қуанышын домбырадан артық ешбір аспап жеткізе алмайды десе болады. Домбыра ол – ән мен күй, ұлттық өнердің негізі осы аспаптан бастау алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2124894-1-shilde-ulttyq-dombyra-kuni-aspap-turaly-qyzyqty-derekter/