Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық брендтер неге кеңінен сатылымға шықпайды: танымал қазақ дизайнерлері ағынан жарылды (фото)

Жарияланған күні:

сән көрсетілімі
Дефиле. Фото: KAZ.NUR.KZ

Соңғы уақытта қолы шебер, тіккен киімі көздің жауын алып, ерекше сән беретін қазақстандық дизайнерлер көбейіп келеді. Отандық шеберлердің өнімдері шетелдік бәсекелестерін ығыстыра алуға лайықты. Бірақ олар тіккен өнім неге ішкі нарықта кеңінен тарамай жатыр? Қандай кедергілер бар? Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі сән әлемнің серкелерінен сұрап білді.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Қостанайда отандық және жергілікті сән серкелерінің басын қосқан Kazakhstan fashion week Kostanay сән апталығы өтті. Жобаның негізін қалаушы Алексей Дженнің айтуынша, әлемдік сәнді қалыптастырушы Милан, Париж секілді халықаралық дизайнерлердің басын қосқан сән реестріне Орталық Азия елдерінен қазақстандық осы ұйым ғана енген. Бұл ұжымның басты мақсаты – ел тұрғындарына отандық дизайнерлерді дәріптей отырып, шеберлеріміз тіккен киімдерді кигізу. Дизайнердің сөзінше, қазір отандық сән серкелерінің киіміне сұраныс мол.

сән көрсетілімі
Дефиле. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазақстандық дизайнерлер пайда бола бастағанда олардың киімдерін жерлестерімізге "күштеп" кигізетінбіз. Олар отандық киімді тойға не жұмысқа киіп барғанда бұл қазақстандық дизайнердің қолынан шыққан өнім екенін айтуға ұялатын, үстіне жарасып тұрса да жасырып қалатын. Құдайға шүкір, бұл күндерден өттік. Бүгінде еліміздің атақты, қалталы, танымал тұлғалары біздің дизайнерлердің киімдерін мақтанышпен киіп жүр. Біз де әлі сол "Қазақастан тұрғындарына қазақ киімдерін кигізу" деген ұраннан жаңылмай, сол мақсатта еңбек етіп келеміз. Біз осындай дәрежеге жету үшін көп іздендік. Шетелдік белгілі шеберлерді шақырып, шеберлік сағаттарын өткіздік. Қазіргі отандық сән серкелері де Париж, Миланда көп оқып, ізденіп, білімін жетілдірді", - Алексей Джен.

сән көрсетілімі
Сән көрсетілімі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгінде отандық дизайнерлерге деген көзқарас өзгерген. Танымал бола бастаған жас дизайнерлер мен сән индустриясына еш қатысы жоқ кәсіпорындар арасында әріптестік қарым-қатынас орнай бастаған. Кәсіпорындар тұсаукесер, шараларға қатысарда, кеңсе киімдерін тіктіргенде бренд атауын жабыстыра салатын. Ал бүгінде өздеріне арнап тігілген, көптің арасында ерекшеленіп тұратын киімдерге тапсырыс беруге көшіпті. Бұл біріншіден кәсібін енді бастаған шеберлерге үлкен қолдау.

сән көрсетілімі
Дефиле. Фото: KAZ.NUR.KZ

Отандық киім-кешекке елімізде сұраныс көп болғанына қарамастан кеңінен таралмай, шектеулі көлемде ғана сатылып жатыр. Мұның себебін танымал дизайнер Аида Қауменова айтып берді.

Аида Қауменова
Отандық дизайнерлер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазір отандық киімдерге тапсырыс берушілер өте көп. Бұрынғыдай құдалыққа берген шапан қолдан-қолға өтіп, жәй сыйлық ретінде жүретін уақыт өтті. Қайта сыйға тартып жатса қуана алып, киіп жүреді. Бұл – біздің жетістігіміз. Енді осы мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, әрі қарай дамыту үшін мемлекеттен отандық дизайнерлерге қолдау қажет. Біз талай көтеріп, шешусіз келе жатқан бір мәселе бар. Соның бастысы – еліміздің дизайнерлері сауда орындарындағы жалға алу құнын қазақстандық нарыққа шетелден келген өнім өндірушілермен бірдей төлейді. Олармен бәсекелеске түсіп, нарықтан ығыстыра алатын жағдайға жету үшін отандық өнім өндірушілерге жеңілдік квотасы болуға тиіс. 50 пайыздық жеңілдік жасалса дейміз. Әрине, барлық қаазақстандық дизайнер үшін жалға алу ақысын 50 пайызға азайтсын демейміз. Бұл мәселені реттеу үшін арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеу керек. Комиссия мүшелері сауда орнынан жеңілдік сұраған кәсіпорынның өнім өндіру қуаттылығын, бренд ретінде қашан қалыптасып, нарықта неше жыл жұмыс істеп келе жатқанына көңіл бөлуі керек. Мемлекет жекеменшік сауда орындарының иелеріне мұндай талап қоюға құқы жоқ. Алайда тетіктерін табуға болады", - дейді танымал дизайнер Аида Қауменова.

сән көрсетілімі
Дефиле. Фото: KAZ.NUR.KZ

Отандық сәнгерлер киім тігуге қажеттінің бәрін - матадан бастап фурнитура, түймелер мен жіптің өзін де шетелден тасиды. Көбіне Қытай мен Түркиядан алдыртады. Бұл да осы елде жасалған киім-кешектермен баға жағынан бәсекелестікке түсуге кедергі. Өнімнің өзіндік құнына салмақ салып, көптің қолы жете бермейтіндей етіп қымбаттатып жібереді.

"Біз елімізде өзіміздің тоқыма өнеркәсібі болуы қажет деп талай айтып жүрміз. Әрине, бұдан ұтарымыз көп. Алдымен жұмыс орындары ашылады. Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия өздерінің ата кәсіптерінің ізін жалғап, дамытумен келеді. Бүгінде бүкіл әлем осы елдерден тоқыма мен мата, мақта, жіп сатып алып отыр. Елімізде осы кәсіпті дамыту үшін қаржы құю керек. Өкінішке қарай, біз бұл мақсатқа көңіл аударып, еңбектеніп, тер төккіміз келмейді. Алыпсатарлықпен айналысуды жеңіл көреміз. Осы саланың қаншама білгір мамандарынан да айырылып қалдық, Олар шетелдерге көшіп кетті", - дейді Kazakhstan fashion week жобасының негізін қалаушы Алексей Джен.

Алексей Чжен
Алексей Чжен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Дизайнерлердің ойынша, мемлекет тоқыма саласын дамытып, мата шығаратын кәсіпорындарды іске қосқанша киім тігумен айналысатын кәсіпорындарға шетелден мата, фурнитура сатып алуға жеңілдіктер жасауға тиіс. Арнайы реестр жасалып, сол тізімге ілккен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына кедендік баж салығын төмендеткен жөн.

Ал бүгінде кәсіпорындарды дамыту мақсатында арнайы мемлекеттік жоба арқылы 7-8 пайыздық жеңілдетілген үстемақымен беретін кредиттің өзі сәнгерлердің кәсібін алға басуына дем берген.

сән көрсетілімі
Сән көрсетілімі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев креативтік идеяларды қолау қажет деп тапсырма қойды. Ал біздің кәсібіміз креативтік идеялар арқылы жеңіл өнеркәсіпті дамыту", - дейді сөзін қорытындылаған сәнгерлер.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2126325-otandyq-brendter-nege-kenginen-satylymga-shyqpaidy-tanymal-qazaq-dizainerleri-agynan-zharyldy-foto/