Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"57 градус ыстық": Африка шөлінде 250 км жүгіріп өткен қазақ жігітімен сұқбат

Опубликовано:

Еренғайып Қуатайұлы
Еренғайып Қуатайұлы. Фото: facebook.com/yerengaiyp.quataiuly

Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желілерде "Қазақ журналисі Африка шөлінде 250 км жүгіріп өтті" деген бейне-хабар таралып, көпшіліктің назарын аударған еді. Адамды есеңгіретіп жіберер ыстықта жанкештілік танытып, жарыс жолын соңына дейін өтіп шыққан ультра марафоншы – Еренғайып Қуатайұлы. Расында, ол кісі Намибия еліндегі Намиб шөлін алты күнде 250 шақырымды артқа тастап, жүгіріп шықты. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісіне Еренғайып Қуатайұлымен сұқбат құрудың сәулелі сәті түсті. Спортшы марафонға, жүгіруге қатысты тың әрі қызықты деректерді бөлісті.

– Жақында Африка құрлы­ғында өткен дала марафонына еліміздің атынан тұңғыш спортшы ретінде қатысып, мәреге үздіктердің қатарында келдіңіз. Осы дода туралы толыққанды айтып берсеңіз

– Америкалық Racing The Planet компаниясы Four deserts сериясы бойынша жыл сайын әлемнің 4 шөлінде 250 шақырымға созылатын марафон өткізеді. Олар шөлді әр континенттен, мәселен, Африкадан Намибиядағы Намиб шөлін, Азиядан Моңғолиядағы Гоби шөлін, Америкадан Чилидегі Атакама шөлін, мәңгі мұз құрсауында жатқан Антарктиданы таңдаған. Мен Намиб шөліндегі ультра марафонға қатыстым. Жарыстың шарты бойынша 4 күн бойы спортшы 40 шақырым жүгіруі қажет. Бесінші күні 80 шақырымға созылады. Алтыншы күні демалыс беріледі. Ал соңғы жетінші күні 10 шақырымды жүгіріп өтуіміз керек. Жалпы саны әлемнің 47 мемлекетінен 147 ультра марафоншы осы жарысқа қатысты.

Сондай-ақ жарыстың талабы бойынша әр спортшы өзімен бірге 35 түрлі затты арқалап алып жүгіру қажет. Оның ішінде тамағың, көрпе-жастығың, егер жолдан адасып кеткен жағдайда компасың, күнге қарсы жағатын крем, ауа райына байланысты киетін киімің осы сөмкеңізден табылуы керек. Мен көтеріп жүгірген сөмкенің салмағы 10 килограмға жуықтады.

– 250 шақырымды жүгіріп өтудің өзі оңай емес. Осы жарысқа қатысқан спортшының бәрі де ақтық мәреге сүрінбей жете алды ма?

– Жалпы есебі 22 адам жарыс жолын ерте аяқтауға мәжбүр болды. Кейбірінің қан қысымы көтеріліп кетсе, кейбіріне глюкоза жетіспеді. Жарыстың бірінші күні ауа температурасы +30 градусты межелеп тұрса, екінші күні +43 градусқа дейін көтерілді. Ал үшінші күні температура +57 градусқа жеткенде, жан алқымнан алды. Шөл далада салқын жер, көлеңке, сая болар ағашты таба алмайсыз. Ультра марафоншылардың біразы жарысты осы күннен тоқтата бастады. Кейіннен ыстықтың беті қайтып, температура бағаны сәл де болсын төмендей бастады. Бірақ соның өзінде +40 градусты көрсетіп тұрды.

Марафоншы
Марафоншы. Фото: facebook.com/yerengaiyp.quataiuly

– Осы марафонға қатысар алдында мәреге бірінші болып келу немесе алғашқылардың қатарында болсам деген мақсат қойдыңыз ба?

– Бұл марафонға бес жыл дайындалдым. Бес жыл бұрын бапкерім Тимур Артюхин "Забег в пустыне" фильмін көруге кеңес берген. Осы фильмді көріп шыққаннан кейін күн ыстықта 250 шақырым жүгірген адамдардың төзіміне, жанкештілігіне қарап: "Өмірімде атқаратын істерімнің бірі осы болсын", - деп іштей ой түйдім.

Бұл марафонға қатысудағы алғашқы мақсатым – финишке аман-есен жету болған. Жарыстың алғашқы күні ондықтың ішінде келдім, ал келесі күні төртінші болып мәре сызығын кестім. Міне, осы сәттен бастап жарыстың алғашқы үздіктердің қатарында аяқтасам деген ой тұтанды. Нәтижесінде, көмбеге 147 ультра марафоншының ішінен 5-болып келдім. Сондай-ақ қатысушылардың ішінен еуропалықтар, жапондар, африкалықтар көбірек болды. Ал Ресейден бір ғана қатысушы келсе, Орталық Азиядан ешкім қатыспады. Киімімде бейнеленген көк туды көргенде көпшілігі: "Қай құрлықтағы ел?", - деп таңданып жатады. "Бұл – Қазақстан, Орталық Азиядағы мемлекет", - деп таныстырамын.

– Марафонға қатысудың өзі үлкен шығын екені белгілі. Жалпы бұл жарысқа қатысуға қанша қаражат кетті? Осы орайда сізге демеуші болған жандар бар ма?

– Марафондарға өз қаражатыммен қатысып жүрмін. Жүгіру – менің хоббиім. Намиб шөліндегі бұл ультра марафон – әлемдегі ең қымбат жарыстардың бірі. Жолға, тамаққа кететін шығындарды қоспағанда, жарнаның өзіне 4 200 АҚШ долларын төлейсіз.

Мен кәсіби спортшы емеспін. Жүгіру менің жан қалауым десем де болады. Сол себепті қолдау мен қаражат менен гөрі кәсіби спортшыларға қажет. Себебі олар бар уақыты мен назарын осы спортқа бұрады. Ешқандай кәсіппен, жұмыспен айналыспайды. Сондықтан кәсіби спортшыларды қолдауымыз қажет.

Еренғайып Қуатайұлы және өзге де марафоншылар
Еренғайып Қуатайұлы және өзге де марафоншылар. Фото: facebook.com/yerengaiyp.quataiuly

– Сіздің бойыңызда осы жүгіру спортына деген ықылас қай кезде пайда болды? Марафонмен айналысуға қай уақыттан бастап бел будыңыз?

– Негізі мен бала күнімнен бастап жүгіруге бейім болдым. Есейе келе өмірдің қарбалас тіршілігі жүгіруге мойын бұрғызбады. 40 жасымнан бастап бапкер жалдап, жүгіруге қайтадан ден қойдым. Жүгірумен тұрақты айналысып келе жатқаныма 6 жылдың жүзі болды. Әркім өзіне ұнайтын іспен айналысуы қажет. 2022 жылы Бостон марафонынан бастап, сол жылдың күзінде Чикаго марафонына да қатыстым. 2023 жылы төрт мэйжор марафонда жүгірдім.

– Марафон, жүгіру мәдениеті біздің елде қаншалықты дамыған? Елде ұйымдастырылатын марафондарға қатысып тұрасыз ба?

– Елде ұйымдастырылатын марафондарға қатысып тұрамын. Брақ біздің халық жүгіру спортымен жаппай айналысып жатыр деп айта алмаймын. Дегенмен Астана мен Алматы қалаларында жалпыхалықтық жүгіру марафондары жылдан-жылға дамып келеді. Осы бағытта арнайы жұмыс жүргізетін клубтар мен орталықтар ашылып жатыр. Ал бұл мәселе Еуропада, АҚШ-та жолға қойылған. Мәселен, Чикагода ұйымдастырылған марафонға 40 мың спортшы қатысса, 1 миллион 700 мың адам көше бойында қолдау көрсетіп тұрды. Сонымен бірге бұл мемлекеттерде депутаттар, министрлердің өздері де марафонға елмен қатар қатысады.

Сондай-ақ марафонға қатысу тек қана физикалық күшті жұмсау деген сөз емес. Мысалы біз әр марафонға қатысу алдында жарна төлейміз. Бұл жарнадан түскен қаражат көптеген аурушаң баланың еміне жұмсалады. Демек марафонның тағы бір миссиясы ол – қайырымдылық жасау.

Нью-Йорк марафоны – 2023
Нью-Йорк марафоны – 2023. Фото: facebook.com/yerengaiyp.quataiuly

– Алдағы уақытта қандай айтулы марафондарға қатыссам деген ойыңыз бар?

– Сиднейде өтетін 42 шақырымдық әлем чемпионатына қатысуға шақырту алдым. Қазір осы жарысқа дайындалып жатырмын.

– Бұл спорт түрінің мәні неде? Философиясы қандай?

– Әр адам өз хоббиімен айналысқанда белгілі бір мән іздейді. Мәселен жүгірген кезде адамның ойына керемет ой, жақсы идея келеді. Ал жаман ой мен кертартпа энергия адам бойынан жойылып кетеді. Сондай-ақ жүгіру кезінде шаттық гормоны бөлінеді. Осының бәрі адамның алға қарай ұмтылуына, мақсатына жетуге талаптандырады.

– Сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Жарқын жетістіктер жолыңызда өнсін!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2125524-57-gradus-ystyq-afrika-sholinde-250-shaqyrymdy-zhugirip-otken-qazaq-marafonshymen-suqbat/