Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды": ана туралы үздік әндер

Жарияланған күні:

Ана мен бала ескерткіші
Ана мен бала ескерткіші. Фото: pixabay.com

Қазақ халқының ән өнерінде ананың орны ерекше. Ана – өмірдің бастауы, мейірім мен махаббаттың символы, сондықтан да аналарға арналған әндер қазақ мәдениетінде ерекше орын алады. Бұл әндерде ананың рөлі, оның махаббаты мен қамқорлығы терең мағынамен өрнектеліп, жүрекке жақын әсер қалдырады.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қазақ музыкасында ана туралы бірнеше танымал әндер бар, соның ішінде "Ана туралы жыр", "Ана туралы баллада", "Анашым", "Аяулы анашым" және Төреғали Төреәлінің "Анашым" әні.
  • Бұл әндер ананың балаға деген махаббатын, қамқорлығын және оның өмірдегі маңызды рөлін суреттейді.
  • Марат Омаровтың айтуынша, "Анашым" әні оның анасының Алматыға іздеп келуі және қалдырған хаты нәтижесінде дүниеге келген.

"Ана туралы жыр"

Бұл әнді естігенде кез келген қазақтың жүрегі тебіренеді. "Ана туралы жыр" әнінің сөзі мен әуені терең мағыналы, бұл әнде ананың әрбір сөзінен, көзқарасынан баласына деген мейірім мен махаббат көрінеді.

Әннің сөзін Ғафу Қайырбеков, ал музыкасын Шәмші Қалдаяқов жазған. Бұл шығарма бүгінде қазақ халқының рухани байлығының бір бөлшегіне айналған.

"Ана туралы баллада"

Бұл әннің сөзін жазған ақын Жақсыгелді Сейілов, ал әуенін Аманжол Шамкенов жазған. Ән ананың балаға деген шексіз махаббатын, мейірімін суреттейді. Баллада түрінде жазылған бұл ән көптің көңілінен шығып, халық әндеріне айналып кеткен.

"Анашым"

Бұл ән қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Нұрлан Өнербаевтың орындауында кеңінен танымал болды. Әннің мәтіні мен әуені анасы бар әр адамның рухани жастығын сақтайтынын, ананың мейірімі мен батасын ешкім де ұмыта алмайтынын дәріптейді.

Әннің әуенін Марат Омаров, ал сөзін Қайрат Жұмағалиев жазған.

Марат Омаров ән қалай дүниеге келгенін айтып берген еді.

"Анашым" әні 1988 жылы жарық көрді. Сол кездері Алматыға оқуға түскенмін. Екі жылдан бері өнер қуып жүрген кезім. Бір күні анам мені екі сөмкемен Алматыға іздеп барған. Ал мен жоқпын. Қапшағайда "Жаушы" дейтін фильмге түсуге кеткенмін. Мен жатақханада болмаған соң, басқа балалар анамды қарсы алған. Анам "Сендер де менің балаларымсыңдар ғой" деп, екі сөмкесін ашып, дастарханды жайып жіберген. Жатақханада аш жүрген студенттер ауылдың қазы-қартасын, бауырсағын жеп, қымызын ішіп, мәз-мейрам болған.

Мен бір аптадан кейін оралғанымда, анам кетіп қалыпты. Жатақханадағы балалар алдымнан шығып, "Марат, анаңды көрдік. Өз анамызды көргендей қуанып қалдық" деді".

Кейін анасының хатын оқып, елге танылған ән жарық көріпті.

"Іштей қызғанышпен өз бөлмеме кірсем, кішкентай сөмке тұр екен. Оның ішінде киім-кешек пен әкемнің суреті жатыр. Түннің бір уағы болды, ұйқым келмеді. Жастықтың астын қарасам, хат жатыр. Онда "Әкеңнің басыңнан сипағанын көре алмадың-ау, балам. Сағынып келгенімде, сені таба алмай кеттім" деп жазылған. Оқып отырып, көзімнен қалай жас шыққанын байқамай қалдым. Сөйтіп, бөлмемдегі күйсандыққа отырғанмын, сол кезде "Анашым" әні жарық көрді", - дейді Марат Омаров.

"Аяулы анашым"

Мейрамбек Бесбаевтың орындауындағы бұл ән – анаға деген сағынышы пен оның алдындағы қарызы туралы жырлаған баласының мұңды жыры. Әнін композитор Ұлықпан Жолдасов, ал сөзін Талант Арынғали жазған.

Бұл ән – МузАРТ тобының да, Мейрамбек Бесбаевтың да жеке концерттерінде жиі айтылатын, халық жүрегінен орын алған туынды.

"Анашым"

Хит әндердің орындаушысы Төреғали Төреәлінің "Анашым" әні әлеуметтік желілерде кең таралды. 2017 жылы тұсауы кесілген туындыға сөзін ақын Қайнар Алагөзов жазып берген. Ал ән авторы – Ч.Әлиев.

Ана туралы әндер қазақ мәдениетінің айнымас бөлігі. Олар әрбір қазақтың жүрегінде ананың бейнесін, оның махаббаты мен қамқорлығын мәңгі сақтайды. Бұл әндер арқылы біз аналарымызды ардақтап, оларға деген алғысымызды білдіреміз. Аналарға арналған қазақ әндері – мейірім мен махаббаттың шексіздігін суреттейтін рухани байлық.

Ана туралы әндерді топтастырған мақалаларды бұрын да жазғанбыз. Оқи отырыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2153409-anasy-bar-adamdar-eshqashan-qartaimaidy-ana-turaly-uzdik-ander/