Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәуліт айы деген не және мәні қандай

Жарияланған күні:

Кітап оқыған адам
Кітап оқып отырған адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мәуліт айында мұсылмандар Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі мен адамдарға жасаған өнегелі іс-әрекеттері туралы әңгімелеп, өсиеттерін еске алады. Мәуліт мерекесінің астарында Алла Елшісінің қайырымдылығы мен мейірімділігін, даналығын насихаттау арқылы адамдарды ізгілікке баулу мақсаты жатыр.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мәуліт айы - Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі мен өнегелі іс-әрекеттерін еске алу кезеңі, оның мақсаты - адамдарды ізгілікке баулу.
  • ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімі меңгерушісі Нұрбек Есмағанбеттің айтуынша, "Мәуліт" сөзі арабша "туылу" дегенді білдіреді және көпшілік ғұламалар оны құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады.
  • Мәуліт айында мешіттерде арнайы дұғалар оқылып, Құран хатым етіледі, қайырымдылық жасалып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі, сондай-ақ Пайғамбарға салауат айту дәстүрі кеңінен таралған.

Мәуліт сөзі қандай мағынаны білдіреді?

"Мәуліт арабша "туылу", "туылған уақыты" деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген уақытына байланысты аталып өтетін күн мәуліт деп аталады. Бұл – дәстүр ислам дінінде әу баста болмаған, кейіннен енгізілген. Әйтсе де, көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, яғни құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы дәлелдері де бар", - дейді ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімі меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет.

Мәуліт мейрамы Рабиғул әууәл айымен тұспа-тұс келеді. Алланың соңғы Елшісі Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы айда дүниеге келген. Пайғамбардың сипаты туралы қасиетті Құран Кәрімнің "Әнбия" сүресінің 107-аятында былай делінген:

"Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік".

Адамзаттың асыл тәжі

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасиетті Мекке қаласында Милади бойынша 571 жылы көкек айының жиырмасында дүниеге келген, Құрайыш тайпасынан шыққан. Әкесінің аты - Абдуллах, оның әкесі - Әбдүлмүттәліп, оның әкесі - Һашим, оның әкесі - Абдулманап. Анасының есімі - Әмина. Мұхаммед пайғамбар ата-анадан жалғыз. Өйткені әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да алты жасында айырылған.

Алла Елшісі жас кезінен адалдық пен әділдікке мән берген және Мекке тұрғындарының арасында сенімді, әділ адам ретінде танылған. Оған "Әл-Әмин" деген атау берілген, бұл "сенімді, адал" деген мағынаны білдіреді.

Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 40 жасында алғашқы уахи түсті. Бұл 610 жылы Мекке маңындағы Хира үңгірінде болған еді. Жәбірейіл періште оған Алланың сөзін жеткізіп, пайғамбарлықтың басталғанын хабарлады. Сол уақыттан бастап Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ислам дінін насихат етті. Оның мақсаты адамдарды бір Аллаға сенуге, әділдікке және мейірімділікке шақыру болды.

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы уағыздарын Меккеде бастады, бірақ жергілікті адамдардың бірсыпырасы оның ілімін қабылдамай, мұсылмандарға қысым көрсетті. Осы қиындықтарға байланысты мұсылмандар Меккеден Мединеге қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл оқиға "хижра" деп аталады және Ислам күнтізбесінің бастауы болып саналады.

Мәуліт айында жасалатын дәстүрлер

Мәуліт айының маңызы зор, себебі бұл айда мұсылмандар өздерінің рухани жолына көз жүгіртіп, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен үйренуге тырысады. Исламда Пайғамбар Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі үлгі ретінде қарастырылады, және оның сүйіспеншілігі мен адамгершілігіне еліктеу – әрбір мұсылманның міндеті болып саналады. Мәуліт айында мұсылмандар пайғамбарды мадақтап, оның адамзатқа әкелген исламдық құндылықтарын, оның ішінде әділдік, шыншылдық, мейірімділік және сабырлық секілді қасиеттерді еске алады.

Мәуліт айында қазақ жерінде қандай шаралар өтеді? Мәуліт айында мешіттерде арнайы дұғалар оқылып, Құран хатым етіледі. Бұл айда мұсылмандар қайырымдылық жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Қазақ халқы Мәулітті кеңінен атап өтеді, бұл күндері жамағат жиналып, өнегелі насихат тыңдап, мұқтаж адамдарға садақа береді. Сонымен қатар Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арнап салауат айту дәстүрі де кеңінен таралған.

Мәуліт мерекесі қандай елдерде аталып өтеді? Бүгінде Мәуліт мейрамы Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді. Пәкістанда пайғамбардың туған күні үш күн бойы тойланатын ресми мереке саналады.

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) – Ислам дінінің негізін қалаушы және мұсылмандар үшін ең құрметті тұлға. Оның өмірі, ілімі мен өсиеттері мұсылман қауымы үшін имандылық, әділдік және мейірімділіктің үлгісі болып, әрдайым дұрыс жолға жетелейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2169280-maulit-aiy-degen-ne-zhane-mani-qandai/