RU
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.

Зектілері

Дүниеге ұл бала келсе, қуанған: кәрістер балаларын қалай тәрбиелейді

Жарияланған күні:

Диван үстіндегі балалар. Көрнекі сурет
Диван үстіндегі балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кәріс халқы өскелең ұрпақ пен бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Осы орайда, ұлттық құндылықтарды бала күнінен бойға сіңіретін кәріс халқының бүлдіршіндерді тәрбиелеуде қандай ерекшеліктері болуы мүмкін? Бүгінгі материалдан біле аласыздар.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Этнопедиатрия - әр елдің бала тәрбиесіндегі ерекшеліктерін зерттейтін жас ғылым саласы.
  • Кәріс отбасыларында бұрын ұл балаларға басымдық берілсе, қазір қыз балаларды да жоғары бағалайды.
  • Кәрістер балаларын еңбекқорлыққа, білімге ұмтылуға, отбасына адал болуға тәрбиелейді және ұлттық құндылықтарды дәріптейді.

Этнопедиатрия дегеніміз не?

Бала тәрбиелеуде әр елдің өзіндік ерекшелігі болады. Ғылымда әр мемлекеттің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарын зерттейтін ілімді этнопедиатрия деп атайды екен. Massaget.kz сайты ұсынған мәліметтерге сай, этнопедиатрия ғылымы жас әрі көп зерттеуді талап ететін көрінеді.

"Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Алайда, әр елдің балаларының бала тәрбиелеу ісі бір-біріне ұқсай бермейді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға бірдей нәрселер қажет. Олар: туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі.

Бала тәрбиесiндегi әр елдiң өзiндiк ерекшелiктерiн оқытатын ғылым бар. Оны этнопедиатрия деп атайды. Жас ғылым саласы деуге де болады", - деп жазылған мақалада.

Этнопедиатрия жайлы сөз қозғағанда, кәріс халқының өскелең ұрпақты тәрбиеулеудегі ерекшеліктеріне тоқталмау мүмкін емес. Осы орайда кәрістердің бала тәрбиеулеудегі ерекшеліктеріне тоқталып өтсек.

Орманда серуендеп жүрген отбасы. Көрнекі сурет
Орманда серуендеп жүрген отбасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұл немесе қыз: кәріс отбасыларында кімді көп күтеді?

Азияның көптеген еліндегідей кәріс отбасыларында да ұлдарға басымдық берілген екен. Кәрістер де ұлды бүтін бір әулеттің жалғастырушысы, соңынан қалған тұяқ деп қабылдайды екен. Коре Сарам басылымының хабарлауынша, аталған елде әлі күнге дейін дәрігерлер болашақ баланың жынысын ата-анасына айтпайды екен. Себебі, көптеген жас отбасы сәбидің қыз болатынын естісе, түсік жасататын көрінеді.

Басылымның мәліметінше, мұндай үрдіс, әсіресе осыдан 30-40 жыл бұрын ерекше белең алған. Тіпті, автор осыдан бірнеше жыл бұрын кәріс отбасының фотосуретіне көз түскенін айтады. Онда ол ортада әулет басшысы ақсақалдан бастап, оның жеті ұлы, сонымен бірге жеті келіні мен олардың алдындағы ұл бүлдіршіндерге көзі түскені айтылады. Себебі, бүлдіршіндердің шалбарының ауы әдейі тесілген көрінеді. Осы арқылы, егде жастағы кәрістер өзгелерге әулеттерінде тек ұлдар екенін әрі отбасының жалғасы болатынын мақтанмен көрсеткен екен.

Десе де, уақыт өте келе аталған "культ" өзгеріске ұшыраған. Бүгінде Корея мемлекетінде көптеген жас отбасылар керісінше қыздардың дүниеге келуін асыға күтеді екен. Мұның өзі - қаржылық қажеттіліктерден туындады, дейді мамандар. Себебі, кәріс халқы ұлдарға бәсекеге қабілетті бола алатындай білім беріп, отбасын асырай алатындай етіп өсіруге тырысады. Ал бұл өз кезегінде көп шығынды талап етеді.

"Бұл дегеніміз - 20-30 жыл бойы ұлдарға инвестиция құюмен пара пар болады. Қыздарға қатысты жағдай мүлдем басқаша. Оларға туғаннан бастап мұндай жауапкершілік жүктелмейді. Дегенмен кей отбасылар қыздарына да барынша көңіл бөліп, болашақта күйеуінен қаржылай тәуелсіз болуы үшін, бар жағдайды жасайды", - деп жазылған басылымда.

Күз мезгіліндегі кәріс сарайы. Көрнекі сурет
Күз мезгіліндегі кәріс сарайы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кәріс отбасыларындағы бала тәрбиелеу ерекшеліктері

Кәріс отбасылары балаларды қаталдықпен бірге бетінен қақпау қағидаттары бойынша өсіреді. Мәселен, сәби кезінде бөбектерді отбасы мүшелерінен бастап, тіпті көшедегі бейтаныс жандарға дейін еркелетуі мүмкін. Сонымен бірге, кәріс жанұялары балаларға барлық қажеттіліктерді әперуге тырысады. Сол себепті, сәбидің бөлмесі кейде ойын алаңына ұқсауы мүмкін, деп жазады Коре Сарам порталы.

Десе де, бала өсе келе кәріс халқында бала тәрбиесі қаталдана түседі. Мысалы, бала мектеп бітірген соң, шынайы ересек өмірмен бетпе бет келеді. Сондықтан, кәріс халқының жастары өте ұқыпты әрі зерек болады екен. Өйткені, оларды ата-аналары бала күнінен бастап осылай тәрбиелейтін көрінеді. Мамандардың айтуынша, кәріс мектептеріндегі оқушылар мектеп бағдарламасынан бөлек, қосымша сабақтарға көп уақыт жұмсайды. Тіпті, кейде балада жүктеме шамадан тыс көп болады, дейді мамандар.

Бұл мәселені жергілікті кәріс БАҚ да жиі көтереді. Олардың пікірінше, кәріс мектептерінде орта және жоғары сыныптарда өмірге еш қажетсіз әрі қайталама пәндер көп екен. Мұндай кәріс ата-аналары балаларды шамадан тыс жүктеме арқылы, тым шаршатып, денсаулығына нұқсан келтіретін көрінеді.

Сонымен бірге, кәріс халқы баланың бір жасын тойлауға баса мән береді. Бұл жөнінде Massaget.kz порталында жарыққа шыққан мақалада былай деп жазылады:

"Кәрістер балалардың өмірінің басталуын, оның бір жасқа толу жасын есептейді. Осы кезден бастап қана бала толыққанды адам болып есептеледі. Балалардың әрқайсысының бір жасқа толуын міндетті түрде атап өту керек, егер атап өтілмесе, онда ержеткенде баланың үйлену тойын, мерейтойын және т.б. тойларын атап өтуге болмайды. Сондықтан да ата-аналар балаларының бір жасын ерекше атап өтуге тырысады. Кәрістер үшін бала тәрбиесі - сөз бен істегі адалдық, мақсатқа жетудегі табандылық пен төзімділікке баулу".

Сол сияқты кәріс отбасыларындағы балаларды тәрбиелеу ерекшеліктерін төмендегідей етіп жіктеуге болады:

  1. Балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Кәрістер балабақшадан бастап кішкентай бүлдіршіндерді иіліп, рахмет айтуды үйретеді. Осы арқылы олар бөбектерге "үлкенге құрмет, кішіге ізет" тәлімін береді.
  2. Балаларға "сіз" деп айтқызып үйрету. Кәріс халқы бүлдіршіндердің өзіне бір-біріне "сіз" деп айтқызып үйретеді немесе отбасындағы балаларға бір-біріне "аға", "әпке" деп бауырмал етіп тәрбиелеуге тырысады.
  3. Балаларды ынталандыру үшін тәттілерді береді. Оңтүстік Кореяда тәртіпке ерекше мән беріледі. Сол себепті, балалар еркелеп, айтқанды тыңдамай қойса немесе оларды ынталандыру үшін, балабақшаларда тәттілерді жиі береді.
  4. Киімге көп мән бермейді. Кәріс ұлты балалардың киім кию үлгісіне көп мән бермейді. Олар үйдің үлкеніне бірнеше жасқа үлкен киім әперіп, үйдегі одан кіші балаларға осы киімдерді кигізуі мүмкін.
  5. Балаларды кез келген жерде ұйықтауға үйретеді. Кәріс балалары шулы жерге қарамастан, кішкентайынан тез ұйықтауға бейім келеді.
Конструктор құрап отырған бала. Көрнекі сурет
Конструктор құрап отырған бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Еңбекқорлық - кәрістердің бала тәрбиесіндегі басым бағыт

Кәріс жанұялары балалары болашақта білімсіз әрі кедей өмір сүрмеуі үшін, олардың біліміне баса мән береді. Сол себепті жастайынан еңбекқорлыққа баулиды. Осыған байланысты кәріс балалары мектеп бағдарламасынан бөлек, үй шаруасына да бейім келеді. Өйткені, ересектер оларды кішкентайынан көп жұмсап, өмірге бейімделуге үйретеді.

Сол сияқты кәріс отбасыларындағы балаларды тәрбиелеудегі тағы бір қағидат - ол ұйымшыл әрі отбасы мүшелерін жақын тарту. Бұл жөнінде сарапшылар, "азиялық" ұжымдастыру элементтеріне басымдық берілетінін айтады. Мәселен, еуропалық отбасылар үшін, отбасыңа адал болу, жақындарыңа жәрдемдесу қағидалары жат болуы мүмкін. Ал, кәрістер үшін бұл қалыпты жағдай. Тіпті, өмірлік ұстанымдарының бірі, дейді мамандар.

Көргеніміздей, кәріс халқы бала тәрбиесіне баса мән береді. Әсіресе, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен еңбекқорлыққа баулу жағынан аталған ұлттан үйренетініміз, әрине көп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2180138-duniege-ul-bala-kelse-quangan-karister-balalaryn-qalai-tarbieleidi/

Жарияланымға реакцияңыз?

Пікірлер жүктелуде

jitsu gif