Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шығыстың жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Шоқан Уәлиханов
Шоқан Уәлихановтың бейнесі. Көрнекі сурет: aqmoedu.kz

Шоқан Уәлиханов — қазақ мәдениетін әлемге танытқан ғалым. Оның саяхат күнделіктері ғылыми тұрғыдан үлкен маңызға ие. Ғалымның өмірбаяны мен шығыстану саласына қосқан үлесін қазіргі заманғы ғалымдар әлі де зерттеп келеді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Шоқан Уәлиханов - қазақ мәдениетін әлемге танытқан, тарих, этнография және фольклор саласында зерттеулер жүргізген алғашқы кәсіби энциклопедист-ғалым.
  • Ол Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп, бірнеше экспедицияға қатысып, "Манас" жырының алғашқы ғылыми жазбасын жасады және Шығыс Түркістан туралы құнды мәліметтер жинады.
  • Шоқан Уәлиханов қазақ қоғамының өміріне белсене араласып, халық мүддесін қорғады, ағартушылық реформалар жасады және қазақ тарихын зерттеп, үш жүз қазақтарының бір халық екенін дәлелдеді.

Шоқан Уәлихановтың қамшының сабындай қысқа ғұмыры

Шоқан Уәлиханов кім болған? Философия ғылымдарының докторы Раушан Иманжүсіп айтқандай, Шоқан Уәлиханов – қазақ ғылымы тарихындағы алғашқы кәсіби энциклопедист-ғалым. Оның қазақ тарихы, этнографиясы, фольклоры саласындағы зерттеулері қазіргі заманғы ғалымдар зерттеп жүрген тақырыптардың қайнар көзі болып саналады. Шоқан саяхатшы, ағартушы, шығыстанушы ретінде ел тарихында есімі жазылған.

Шоқан Уәлиханов – чингизидтер әулетінен шыққан, Абылай ханның шөбересі, үш жүздің соңғы ханы Кенесары Қасымұлының жиені. Оның атасы Уәли хан – Абылай ханның 30 ұлының бірі болған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханов – Омбы облысы Аманқарағай округінің аға сұлтаны.

Шоқан Уәлиханов қай жерде дүниеге келген? Ғалым Аманқарағай округіндегі Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Бүгінде бұл Қостанай облысы, Әулиекөл ауылынан 50 шақырым жерде орналасқан Құсмұрын елді мекені. Shoqan.kz жобасы сайтында ғалымның нақты туған жері мен күні белгісіз екені айтылған, тек 1835 жылдың қараша айында дүниеге келгені мәлім.

Шоқан дүниеге келген кезде оған Мұхаммед-Қанафия есімі қойылған. Шоқан (Чоқан) деген лақап есімді оған анасы немесе әжесі қойған және ол ресми есім болып бекітілген. Ғалымның әжесі Айғаным, сауатты әрі жігерлі, әулеттің басшысы болып, Шоқанның дамуына үлкен ықпал еткен. Ол немересіне халық аңыздары мен жырларын айтып беріп отырған.

7 жасынан бастап Шоқан қазақ мектебінде оқып, ана тілін, сондай-ақ араб, парсы, қыпшақ-шағатай тілдерін меңгерген. Сурет салу дағдыларын бекіністе қызмет атқарған орыс топографтарынан үйренген.

12 жасынан бастап Шоқан Уәлиханов Омбыдағы Сібір кадет корпусында білім алды. Ол орыс тілін тез меңгеріп, ерекше есте сақтау және зерттеушілік қабілеттерін көрсеткен. Бұл оқу орны әскери біліммен қатар жаратылыстану және гуманитарлық пәндер, еуропалық және шығыс тілдері бойынша тереңдетіп білім берген.

Шоқанның бала кезі
Шоқан Уәлихановтың Кадет корпусына түскен кезі. Көрнекі сурет: Wikimedia/Xhancock

Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын бітіргеннен кейін білімді жас офицерді Батыс Сібірдің генерал-губернаторының жанында қызметте қалдырды. Shoqan.kz сайтындағы экспедициялар бөлімінде Уәлихановтың офицерлік қызметі оған ауырлық тудырғаны, бірақ Омбы архивіне баруға, Орталық Азия елдерінің тарихы мен этнографиясын зерттеуге мүмкіндік бергені айтылады.

1855-1859 жылдары Шоқан Уәлиханов Іле Алатауы мен Ыстықкөлдегі экспедицияларға қатысып, Құлжада дипломатиялық миссия атқарды және қауіпті Кашқарияға сапар жасады. Сапардағы ауыр жағдайлар мен қауіптерден пайда болған жүйке қысымы жас ғалымның денсаулығына зиянын тигізіп, оны құрт ауруы мазалай бастады.

1860 жылы Шоқан Уәлиханов Петербургке аттанды. Астанада ол негізгі штабта қызмет етіп, кейін Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментіне ауыстырылды. Сондай-ақ, Ресей Географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды. Петербургте 15 ай тұрған Уәлиханов ғылыми жұмысымен айналысып, ғалымдармен, ақын-жазушылармен кездесті. Ол өткір ойлы, керемет пікірсайыс шебері ретінде ерекшеленді. Петербургтің климаты оның денсаулығын одан сайын нашарлатып, ол әкесінің ауылына қайтып оралды. Даланың таза ауасы мен қымызы оның денсаулығын жақсартты. 1862 жылы Шоқан Уәлиханов аға сұлтан сайлауына қатысып, жеңіске жетті, бірақ халық арасында ықпалы жоғары болғандықтан, шенеуніктер оның кандидатурасын бекітпеді.

Жас ғалымды қайтадан Петербургке шақырды, бірақ оның денсаулығы нашарлап, сапарға шығуға мүмкіндігі болмады. Верныйдан шыққан соң ол Тезек ауылына тоқтап, сол жерден даланың сұлуы Айсарыны жолықтырып, некелеседі. Алайда отбасылық бақыт небары жарты жылға созылды.

Шоқан Уәлиханов қалай қайтыс болды? Ғалымның құрт ауруы асқына түсті. Ол 1865 жылы 10 сәуірде 30 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Өлімінің себебі улану деген болжамдар болғанымен, бұған нақты дәлел жоқ.

Шоқан бейнесі
Шоқан Уәлихановтың саяхат кезіндегі суреті. Көрнекі сурет: massaget.kz

Шоқан Уәлихановтың ғылымға қосқан үлесі

Шоқан Уәлиханов – Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеген саяхатшы әрі ғалым ретінде танымал. Ол бірнеше экспедиция барысында ғылыми материалдар жинақтаған:

  • 1855 жылы Омбыдан Семейге дейін, Іле Алатауының етегіне дейінгі жолды жүріп өтті, мұнда Верный бекінісінің негізі қаланған болатын. Ол тарихи ескерткіштермен танысып, аңыздарды жазып алды.
  • 1856 жылы Ыстықкөлдегі үлкен экспедицияға қатысты. Ол ауқымды фольклорлық материалдар мен табиғат коллекцияларын жинады. Ежелгі қала мәдениетін, сәулет өнерін және ескерткіштерді зерттеді. Дала "Илиадасы" деп бағаланған "Манас" жырының алғашқы ғылыми жазбасын жасады.
  • 1856 жылдың тамызында Құлжада дипломатиялық миссия орындады. Сол кезде Қытаймен әлсіреген сауда қатынастарын реттеу, даулы шекара мәселелерін шешу қажет болды.
  • 1858-1859 жылдары жарты жыл бойы көпес ретінде Шығыс Түркістандағы Қашқарияда өмір сүрді. Жергілікті ақсүйектер қытай үстемдігіне қарсы күрескенімен, бұл аймақ бірнеше ғасыр бойы еуропалықтардан оқшау өмір сүрген еді. Уәлиханов Шығыс Түркістанның өткен тарихы мен қазіргі жағдайы, саяси және экономикалық құрылымы туралы құнды мәліметтер жинады, бірегей қолжазбалар, монеталар мен тау жыныстары коллекцияларын алып, тұрғындардың суреттерін және олардың кәсіптерін қарындашпен салды.

Экспедициялар кезінде жазған жазбаларында Уәлиханов ерекше зейінін, ғылыми білімі мен жазушылық талантын көрсетті. Қашқария туралы есебі осы аймақтың тарихы мен географиясы бойынша алғашқы ғылыми еңбек және шығыстану саласына үлкен үлес болып саналады.

Шоқан Уәлиханов Петербургте өмір сүрген кезінде Шығыс туралы дәрістер оқып, журналдармен ынтымақтастық орнатты, энциклопедия шығару жұмыстарына қатысты, шығыс қолжазбаларын зерттеп, астананың кітапханалары мен архивтерінде жұмыс істеді. Ғалымның жазған ғылыми еңбектері мыналар:

  • "Шығыс Түркістанның сипаттамасы";
  • "Жоңғария очерктері";
  • "Абылай";
  • "Шона батыр";
  • "Тарихи Рашиди";
  • "Қоқан хандығы туралы жазбалар".

Шоқан Уәлиханов Қазақ елі үшін не істеді? Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сайтында жарияланған ғалымның өмірбаянында 1862-1864 жылдары оның қазақ қоғамының өміріне белсене араласқаны, қарапайым халықтың мүддесін қорғағаны, шенеуніктерге, байлардың озбырлығына қарсы шыққаны жазылған. Ол ағартушылық, әкімшілік және сот реформаларының жобаларын жасады. Осы мақсатта ғалым қазақ даласын аралап, әдет-ғұрып және құқық жүйесін зерттеді.

Шоқан Уәлихановтың ғылыми жетістіктерінде Орта жүз Қазақ хандығының тарихын зерттеудің ерекше маңызы бар. Сол кезде мемлекеттегі бұл бөлік қазақтардан өзгеше бір этностың мекені деген пікір болған. Шоқан Уәлиханов экспедицияларында далалық зерттеулер жүргізіп, Ұлы жүз, Кіші және Орта жүз ортасында бір ғана халық, яғни қазақтар өмір сүретінін дәлелдеді.

Шоқан Уәлиханов әлемде көрнекті шығыстанушы ретінде мойындалды. Оның еңбектері Еуропада жарияланған. Ғалымның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Қазақ ғалымы қысқа өмір сүрді, кейінгі ұрпақ оны жарқ еткен жұлдыз деп атайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2180823-shygystyng-zharyq-zhuldyzy-shoqan-ualihanov-turaly-ne-bilemiz/