Әлемнің әр елінде балаларды мектепте қалай тамақтандырады
Жарияланған күні:

Әлем елдерінде мектеп оқушыларының тамақтануы әр түрлі дәстүрлер мен мәдениеттерге негізделген. Бұл мақаламызда кейбір елдердегі мектеп асханаларының ерекшеліктері мен тағам түрлері туралы мәліметтер берілді.
- Мақалада әлем елдеріндегі мектеп оқушыларының тамақтану ерекшеліктері туралы баяндалады.
- Ұлыбритания, Жапония, Франция, Үндістан және Бразилия мектептеріндегі тамақтандыру жүйесі мен мәзірлері сипатталған.
- Әр елдің мектеп асханаларындағы тағам түрлері, тамақтандыру бағдарламалары және олардың оқушылардың денсаулығы мен білім алуына әсері туралы мәліметтер берілген.
Ұлыбритания
Ұлыбритания мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз еткен алғашқы ел болып саналады. 1906 жылы үкімет мектеп оқушыларына тегін тамақ беру туралы алғашқы шешім қабылдады.
1939 жылдан бастап оқушылардың тамағы мемлекеттік бюджет есебінен беріліп, әсіресе аз қамтылған отбасылардың балаларына таңғы ас тегін ұсынылды. 1945 жылға қарай 1,5 миллионнан астам мектеп оқушысы күн сайын тегін таңғы аспен қамтылды, бұл көрсеткіш 1939 жылмен салыстырғанда 10 есе көбейген.
"The provision of school meals since 1906: progress or a recipe for disaster?" мақаласындағы ақпаратты негізге алсақ, 1980 жылы биліктің ауысуына байланысты тамақтандыру жүйесіне деген көзқарас түбегейлі өзгерген. Оқушыларды тамақтандыру қаржылық шығындарды арттыратыны жайлы айтылып, сынға алынды. Нәтижесінде одан кейінгі онжылдықта көптеген британдық оқушы тегін таңғы ас пен түскі астан айрылып қалды.
Бұл өзгерістен соң оқушылардың тамақтануы айтарлықтай нашарлады. Олар арзан әрі денсаулыққа зиянды тағамдарды тұтынуға мәжбүр болды. Соның салдарынан қантты тұтыну деңгейі 30 пайызға артты. Балалардың үштен бірі тек ақ нан, чипс, тәттілер мен газдалған сусындар тұтынып, жемістер мен көкөністерді аз жеді. Бұл балалар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары, тыныс алу жолдарының аурулары, остеопороз және онкологиялық аурулар сияқты денсаулық мәселелерінің көбеюіне себеп болды.
Жапония
Жапонияда мектептегі тамақтандыру оқу процесінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Егер отбасының мектептегі түскі асын төлеуге мүмкіндігі болмаса, балаға тегін тамақ беріледі. Балалар күнделікті мектепке дастархан, таяқша және тіс щеткасын алып келуі керек. Мәзірде көбіне сорпа, күріш немесе картоп, ет немесе балық, нан және міндетті түрде сүт болады.
Жапон мектептерінде түскі ас дайындау үшін мұздатылған ингредиенттер қолданылмайды. Көп жағдайда тағамдар мектептерде жаңадан пісіріледі. Тамақ пісіру процесі оңтайландырылған, ал гигиена мен тамақтану барысын бақылау асханада жүзеге асырылады.
Жапонияда мектептегі түскі асқа қатысты негізгі ұсыныстар "Мектеп түскі асы туралы заңда" жазылған, бірақ бұл ұсыныстар шамамен берілген және калория мөлшері бойынша нақты нұсқаулар жоқ. Көптеген мектепте тағам рецебі диетологтармен әзірленеді, ал мәзірдің теңгерімділігіне жеткілікті назар аударылады.
Жапон оқушылары мектепте тамақ ішкенде үстел басында мұғалімдермен бір дастарханда отырып тамақтанады. Әдетте түскі асты мектеп директоры бастайды. Бұл мәдениетте тамақтану үрдісі тек ас ішумен шектелмей, балалар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі.

Франция
Францияда мектептегі түскі астың құны отбасының қаржылық жағдайына байланысты анықталады. Әр оқу жылының басында ата-аналар жалақысы, әлеуметтік төлемдері туралы толық ақпаратты және салық декларациясын тапсыруы қажет. Бұл мәліметтерге сәйкес отбасы мүшелерінің санына қарай отбасылық коэффициент есептеледі және осының негізінде түскі астың құны белгіленеді. Мұндай жүйе отбасының қаржылық жағдайын ескеріп, барлық бала үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Француз мектептеріндегі түскі ас мейрамханалардағы мәзірге өте ұқсас. Ас мәзірінде грейпфрут, көк бұршақ қосылған тауық еті, күріш ботқасы, мандарин, сарымсақ және қияр салаты, балық пен картоп, йогурт сияқты тағамдар бар. Тамақтануға арналған үзіліс 1-2 сағатқа созылады, бұл оқушыларға жайлы әрі толыққанды тамақтану мүмкіндігін береді. Мұндай жүйе мектеп асханаларын жоғары сапалы әрі пайдалы тағамдар ұсынатын орындар ретінде қалыптастырады.
Үндістан
Үндістанның барлық мемлекеттік мектебінде тегін тамақтану бағдарламасы бар. Күн сайын 150 миллион оқушы осы бағдарлама аясында тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Олардың күнделікті мәзірінде күріш, нан үгіндісі, көкөніс немесе балық қосылған карри, бір стақан сүт немесе йогурт, пісірілген жұмыртқа сияқты тағамдар бар. Бұл тағамдар оқушылардың денсаулығына қажетті барлық қоректік затты қамтиды әрі олардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етеді.
Үндістан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету арқылы олардың оқуға деген ынтасын айтарлықтай арттырды. Бұл жүйе тек білім сапасын жақсартумен шектелмейді, сонымен қатар касталық-әлеуметтік стратификациямен күресуде маңызды рөл атқарады. Тегін тамақтану бағдарламасы арқылы әр түрлі әлеуметтік топтың балалары бір дастархан басында отырып, бірдей тағамды бірге жейді, бұл олардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті жоюға көмектеседі. Үндістанның түскі ас бағдарламасы қазіргі уақытта PM Poshan деп аталады. Бұл бағдарлама арқылы аз қамтылған балалардың аш қалмауына ерекше мән береді.

Бразилия
Бразилияда барлық мемлекеттік мектепте оқушылар міндетті түрде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Pulitzer Center ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бұл бағдарлама 60 жылдан бері жұмыс істеп келеді және елдегі білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналған. Күнделікті мәзірде күріш, тауық және сиыр еті, бұршақ, жемістер мен көкөністер, сүт, шырындар және кокос суы сияқты тағамдар ұсынылады. Мұндай тамақтандыру жүйесі балалардың дұрыс тамақтануына ықпал етіп, олардың денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Бразилия мектептерінде газдалған сусындар ішуге тыйым салынған, себебі балалардың денсаулығына зиян келтіретіндігі белгілі. Сонымен қатар тамақтың түрі әр аймаққа байланысты өзгеріп отырады, яғни әр аймақ өзіне тән дәстүрлі тағамдарын мәзірге қосады. Бұл жергілікті мәдениеттің сақталуына және балаларға аймақтық тағамдардың артықшылықтарын көрсетуге мүмкіндік береді.

Бразилия мектептеріндегі тамақтану бағдарламасы алғаш рет 1954 жылы балалардың аштықпен күресіп, мектепке қатысуын жақсарту мақсатында енгізілген. "Бастапқыда балаларды мектепке барғанға дейін тамақтандыру туралы айтылған еді, - дейді мектептегі тамақтану бағдарламасының халықаралық кеңесшісі Эдуардо Маньяри.
Кей балалар өте аш еді. Ал тамақтану бағдарламасы арқылы олар мектепке жиі келіп, сабақ оқи бастады.
Бағдарлама бастапқыда елдің ең кедей аймақтарына ғана бағытталды. 2003 жылы бұл "Нөлдік аштық" ұлттық бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Аталған бағдарлама аштықты азайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сол кездегі бағалау бойынша Бразилияның жалпы халқының 28 пайызы, яғни 44 миллион адам, күніне 1 доллардан аз табыс табатын еді. Бірақ "Нөлдік аштық" бағдарламасы кедейлік пен аштық деңгейін төмендеткен сайын семіздікпен байланысты денсаулық мәселелері де артты.
2009 жылы үкімет мектептегі тамақтану туралы заң қабылдады, оған сәйкес барлық мемлекеттік мектептің оқушылары тағаммен қамтамасыз етілуі керек еді. Осыдан кейін артық салмақ пен семіздік ұлттық проблемаға айналды. Қазіргі таңда Бразилияның 5-9 жас аралығындағы балалардың үштен бірінде артық салмақ мәселесі бар. Сол себептен де мектепте берілетін тағамдардың калориясы төмен болуы шарт және қант құрамы мөлшерден аспауға тиіс.
Басқа да елдердің мектептеріндегі ас мәзірін LiveJournal, "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қоры сайтының сілтемелері арқылы көре аласыздар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2192586-alemning-ar-elinde-balalardy-mektepte-qalai-tamaqtandyrady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.