RU
Бос уақыт
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.

Зектілері

Садақаны қалай және кімге берген дұрыс

Жарияланған күні:

Адамның қолы
Қолын созып тұрған адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ислам діні теңдік пен бірлік орнатып, бай мен кедейді жақындастырды әрі адамдарға бір-біріне қол ұшын беру арқылы қамқор болуды міндеттейді. Мұсылман қауымында өзгелерге көмектесу, әлсіздерді қорғау, қоғамның игілігі үшін еңбек ету сауапты іс болып саналады. Игі істердің бірі ретінде садақа беруді айтуға болады. Ал садақаны қалай және кімге беру керегі жөнінде діни дереккөздерді негізге ала отырып, ақпарат ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Құран Кәрімде садақа беру туралы аяттар келтіріліп, оның маңыздылығы айтылған. Мысалы "Бақара" сүресінің 215-аятында мал-мүлікті қалай жұмсау керектігі түсіндірілген.
  • Садақаны тек үш жағдайда сұрауға болады: табиғи апаттан зардап шеккендер, жағдайы өте нашар кедейлер және адамдарды татуластыру үшін мал-мүлік тасымалдаушылар. Бұл туралы Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері бар.
  • Садақаны кез келген адамға беруге болады, бірақ ең мұқтаж жандарға берген абзал. Бұған қатысты хадисте садақаның әр түрлі адамдарға тигізетін оң әсері туралы айтылған.

Садақа жайлы Құранда не айтылған?

"Зарият" сүресінің 19-аятында былай делінген:

"Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар".

Ал адам баласына Алла берген дәулетті қайда, қалай жұмсауы керегі жайында "Бақара" сүресінің 215-аятында былай баяндалады:

"Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керегі жөнінде сұрайды. Сен айт: "Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір жолаушыға ма, бәрібір әйтеуір жасаған қайырларыңды бір Алла білмей қоймайды".

Ислам дінінде Жаратушы Алла пендесін мал-мүлікпен де сынайтыны, ал ібіліс адамды сараң болуды үгіттеп, садақа беруден тосатын болады деп айтылады. Бұл жайлы Құран Кәрімдегі "Әли Имран" сүресінің 180-аятынан көруге болады.

"Алла берген несібені (игілікке) жұмсамай, сараңдық жасағандар қараулығы өздеріне пайда жеткізеді деп ойламай-ақ қойсын. Ол – өздеріне зиян. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күнінде мойындарына шынжыр болып оралады. Жер-көктегі игіліктің иесі Алла. Кімнің не істегенін бір Алла түгел көріп тұрады".

Садақаны кімге беру керек?

Садақа берудің де өзіндік қағидалары бар. Бұл жөнінде muslim.kz сайтында былай жауап берілген:

Ислам діні адам баласына еңбек етіп, адал табыс табуға үндейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абдулла бин Аббасқа (р.а.): "...Сұрар болсаң тек Алладан сұра. Ал жәрдем қаласаң, тек Алладан жәрдем тіле", - деп өсиет еткен.

Ал қайыршылықпен айналысудың жамандығы жайлы Әбу Һурайра (р.а.): "Кімде-кім байып кету үшін адамдардан қайыр тілейтін болса, оның сұрағаны – оттың шоғы. Қаласа аз алсын, қаласа көп етіп алсын", - деген хадисті риуаят еткен.

Қайыр тілеуді кәсіп ету адамды абыройдан айырады. Бұл жөнінде Ибн Омар (р.а.): "Сендердің бірің Алла тағала құзырына барғанға дейін қайыр тілеуін тоқтатпаса, оның бетінде бір кесек еті қалмайды", - деп ескерткен.

Адам қандай жағдайда қайыр тілеуге болады?

Жоғарыда мысалға келтірген хадисті негізге алсақ, адам баласы тек үш жағдайда ғана қайыр тілей алады:

  1. Су тасқыны, өрт, құрғақшылық және басқа да табиғи апаттар салдарынан мал-дүниесінен айырылған адам;
  2. Сіңірі шыққан кедей. Жоқшылыққа тап болғаны көрші-қолаңына белгілі адам;
  3. Адамдардың арасын татуластыру үшін берілетін мал-мүлікті тасушы.

Муслим, Насаи, Әбу Дауд, Ахмед риуаят еткен хадистерге сүйенсек, Пайғамбар (с.ғ.с.) Әбу Бишр Қабиса бин Мұхариққа (р.а.) былай деген:

"Қайыр сұрау тек үш адамға рұқсат. Бітімге берілетін дүние-мүлікті тасымалдаушы кісіге, мал-дүниесіне апат келген кісі жағдайын түзегенше және жоқшылыққа тап болған кісі жағдайын түзегенше, оның қауымынан үш кісі: пәленше жоқшылыққа тап болды деп айтса. Ей, Қабиса! Бұдан басқаларға қайыр сұрау – харам. Бұлай мал тапқан адам – харам жеуші", - деген.

Зекеттен басқа кез келген садақаны мұсылманға да, мұсылман емес адамға да беруге болады. Тек аса мұқтаж адамға берген жөн. Осыған байланысты мынадай ғибратты хадис бар:

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді: "Бәну Исраилден бір кісі мен садақа жасаймын деп нәзір етеді. Ол біреудің қолына садақа беріп кетеді. Ертеңгі күні жұрт ұрыға біреу садақа беріпті деп айта бастайды. Әлгі кісі "Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын", - деді.

Екінші күні тағы садақа жасауды нәзір етеді. Түнделетіп бір әйелдің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт бүгін түнде жезөкшеге садақа беріпті деп айта бастады. Әлгі кісі "Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын", - дейді. Ол тағы да садақа беруді нәзір етеді. Түнде шығып біреудің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт таңертең бай адамға садақа беріліпті деп айта бастайды. Сонда: "Уа, Алла! садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын!", - дейді. Сонда садақа берушіге түсінде: "Ұрыға берген садақаң оны ұрлық жасаудан сақтайтын шығар, жезөкшеге берген садақаң оны ойнастықтан сақтайтын шығар, ал байға берген садақаң оны ғибраттандырып, өзіне Алла берген байлықтан адамдарға да бере бастайтын шығар", - делінген екен.

Бұл хадистен қандай ғибрат алуға болады? Мұны muslim.kz сайты былай жазады:

  • Садақа алуға лайықты емес адам болса да, берушінің ниеті түзу болса, оның садақасы қабыл болады.
  • Садақаны жасырып беру және амалда ықыластың орны.
  • Садақа берудің артықшылығы. Садақа берушіге, алушыға және жалпы қоғамға әлеуметтік пайдасы.
  • Мұқтаж жандарға қол ұшын берумен адам жанын тазартуға ұмтылуы.

Садақа тек кедей-кепшікке көмек көрсету ғана емес, ол адамның жүрегін жұмсартуға, жанашырлық сезімін оятуға, қоғамды жақсартуға бағытталған құндылық ретінде көрсетіледі. Әрбір мұсылманның мүмкіндігіне қарай садақа беруі, айналасындағы адамдарға қол ұшын созуы тек сауапты амал ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы теңдікті, әділдікті қалыптастыруға да үлес қосады. Сондықтан садақаның маңызы тек материалдық емес, рухани тұрғыдан да ерекше. Ол адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттырып, мейірім мен қамқорлықты қоғамның басты қағидасына айналдыруға септігін тигізеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/leisure/holidays/2197239-sadaqany-qalai-zhane-kimge-bergen-durys/

Жарияланымға реакцияңыз?

Пікірлер жүктелуде

jitsu gif