Top.Mail.Ru

Зектілері

Еуропа елдерінде әскерге қалай алады: әр елдің ережесі туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Әскер адамы
Әскери сәлемдесіп тұрған сарбаз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Еуропа елдерінде әскери қызметке шақыру жүйесі тарихи, саяси және әлеуметтік ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі болып келеді. Кейбір мемлекеттер міндетті әскери қызметті сақтап қалса, басқалары оны ерікті негізге ауыстырған. Бұл мақаламызда Еуропа елдеріндегі әскер туралы мәліметтер ұсынамыз.

Еуропа елдеріндегі әскерге алу ережесі қандай?

Екі мыңыншы жылдардың басында Еуропада демилитаризация үрдісі қарқын ала бастады. Алғашқы болып Франция мен Испания міндетті әскери қызметтен бас тартты, кейін бұл бастаманы басқа да Еуропа елдері жалғастырды. Алайда, уақыт өте келе, бұл шешімнің тым асығыс қабылданғанын түсінген елдер болды.

2015 жылы Литва мен Швеция әскерге шақыру жүйесін қайта енгізді. Сол жылы Австрия мен Швейцарияда референдум өтіп, тұрғындардың көпшілігі міндетті әскери қызметті сақтап қалуды қолдады.

Бұл елдермен қатар Грекия, Дания, Эстония және Норвегия азаматтарына Отан алдындағы борышын өтеу міндеттелген. Данияда кәмелеттік жасқа толған азаматтар әскери қызметте 4 ай болса, Эстонияда бұл мерзім 11 айға дейін созылады. Скандинавия елдерінде әскери борышты өтеу 19-45 жас аралығындағы азаматтарға жүктелген. Әскери қызметтен бас тартқандарды бір жылға дейін түрмеге қамау жазасы күтеді.

qazaqstan.tv ұсынған ақпаратты негізге алсақ, бүгінде Еуропаның бірнеше елінде азаматтар Отан алдындағы борышын өтеу міндеттелген. 2023 жылдың 1 шілдесіен бастап бұл қатарға Латвия қосылды. Елдің парламенті "Мемлекеттік қорғаныс қызметі" туралы заң қабылдап, 18-27 жас аралығындағы ер азаматтарды міндетті әскери қызметке шақыруды бекітті.

Міндетті әскери қызметті сақтаған елдер

"European countries with mandatory military service" дереккөзіне сүйенсек, Литвада 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар әскерге шақырылады, қызмет мерзімі 9 айды құрайды. Швецияда 19-45 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер әскерге шақырылуы мүмкін, қызмет мерзімі - 12 ай.

  • Дания. Кәмелеттік жасқа толған азаматтар 4 айлық әскери қызметтен өтеді. Әйелдер ерікті түрде қызмет ете алады.
  • Эстония. 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар 8-11 айлық әскери қызметке міндетті. Әйелдер ерікті түрде қатыса алады.
  • Грекия. 19-45 жас аралығындағы ер азаматтар үшін 9 айлық міндетті әскери қызмет бар. Әйелдер әскерге шақырылмайды, бірақ ерікті түрде қызмет ете алады.
  • Норвегия. 2015 жылдан бастап 19-44 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін міндетті әскери қызмет енгізілді, қызмет мерзімі 12 ай.
Еуропа елдері
Картадағы Еуропа елдері. Көрнекі сурет: pixabay.com

Міндетті әскери қызметтен бас тартқан елдер

Еуропаның кей елдері әскери міндеттен бас тартқан. Олардың қатарында мына елдер бар:

  • Франция. 1997 жылы міндетті әскери қызметтен бас тартып, кәсіби әскерге көшті. Дегенмен соңғы жылдары жастарды әскери дайындықтан өткізу туралы пікірталастар қайта жанданды.
  • Испания. 2001 жылы міндетті әскери қызметті тоқтатып, толық кәсіби армияға өтті.
  • Германия. 2011 жылы міндетті әскери қызметті тоқтатты, бірақ 2022 жылы оны қайта енгізу туралы пікірталастар болды.
  • Лихтенштейн. 1886 жылдан бері Лихтенштейндегі әскери жүйе мүлде жойылған. Бұл шешім елдің шағын әскеріне (80 адам) жұмсалатын шығындардың тиімсіздігіне байланысты қабылданған. Қазіргі уақытта Лихтенштейн қорғаныс саласында өзіне көршілес Германия, Австрия және Швейцарияның қолдауына сенім артады.
  • Исландия азаматтары өз қауіпсіздігіне толық сенімді. qamshy.kz ұсынған мәліметті негізге алсақ, бұл елде әскер мүлдем жоқ. Тек 130 адамнан тұратын жағалау күзеті, үш патрульдік кеме, үш тікұшақ, катер және ұшақ қана бар. Ал әскери қызметті таңдаған исландиялықтар Норвегиямен жасалған екі жақты келісім аясында сол елдің әскерінде қызмет етуге мүмкіндік алады. Қауіпсіздік пен қорғаныс мәселесінде Исландия НАТО-ның қолдауына толықтай арқа сүйейді.

Әскери міндеттің ерекшеліктері

Әрбір елде әскери міндетті атқаруға қатысты ерекшеліктер бар. Мысалы:

  • Швейцария. Міндетті әскери қызмет сақталған, бірақ азаматтар қызметті үйрену жиындары арқылы өтеді. Әрбір ер азамат бірнеше жыл бойы қысқа мерзімді әскери дайындықтан өтеді.
  • Австрия. Міндетті әскери қызмет бар, қызмет мерзімі 6 ай. Альтернативті азаматтық қызмет 9 айды құрайды.

Ал forbes ұсынған мәліметке сүйенсек, Хорватияның қарулы күштерінде 18 жастан асқан азаматтар өз еркімен қызмет ете алады. Мұндай мүмкіндік ел НАТО-ға қабылданардан бір жыл бұрын пайда болды. Хорватия армиясы көршілес елдермен салыстырғанда айтарлықтай үлкен.

Еуропа елдерінде әскер қатарына қабылдау талаптары қандай?

Еуропаның әрбір елі өз әскери саясатын елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қажеттіліктеріне қарай бейімдеп жасайды, сондықтан қабылдау талаптары елге байланысты өзгеріп отырады. Әдетте әскерге шақырылатын немесе ерікті түрде қызметке баруға болатын жас мөлшері 18-27 жас аралығы. Кей елдерде жас шектеуі басқаша, мысалы, Норвегия мен Швейцарияда 19-45 жас аралығында әскерге қабылданады.

  • Әскери қызметке жарамды болу үшін физикалық және психологиялық тұрғыдан сау болу қажет.
  • Медициналық тексеріс міндетті, бұл кезде денсаулыққа қатысты әртүрлі аспектілер (жүрек, көру, есту, физикалық төзімділік) бағаланады. Кейбір елде психологиялық сынақтардан өту талап етіледі. Бұл әскерде қызмет етуге эмоционалдық тұрақтылық пен төзімділік деңгейін анықтау үшін қажет.

Бірқатар елде әскерге ер адамдар ғана міндеттеледі. Мысалы Грекия. Ал Норвегия, Швеция, сияқты елдерде әйелдер де міндетті немесе ерікті әскери қызметке қабылданады. Көптеген елде негізгі орта білімнің болуы талап етіледі. Кейбір арнайы әскери қызмет түрлеріне (мысалы офицерлерге) жоғары білім немесе техникалық дағдылар қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2206743-europa-elderinde-askerge-qalai-alady-ar-elding-erezhesi-turaly-ne-bilesiz/