Зектілері

Темекі жарнамасына тыйым және рецепт бойынша сату: әлемде шылым шегуге қарсы қалай күреседі

Жарияланған күні:

Темекіні бөлген адам
Темекіні ортасынан бөлген ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бүкіл әлемде жыл сайын 8 миллионнан астам адам темекінің салдарынан өмірімен қоштасады. Шылым шегуге қарсы күрес – денсаулық сақтау саласындағы жаһандық саясаттың маңызды бөлігі. Әлемнің әр елінде шылымға қатысты шектеулер енгізілген.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Әлемдегі көптеген елде темекі өнімдерін тұтынуға қарсы күресу мақсатында заңнамалық шектеулер енгізілген, оның ішінде қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салу, жарнамаға шектеулер қою және темекі өнімдерінің бағасын көтеру сияқты шаралар бар.
  • Ирландия, Мексика, Канада, Ұлыбритания және Жапония сияқты елдер темекіге қарсы күресте алдыңғы қатарда, олар қатаң заңдар қабылдап, шылым шегуді азайтуға бағытталған әр түрлі стратегияны жүзеге асырып келеді.
  • Қазақстанда да темекі өнімдерін тұтынуға қатысты шектеулер енгізілген, оның ішінде қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салу және темекі өнімдерінің бағасын көтеру шаралары бар.

Ирландия

Әлем бойынша барларда, мейрамханаларда және жұмыс орындарында шылым шегуге толық тыйым салған алғашқы ел – Ирландия. Тиісті заң 2004 жылғы 29 наурызда күшіне енді. Заңның мақсаты – халықты пассивті шылым шегудің зиянды әсерінен қорғау және қоғамдық орындардың экологиялық жағдайын жақсарту болды.

Британдық The Guardian газетінің жазуынша, заңға қарсы пікір білдірушілер оны қабылдауға түрлі дәлел келтірді, олардың ішінде жұмыс орындарының қысқаруы және экономикалық теріс әсер туралы гипотезалар да болды.

Сонымен қатар Ирландияның Денсаулық сақтау және шылым шегуге қарсы күрес қоғамы, Ирландияның жүрек ауруларына көмек қоры сияқты түрлі қоғамдық ұйымы бірігіп, министрдің ұсынысын қолдайтынын білдірді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша Ирландияның бұл жаңашыл бастамасы әлемнің көптеген елінде осындай тыйымдардың енгізілуіне түрткі болды.

Стоп жазуы
Темекі түтіні және стоп жазуы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстан

Қазақстанда темекі өнімдерін тұтынуға шектеу 2020 жылғы 7 шілдеде қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 110-бабымен реттеледі. Бұл заңнамалық актіге сәйкес темекі өнімдерін, соның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян темекісін, кальян қоспасын және темекіні қыздыру жүйелерін қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынған.

Тыйым салынған орындарға мыналар жатады:

  • білім беру ұйымдарының аумақтары және кәмелетке толмағандарға арналған демалыс орындары;
  • денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдары;
  • түнгі клубтар, дискотекалар, қоғамдық тамақтану орындары;
  • қоғамдық көлік, әуежайлар, теміржол, автомобиль және су вокзалдары ғимараттары, жабық қоғамдық көлік аялдамалары;
  • мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, жұмыс орындары.

Сонымен қатар АЖС (жанармай құю станциялары) аумақтарында, тұрғын үйлердің кіреберістерінде, балалар алаңдарында және көлік құралында кәмелетке толмағандар болған жағдайда темекі шегуге тыйым салынған.

Шылым шегуге қарсы күрес шараларының бірі ретінде темекі өнімдерінің бағасын көтеру енгізілді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда темекінің ең төменгі бөлшек бағасы өсті.

Мексика

Мексикада шылым шегуге қарсы күрес жөніндегі заңдар 2008 жылдан бері қолданыста. 2023 жылдың басында күшіне енген соңғы өзгерістер бұл заңды әлемдегі ең қатаң темекіге қатысты заңдардың біріне айналдырды.

Campaign for Tobacco-Free Kids құқық қорғау ұйымының деректеріне сүйенссек, бұл өзгерістерді 2022 жылғы 17 ақпанда Мексика президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор заңға енгізді. Өзгерістерге сәйкес барлық жабық қоғамдық орында, сондай-ақ кейбір ашық кеңістіктерде (автобус аялдамаларында, саябақтарда, концерт алаңдарында, спорттық жарыстарда және халық көп жиналатын басқа да жерлерде) темекі шегуге толық тыйым салынды. Бұл тыйым электрондық шылымдар мен қыздырылатын темекі өнімдеріне де қатысты.

TOBACCO CONTROL LAWS ресурсының мәліметінше, Мексика заңнамасы темекі жарнамасының кез келген түріне және оны сатылым орындарында көрсетуге тыйым салады. Осылайша ел темекіге қарсы күресте қатаң шаралар қабылдап отыр.

Канада

Канадада шылым шегуге қарсы күреске бағытталған федералдық стратегия жүзеге асырылып келеді. Канаданың Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, бұл стратегияның мақсаты – 2035 жылға қарай шылым шегушілердің деңгейін 5 пайыздан төмендету.

Стратегия заңнамалық шектеулерді, алдын алу шараларын және темекіден бас тартуды қолдау бағдарламаларын біріктіреді.

TOBACCO CONTROL LAWS ресурсының мәліметінше, канадалық заңнама бойынша шылым шегуге барлық дерлік жабық қоғамдық орындар мен жұмыс орындарында тыйым салынған, тек арнайы бөлінген бөлмелерде ғана рұқсат етілген. Сонымен қатар темекі жарнамасының басым бөлігіне (бірнеше ерекше жағдайды қоспағанда) тыйым салынған.

Бұдан бөлек, Канада – әлемде алғаш болып әрбір темекінің зияны туралы ескерту белгілерін орналастыруды талап еткен ел. Бұл талап тек қаптаманың сыртқы немесе ішкі жағына емес, әрбір жеке темекіге қатысты қолданылады. Осы шаралар темекіге қарсы күрес бойынша Канада тәжірибесінің ерекшелігін көрсетеді.

Ұлыбритания

2019 жылы Ұлыбритания үкіметі Англияда шылым шегуді 2030 жылға қарай толық жоюды мақсат етті, оны 5 пайыздан төмен деңгейге дейін қысқартуды жоспарлады. Елде шылым шегуге қоғамдық ғимараттарда, қоғамдық көліктерде және жабық жұмыс орындарында тыйым салынған.

2024 жылдың қараша айында Ұлыбритания үкіметі темекі мен вейптерге қатысты заң жобасында шылым шегудің зиянынан қорғауға бағытталған қатаң шаралар жоспарын жариялады. Ұлыбританияның Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру департаментінің (GOV.UK) мәліметінше, бұл ел заң жобасы арқылы шылым шегуден азат ұрпақты қалыптастыруды көздейді. Атап айтқанда, 2009 жылдан кейін дүниеге келгендерге темекі өнімдерін сатуға тыйым салынды. Сонымен қатар үкіметке жабық ғимараттар мен кейбір ашық кеңістіктерде шылым шегуге тыйым салуды көбейту құқығы берілді.

Бұған дейін GOV.UK мәлімдегендей, электрондық шылым Англияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі арқылы шылым шегуді тастауға көмектесу мақсатында тағайындалуы мүмкін. Ұлыбритания электрондық шылымды медициналық лицензия негізінде темекіні тастауға ниетті адамдарға ұсынатын әлемдегі алғашқы ел бола алады.

Ортасынан бөлінген шылым
Ақша және ортасынан бөлінген шылым. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жапония

Japan-guide.com ресурсының мәліметінше, 2020 жылы Жапонияда жаңа заң күшіне еніп, жабық ғимараттарда шылым шегуге тыйым салынды. Алайда бұл заң жекеменшік үйлерге, қонақүй бөлмелеріне, арнайы барларға және 2020 жылдың сәуіріне дейін ашылған кейбір шағын мейрамханаларға қолданылмайды.

Пойыздарда, автобустарда және ұшақтарда шылым шегуге тыйым салынған. Көптеген қалада адам көп жүретін аудандарда көшеде шылым шегуге тыйым салынған, тек арнайы белгіленген орындарда ғана рұқсат етіледі. Бұл шара түтіннің таралуын шектеу үшін енгізілген.

The Japan News ағылшын тіліндегі күнделікті газетінің мәліметінше, көптеген жапон компаниясы қызметкерлердің денсаулығын жақсартуға және жұмыс өнімділігін арттыруға күш салып келеді. Көп компания қызметкерлерден жұмыс уақытында шылым шекпеуді сұрайды, тіпті олар үйден қашықтан жұмыс істесе де шылым шекпегені жөн.

Әлемнің көптеген елі темекі өнімдерін тұтынуға заңнамалық шектеулер енгізді. Негізгі бастамаларға халықты темекінің денсаулыққа зияны туралы ақпараттандыру, темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салу, шылымның сатылуына шектеулер енгізу, темекі қаптамаларына шылым шегуден туындайтын аурулардың қорқынышты суреттерін орналастыру жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2211995-temeki-zharnamasyna-tyiym-zhane-retsept-boiynsha-satu-alemde-shylym-sheguge-qarsy-qalai-kuresedi/