Бұлғын, Үнді жайрасы: ұлттық парк пен қорықта сирек кездесетін жануарлар фототұзаққа ілікті
Опубликовано:
"Сайрам-Өгем" ұлттық паркінде сирек кездесетін жануарлар фототұзаққа түсіп қалды. Сондай-ақ Батыс Алтай қорығында бұлғын таспаға іліккен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Сайрам-Өгем" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында қойылған фототұзақтарға сирек кездесетін жабайы жануарлар – Түркістан сілеусіні, Үнді жайрасы, қасқыр және Сібір елігі түсіп қалған.
"Бұл кадрлар Қазақстанның оңтүстігінде мекендейтін жануарлар әлемінің алуан түрлілігін тағы бір мәрте дәлелдейді", - дейді ұлттық парк өкілдері.
Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, фототұзақтар тек жануарларды бейнежазбаға түсіріп қана қоймай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де көмектеседі. Қыс мезгілінде биотехникалық іс-шаралар күшейтіліп, жабайы аңдарға жем-шөп қоры дайындалды.
Ал бұлғынды (соболь – ред. ескертпесі) Батыс-Алтай қорығының мемлекеттік инспекторлары аумақты аралау кезінде видеоға түсіріп алған.
Бұлғын (лат. Martes zibellina) – сусарлар тұқымдасының сусарлар туысына жататын жыртқыш сүтқоректі аң.
Дене тұрқы 40-55 см, құйрығы – 20 см-дей, салмағы 0,4-1,6 кг. Қазақстанда Алтайдың қылқан жапырақты ормандарында кездеседі.
Ұсақ жәндіктермен, кеміргіштермен, тиінмен, қоянмен, балқарағай жаңғағымен, жидекпен қоректенеді. Шыршалы, балқарағайлы ормандардағы ағаш діңдері мен тас қуыстарды мекендейді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2225628-bulgyn-undi-zhairasy-ulttyq-park-pen-qoryqta-sirek-kezdestin-zhanuarlar-fototuzaqqa-ilikti-video/