Түркістан облысында Тянь-Шань қоңыр аюы байқалды
Опубликовано:

"Сайрам-Өгем" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында фототұзақ объективіне Тянь-Шань қоңыр аюы түсіп қалған. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Комитеттің мәліметінше, сирек кездесетін аюдың бұл түрі парк аумағында арнайы қойылған фототұзаққа сәуір айының соңында іліккен.
"Тянь-Шань қоңыр аюы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Соңғы жылдары ұлттық парк аумағында аюлардың саны артып келеді.
Алайда бұл жануар түрі жыртқыш жануарлар санатына жататынын ескерген жөн.
Сол себепті, ұлттық парк қызметкерлері келушілерге аюлармен кездескен кезде қауіпсіздік шараларын сақтау және жануарларды алаңдататын кез келген әрекеттен аулақ болу маңызды екенін ескертеді", - дейді Орман шаруашылығы комитетінің өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін "Көлсай көлдері" ұлттық паркінің аумағында Тянь-Шань қоңыр аюлары видеоға түсіп қалғанын жазған едік. Ол кезде парк инспекторлары екі қонжығымен жүрген қоңыр аюды видеоға түсіріп алған болатын.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2247615-turkistan-oblysynda-tian-shan-qongyr-aiuy-baiqaldy-video/