Астаналық оқушы жол таңдамайтын электровелосипед ойлап тапты (фото)
Жарияланған күні:
Астаналық оқушы небәрі бір ай ішінде жол таңдамайтын үш дөңгелекті электровелосипед жасап шығарған. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
UBES мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрхат Әбді ойлап тапқан велосипед жылдың төрт мезгілінде де кез келген жолда еркін жүре алады.
Үш дөңгелекті дизайн тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл велосипедтің ерекшелігі – электронды жүйемен жұмыс істеуі және бір қуаттаумен 17 шақырымға дейін жүре алуы. Максималды жылдамдығы – сағатына 33 шақырым.
Өнертапқыш оқушының айтуынша, велосипедті күнделікті өзі де қолданып жүр.
Нұрхат мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де бұл көлік өте қолайлы болатынын атап өтті. Себебі үш дөңгелекті құрылым тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді, ал электр қозғалтқышы жүруді жеңілдетеді.
Нұрхат бала күнінен техника мен электроникаға қызығушылық танытып келеді. Бұл жоба оның ғылым мен техникаға деген сүйіспеншілігінің нәтижесі.
Мектеп ұстаздары мен сыныптастары Нұрхаттың бұл бастамасын мақтан тұтады және оның өнертабысы болашақта өндірістік деңгейге шығарылуы мүмкін деп сенеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2295915-astanalyq-oqushy-bir-aidyng-ishinde-zhol-tangdamaityn-elektrondy-velosiped-oilap-tapty-foto/