jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

Шығыстағы Париж: қазақстандықтар үшін неліктен биыл Шанхайға саяхаттаған тиімді

Шанхай
Фото: VCGVCG via Getty Images

Қазақстандықтар үшін аспан асты елі бұрынғыдан да жақындай түсті. Air Astana әуекомпаниясы Алматыдан Шанхайға тікелей рейс ашып, саяхатшыларға әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірін өз көзімен көруге мүмкіндік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазақстан азаматтарына Қытай бағыты қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты және көптеген батыс еліне виза алу қиындаған тұста қауіпсіздігімен, заманауи инфрақұрылымымен және қолжетімділігімен тартымды болып отыр. Оның үстіне бұл елге 30 күнге дейін визасыз режим бар. Тек билет сатып алып, төлқұжатпен-ақ "Шығыстың жауһары" аталып кеткен Шанхайға аттануға болады.

Алматыдан Шанхайға тікелей рейстерді Air Astana әуекомпаниясы аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және жексенбіде орындайды. Жаңа бағыт бойынша сапарға заманауи Airbus A321LR ұшақтарымен шыға аласыз.

Шанхаймен танысу Хуанпу өзенінен бастау алады. Себебі Хуанпу бойымен круизге шығу – қаланың екі түрлі келбетін бір сәтте тамашалау үшін таптырмас мүмкіндік.

Хуангпу
Фото: JPixNurPhoto via Getty Images

Өзеннің бір жағында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында еуропалық стильде салынған Вайтань (The Bund) жағалауының тарихи ғимараттары орналасса, екінші жағында Пудун ауданының заманауи, футуристік зәулім үйлері бой түзеп тұр.

Хуангпу өзені
Фото: JPix/NurPhoto via Getty Images

Круизден кейін асықпай Вайтань (The Bund) жағалауын аралай аласыз. Бұл – Шанхайдың ең көрікті және танымал жері, мұндағы ғимараттар классикалық еуропалық стильде салынған. Бұл жерде өзіңізді Лондондағы Темза жағалауында немесе Париждің орталығында жүргендей сезінесіз.

Вайтань
Фото: Ying Tang/NurPhoto via Getty Images)

Хуангпу өзенінің бойындағы бұл аудан өткен ғасырдың 30-жылдары Шанхайдың бай-қуатты тұлғалары жиналған, сән-салтанат пен билік тоғысқан мекен болған.

Кезінде Sassoon House деп аталған атақты Peace (1929 жылы салынған) қонақүйінде Чарли Чаплин, Сунь Ятсен және Джордж Бернард Шоу сияқты әлемдік тұлғалар қонақ болған.

Nanjing Road
Фото: VCGVCG via Getty Images

Жағалаудан әрі қарай әйгілі Nanjing Road "мен мұндалап" тұрады. NUR.KZ тілшісі Қытайдың атақты жаяу жүргіншілер көшесін аралап, мұнда өмірдің бір секундқа да тоқтамайтына, қыз-қыз қайнаған саудасы мен сәулет өнеріне куә болды. Күн сайын бұл көшемен миллиондаған адам жүріп өтеді. Мереке күндері бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, адам нөпірі пайда болады.

Көше бойында тарихи еуропалық стильдегі ғимараттар мен заманауи жарық диодты жарнамалары жарқыраған зәулім сауда орталықтары қатар орналасқан. Бұл көрініс Нью-Йорктегі атақты Таймс-скверді еске түсіреді.

Nanjing Road
Фото: STR/NurPhoto via Getty Images

Мұнда жүздеген бренд дүкені, дәстүрлі қытайлық дүкендер мен мейрамханалар шоғырланған. Көше Вайтань жағалауына дейін созылып жатыр, сондықтан саяхатшылар үшін бұл бағыт серуендеуге өте ыңғайлы.

Шанхайға келген әр турист француз кварталымен де жүріп өтуі керек. Ауданның платан ағаштары көмкерген тар көшелері мен шағын виллалары Вена немесе Праганың атмосферасын сыйлайды. Бұл аудан Шанхайдың "Шығыс Парижі" деген атауын толық ақтап тұр.

Француз кварталы
Фото: Qilai Shen/In Pictures Ltd./Corbis via Getty Images

Халық бағындағы "Неке базары"

NUR.KZ тілшісі барған қызықты орындардың бірі – Халық бағындағы (People's Square) "Неке базары".

неке базары
Фото: KAZ.NUR.KZ

Мұнда демалыс күндері қарт ата-аналар жиналып, бойдақ ұл-қыздарының "түйіндемелерін" көпшілікке көрінетіндей етіп іліп қояды. Қағазда жасы, бойы, жалақысы, пәтері мен көлігінің бар-жоғы нақты жазылады.

Бұл орынның пайда болуын жергілікті тұрғындар былай түсіндіреді: қытай қоғамында "бір бала" саясатының салдарынан ерлер саны басым, сондықтан 2030 жылға қарай елде ерлердің 25 пайызы үйленбей қалуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан ата-аналар үшін бұл – баласының болашағы шешілетін маңызды алаң. Әрине, "неке базарынан" бағын тапқандар туралы ресми мәлімет жоқ.

Мегаполистің заманауи келбеті

Шанхайдың заманауи келбетінің символына айналған Пудун ауданы мен оның іскерлік орталығы Lujiazui (Луцзяцзуй) – әлемдегі ең танымал футуристік панорамалардың бірі.

1990 жылға дейін бұл аумақ жай ғана ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылса, сол жылдан бастап билік Шанхайды жаһандық қаржылық хабқа айналдыру мақсатында Пудун ауданында қарқынды құрылыс жүргізе бастады.

Шығыс маржаны
Фото: Prisma BildagenturUniversal Images Group via Getty Images

Осы аудандағы ең көзге түсетін ғимарат – "Шығыс маржаны" (Oriental Pearl Tower) 1994 жылы салынған. Телемұнара ерекше футуристік дизайнымен, яғни түрлі өлшемдегі бірнеше сферадан тұратын құрылымымен ерекшеленеді.

Ал Lujiazui-дегі зәулім ғимараттарда жүздеген корпоративтік штаб-пәтер орналасқан. Олардың арасында әлемдегі ең биік ғимараттардың бірі Шанхай мұнарасы мен оның биік шолу алаңдары (Observation Deck) бар.

Пудун
Фото: Ying TangNurPhoto via Getty Images

Қазақстандықтар бұл ауданды аралауды міндетті түрде жоспарға қосқаны жөн, өйткені Пудун жағалауы (Pudong Promenade) мен зәулім үйлерден ашылатын қала панорамасы саяхаттың ең әсерлі сәттерінің бірі болмақ.

Юйюань бағы (Yuyuan Garden)

Шанхайдың қақ ортасында, мегаполистің заманауи қарқынынан бір сәтке демалуға мүмкіндік беретін Юйюань бағы (Yuyuan Garden) орналасқан. Бұл бақ – Шанхайдың ескі қала (Old City) бөлігіндегі ең маңызды туристік нысан.

Шанхай
Фото: KAZ.NUR.KZ

Бақтың негізі 1559 жылы Мин әулеті тұсында қаланған, яғни оның 400 жылдан астам тарихы бар. Оны шенеунік Пань Юньдуань өзінің қарт әкесі демалуы үшін "тыныштық пен қуаныш мекені" ретінде тұрғызған.

Юйюань бағы
Фото: VCG/VCG via Getty Images

Юйюань классикалық қытай бақ өнерінің озық үлгісі болып саналады: мұндағы ирек көпірлер, "алтын" балықтар жүзген тоғандар мен айдаһар бейнесіндегі қабырғалар көне дәстүрді паш етеді. Шанхайдың заманауи футуристік келбетімен салыстырғанда, Юйюань бағы уақыт машинасы сияқты сізді өткен ғасырларға жетелейді.

Disneyland

Қазақстандық саяхатшылар үшін Шанхайдағы Disneyland – әлемдегі ең танымал ойын-сауық саябақтарының біріне барудың ең тиімді жолы. Air Astana-ның тікелей рейсі ашылған соң, бұл жер қазақстандықтар үшін географиялық тұрғыдан ең жақын әрі қолжетімді Disneyland-ке айналды.

Disneyland
Фото: Tang Yanjun/China News Service/VCG via Getty Images

Саябақ тек балаларға ғана емес, ересектерге де ұмытылмас әсер сыйлайды. Мұнда түрлі мультфильмдер мен блокбастерлердің желісімен жасалған жоғары технологиялық аттракциондар орналасқан.

Одан бөлек күн сайын өтетін салтанатты парад көрермендерді сиқырлы әлемге жетелейді.

Disneyland
Фото: Tang Yanjun/China News Service/VCG via Getty Images

Шанхай — тек сәулетімен ғана емес, дәмханаларымен де саяхатшыларды таңғалдыратын мекен. Қаланың гастрономиялық картасы оның тарихы сияқты сан қырлы: Шанхайда қытайдың классикалық ас мәзірімен қатар, еуропалық жоғары деңгейдегі мейрамханалар өте көп. Саяхатшылар жергілікті тұшпара, үйрек еті мен теңіз өнімдерінің дәмін тата отырып, француз кварталында нағыз париждік круассандар мен кофенің хош иісінен ләззат ала алады.

тағам
Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Сондай-ақ туристер үшін арнайы театрландырылған бағдарламасы бар дәстүрлі қытай тағамдары ұсынылатын түскі астар ұйымдастырылады, онда барған турист нағыз мәдени шоуға куә болады.

Одан бөлек Шанхайдың түрлі ауданында қазақстандықтарға таныс ұйғыр және дүнген асханаларын да кездестіруге болады. Бұл мейрамханалар өздерінің хош иісті кәуаптарымен және қамырдан жасалған ерекше тағамдарымен танымал, бұл отандық туристер үшін жат жерде туған өлке дәмін сезінуге мүмкіндік береді.

Бір сөзбен айтқанда Шанхай – тарих пен болашақтың тоғысқан жері. Визасыз режим мен Air Astana-ның тікелей рейсі бұл сиқырлы қаланы қазақстандықтар үшін бұрынғыдан да жақын ете түсті. Еуропалық талғам мен шығыс экзотикасын бір жерден көргісі келетіндер үшін Шанхай әрдайым ашық.

Шығыстағы Париж: қазақстандықтар үшін неліктен биыл Шанхайға саяхаттаған тиімді

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.