jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

"Ислам діні қазақ даласында VIII ғасырда болғанын аңдатады": археологтар көне мешіт орнын тапты

Қазба орындары
Қазба орындары. Кадр: "Хабар" арнасы

Археологтар ежелгі Отырар қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, Алтын Орда дәуіріне жататын мешіттің орнын анықтады. Сонымен қатар 3,5 метр тереңдіктен ғибадат ету орнына апаратын күйдірілген кірпіш пен тастан төселген тұтас көше табылды, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.

Тарихшылар ел аумағында абаттандырылған мұндай ортағасырлық көше мен тас баспалдақтар бұрын-соңды кездеспегенін айтады. Археолог-ғалым Мұхтар Қожа бастаған топ Отырар аумағында қазба жұмыстарын былтыр бастаған. Нәтижесінде сегізінші ғасырға жататын үй ішіндегі михрабты тапты. Оның расында сол дәуірге жататынын табылған ағаш күлінің көмегімен Түркиядағы зертхана анықтап берген.

Ислам діні қазақ даласында қай ғасырда болған

"Бұл ислам діні қазақ даласында сегізінші ғасырда болғанын білдіреді", - дейді ғалым.

"Алғашқы кезде мұсылмандық дінде мешіт болмаған. Адамдар сыйыну керек, мінәжат етіп намаз оқу керек. Сондай үйлерінің ішінде михрабтар болған екен. Әрине енді мешіттің бір бөлігі ғана ашылды. Бұл мешітті толық ашсақ, ол да бір керемет болар еді. Және тас көше. Ол тас көше қай жаққа барады? Тас алаң ба, айналасында базар бола ма, басқа ма? Жалпы Отырарға қатысты "мешіттері базардың ішінде болған екен" деген ақпарат бар", - дейді тарихшы-археолог Мұхтар Қожа.

Қала орнының 5 бірдей тарихи қабаты ашылды

Ғалымдардың айтуынша, Алтын Орда дәуірінде қала мәдениеті қарыштап дамыған. Ал жаяу жүргіншілерге арналған тас төсеніш пен баспалдақтар бұрын-соңды еш жерден кездеспеген. Қазба жұмыстары 100 шаршы метр аумақта жүргізіліп, қала орнының 5 бірдей тарихи қабаты ашылды.

"Археологиялық қазба жұмыстары реперлік нүктеден 3,5 метр тереңдікке дейін жалғасын тапты. Үшінші құрылыс қабатынан бірнеше тұрғын үйлердің бөлмелері анықталып, ол жерде әлі де стратиграфиялық кесіндімізден құмыраларды, яғни артефактілерді, жәдігерлерді көруге болады. Ал төртінші құрылыс қабатында бұл жерде үлкен, алғаш рет Отырар қаласында кездесіп отырған дахма түріндегі жерлеу орны анықталды", - дейді археолог Бақдәулет Сыздықов.

Кембридж университетінде таныстырылатын жаңалық

Археологтар қазба жұмыстары кезінде 50-ге жуық адамның сүйегін тапқан. Мешіт қасиетті орын болғандықтан, сол маңға жерленген болуы мүмкін. Отандық ғалымдар бұл жаңалықты Кембридж университетінде әлемдік деңгейде таныстырмақ ниетте.

"Биылғы зерттеулеріміздің нәтижесі оларға да қызық болып тұр. Ұлыбритания ғалымдары, Алтын Орданы зерттейтін мамандарға да қызық болып тұр. Сол себепті 28-29 қыркүйекте Кембридж қаласында конференция өткізілейін деп жатыр. Сол конференцияға биылғы қазба жұмыстарының нәтижелерін, цифрландыру, ғылыми жағын, артефактілердің бәрін, сол жақта презентация жасап, таныстыратын боламыз", - дейді Қазақстан Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері Әли Әлімбекұлы.

Археологтар тапқан сүйектер антропологиялық сараптамадан кейін қайта жерленеді. "Ал 3,5 метр тереңдіктен табылған бірегей мешіт пен тас көше музейге айналса, Отырар әлемдік туризмнің басты орталығына айналады" дейді мамандар.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

"Ислам діні қазақ даласында VIII ғасырда болғанын аңдатады": археологтар көне мешіт орнын тапты

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.