Табиғаттағы шынайы өмір: қасқыр мен құландар суаттан қатар су ішіп тұрған сәттің видеосы жарияланды (видео)
Жарияланған күні:

"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фототұзақта ерекше сәт тіркелді. Табиғи парк аумағындағы суаттан құландар мен қасқыр су ішуге бір уақытта келген. Бір қызығы жыртқыш оларға тиіспеген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жабайы табиғатқа өмір сүретін жыртқыш пен құландардың видеосын экология министрлігі Telegram-дағы ресми сайтында жариялады.
Видеодан бір суатқа қасқыр мен құландар қатар келгенін көруге болады. Қасқыр - құланның табиғи жауларының бірі. Видеодан жануарлардың бір-бірін байқап, сақтықпен бақылап тұрғанын көруге болады.
Соған қарамастан, олар суаттан бірден кетпей, белгілі бір арақашықтықты сақтап, су ішуін жалғастырған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, мұндай жағдайға аптап ыстық әсер етуі мүмкін. Ыстық күндері суға деген қажеттілік артып, әдетте бір-бірінен алшақ жүретін жануарлар да бір суат басында кездесіп жатады.
Бұл жолы фототұзақ табиғаттағы осындай күтпеген кездесуді кадрға түсірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2417322-tabigi-parktegi-shynaiy-omir-qasqyr-men-qulandar-suattan-qatar-su-iship-turgan-satting-videosy-zhariialandy/
