Ғалымдар белгісіздік жағдайында адамдар жоспарлауға азырақ күш жұмсайтынын анықтады
Жарияланған күні:
Читать на русском
News Medical басылымының жазуынша, эксперименттер пайда табу мен жағдайды бақылау мүмкіндігі неғұрлым төмен болса, адамның шешім қабылдауы соғұрлым жылдам болып, мақсатқа жетуде жеңіл стратегия таңдайтынын көрсетті, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Nature Communications журналында жарияланған зерттеу қоршаған ортаның кездейсоқтығы мен болжауға келмейтін сипаты адамдардың жоспарлауға когнитивтік ресурстарын жұмсауға деген дайындығына қалай әсер ететінін көрсетті. Үш онлайн-экспериментке АҚШ-та тұратын 300 ересек респондент қатысты.
Қатысушыларға ең көп ұпай жинау үшін сол және оң бағыттарды таңдауды талап ететін қазына сандықтары бар виртуалдық лабиринттен өту ұсынылды. Ғалымдар белгісіздіктің үш түрін модельдеді: ақпараттың сенімділігі (сыйақысы болжауға келмейтін "құпия" сандықтардың пайда болуы), ортаның өзгермелілігі (қозғалыс барысында сандықтар құндылығының кездейсоқ өзгеруі) және басқарылуы (бағытты таңдаудың кері нәтиже беру ықтималдығы). Математикалық модельдердің көмегімен зерттеушілер алғашқы шешім қабылдау уақыты мен қатысушылардың таңдау дәлдігін талдады.
Нәтижелер бірыңғай үрдісті көрсетті: ортаның болжауға келмейтін сипаты артқан сайын қатысушылар алғашқы қадамды әлдеқайда жылдам жасады, бұл жоспарлауға кететін уақыттың қысқарғанын білдіреді. Ықтималдықтарды күрделі есептеудің орнына респонденттер шешім қабылдаудың жеңілдетілген стратегияларына көшті және бағыттардың әлеуетті пайдасындағы айырмашылықты аз ескерді. Ғалымдар кездейсоқтық жағдайында адамдар терең талдаудан бас тартып, қарапайым алгоритмдерді таңдау арқылы когнитивтік ресурстарын үнемдейді деген қорытындыға келді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2437816-galymdar-belgisizdik-zhagdaiynda-adamdar-zhosparlauga-azyraq-kush-zhumsaitynyn-anyqtady/