Зоологтар капибара мен қолтырауынның ерекше "достығының" құпиясын ашты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Капибаралар мен кайман қолтырауындарының қатар тынығып жатқан суреттерін көргендер оларды бір-бірімен тату деп ойлауы мүмкін. Алайда зоологтар бұл көршілестіктің астарында прагматикалық себептер жатқанын анықтады, деп жазды Earth.com басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Интернетте капибара ең мейірімді жануар ретінде танымал, ол тіпті қауіпті жыртқыштармен де тіл табыса алады. Мамандар кайман қолтырауындарының ересек капибараларға тиіспеуі симпатияға байланысты еместігін алға тартты.
Бразилияның Пантанал аймағындағы 196 якар кайманының асқазанын зерттеу олардың негізгі азығы балық пен жәндіктер екенін көрсетті. Балықты аулау рептилиялар үшін ірі әрі күшті сүтқоректіге шабуыл жасағаннан әлдеқайда оңай.
Бетьюн-Кукман университетінің доценті Элизабет Конгдон ересек капибаралардың дене бітімі мығым және өткір әрі ұзын күрек тістері бар екенін атап өтті. Мұндай олжаға шабуыл жасау әрекеті кайман үшін ауыр жарақатпен аяқталуы мүмкін, сондықтан жыртқыштар тәуекелге бармауды жөн көреді. Алайда бұл ереже жас төлдерге қатысты емес. Кішкентай капибаралар кайман қолтырауындары үшін, сондай-ақ анакондалар, жыртқыш құстар, түлкілер мен оцелоттар үшін оңай олжаға айналады.
Сонымен қатар жағалаудағы тынығу бұл жерді қауіпсіз етпейді. Пантаналда капибаралар да, кайман қолтырауындары да ягуарлардың аңшылық нысанына айналады. GPS-қарғыбауы бар 10 ягуардың азықтану рационын талдау кайман қолтырауындары олардың олжасының төрттен бір бөлігін, ал капибаралар шамамен 2 пайызын құрайтынын көрсетті. Қауіп төнген жағдайда капибаралар суда бой тасалайды, онда олар бес минутқа дейін су астында бола алады немесе төлдерін ортаға алып, қорғаныс тобын құрады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2442774-zoologtar-kapibara-men-qoltyrauynnyng-erekshe-dostygynyng-qupiiasyn-ashty/