АҚШ-та бойжеткен кинотеатр қызметкері жайлы ролик түсіріп, оған 146 мың доллар жинап берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
АҚШ-та кинотеатрға келген бойжеткен егде жастағы қызметкер туралы видео түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялау арқылы 146 мың доллар жинады, деп хабарлады Good News Network-қа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Теннесси штатының Мэривилл қаласындағы AMC кинотеатрына сеансқа келген 21 жасар Бруклин Грин Мэри есімді егде жастағы әйелге назар аударған. Арқасы бүкірейген қызметкер мұқият қоқыс жинап жүрген. Бойжеткен TikTok желісіне арналған қысқа видео түсіріп, GoFundMe платформасында қаражат жинауды ұйғарған. Бастапқыда ол әйелге тұрғын үй жалдау ақысын кем дегенде бір айға төлеуге көмектесу үшін шағын сома жинауды көздеген.
Видео тез арада таралып, алғашқы тәулікте-ақ қолданушылар 100 мың доллардан астам қаражат аударған. Келесі күні қайырымдылық сомасы тағы 46 мың долларға өскен. Мэривилл тұрғындары мен бүкіл ел бойынша көрермендер ақшалай аударымдар жасап, бастаманы белсенді қолдаған.
Грин сыйлықты табыстау үшін кинотеатрға келгенде, Мэри ауысымда болмаған. Менеджер әйелдің киноиндустрияда 45 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқанын және өз ісін шын жүректен жақсы көретінін айтқан. Оның сөзінше, Мэри белсенділіктен айырылып қаламын деп қорқып, зейнетке шығудан да сескенген. Кейінірек бойжеткен қызметкермен жеке кездесіп, ақшаны табыстады, ал егде жастағы әйел қайырымды жандардың барлығына алғыс білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2443801-aqsh-ta-boizhetken-kinoteatr-qyzmetkeri-zhaily-rolik-tusirip-ogan-146-myng-dollar-zhinap-berdi/