Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ислам дініне сәйкес баланы қалай тәрбиелеу керек?

Жарияланған күні:

Бала – ата-ананың қолындағы аманат. Олардың жүректері пәк, таза, гауһардай құнды. Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Осы орайда баланың Ислам дініне сәйкес, жақсы тәрбие алуы үшін не істеу керектігін islamdini.kz сайты тізбектеді.

Бүкіл жамандықтардың басы – жаман дос

Жаман дос – баланың дөрекі, өтірікші, ұрлықшы және әдепсіз болуына себепші болады. Мұндай жаман мінездерге ұрынғандар ұзақ жылдар бойы бұл жаман мінезінен арыла алмайды.

Баладан жақсы қасиеттер, жақсы әрекеттер көрген кезде

Баладан жақсы қасиеттер, жақсы әрекеттер көрген кезде, оны мақтау керек, марапаттау керек. Кейде адамдардың арасында мақтау керек. “Менің ұлым сөйтті” деген секілді сөздермен жақсылыққа ынталандыру керек.

Өрескел іс-әрекеттер істесе немесе бір жаман сөз сөйлесе

Өрескел іс-әрекеттер істесе немесе бір жаман сөз сөйлесе, бірнеше рет көрмегендей сыңай таныту керек. “Олай істеме!” демеу керек, жазғырмау керек. Жиі-жиі жазғырылатын бала батылданып жасырын істеп жүргендерін де ашық істей бастайды.

Істеген жаман істерінің зиянын өзіне жұмсақ тілмен түсіндіру керек, ескерту керек. Істелген іс дінге қайшы болса, ол істің зиянын, жамандығын және нәтижесін түсіндіріп, ондай жаман іске тосқауыл болу керек.

Әке - өзінің әке екендігін, үстемдігін білдіруі керек

Анасы баласын әкесімен қорқытуы керек. Бала жалықпауы үшін күнде бір мезгіл ойнауына рұқсат беру керек. Жалығудан және ренжуден жаман мінездер пайда болады және адамның көңілі жүдейді. Баланың ешкімнен ақша сұрауына рұқсат бермеу керек.

Көп сөйлемеуді, үлкендерге құрмет көрсетуді үйрету керек. Жақсы адамдардың жақсылықтарын айтып солардай болуға тырысуы керектігін және жаман адамдардың жамандықтарын айтып, ондай болмау керектігін үйрету керек.

Баланың әр қалаған нәрсесін алып беру және сәнді, салтанатты өмір сүруін қамтамасыз ету дұрыс емес

Өйткені бала өскенде де әр қалағанына қол жеткізе алатынын ойлап, оған ұмтыла беретін болады, ал бұл жүзеге аспай қалған кезде өмірге ренжіп, қиялдары қирап ешкімді тыңдамайтын құлақсыз қырсыққа айналады. Өзіміз халал тамақ жегеніміздей балаларымызға да халал тамақ беруіміз керек. Хараммен қоректенген баланың денесі нәжіспен иленген қамырдай болады. Мұндай балалар жамандыққа, опасыздыққа үйір болады.

Балаға ысырап етпеуді, қанағатшыл болуды үйрету керек

Кейде құр нанмен де күнелтуді әдеттендіру керек. Жаман жерлерге баруына жол бермеу керек. Бала жаман адамдардың қасында жүрсе, әдепсіздікпен ұятсыздықты, өтірік айтуды үйренеді.

Әке үнемі қатал болмауы керек, көп еркелете де бермеуі керек

Сөйлегенде айбаттылығын сақтауы керек. Балаға әкесінің байлығымен, лауазымымен мақтанбауын ескерту керек. Қарапайым және сыпайы болуды үйрету керек. Өзгеден бір нәрсе алудың масқаралық екенін, берген қолдың алған қолдан үстем болатындығын түсіндіру керек. Сараңдықтың жаман мінез екендігін үйрету керек.

Басқа адамдардың қасында әдептілік сақтауды, аяғын айқастырып отырмауды, дөрекі болған іс-әрекеттерден аулақ болу керектігін айту керек.

Баланы көп сөйлеуден қайтару керек

Көп сөздің ұятсыздыққа жол ашатынын, мылжыңдықтың жаман қасиет екендігін айту керек. Бала ертелі кеш сөйлеуді бәрібір үйренеді. Мақсат – оған қажет кезінде үндемеуді және үлкендердің сөзіне құлақ асуды үйрету.

Дұрыс болса да көп ант ете беруіне рұқсат етпеу керек

Барға да, жоққа да ант ете беру жаман әдет. Үлкендерге құрмет көрсетудің, оларға орын берудің және барлық адамдармен жақсы қарым-қатынаста болудың маңыздылығын түсіндіру керек. Баланы кішкентай кезінен бастап намазға дағдыландыру керек. Өскен кезде намаз оқуы қиын болуы мүмкін. Өзгенің мал-мүлкін тартып алуды, өтірік айтуды, харам нәрсе жеуді көз алдына жаман, жиіркенішті қылып түсіндіру керек.

Осындай тәрбиемен өсіріп, балиғат жасына толғанда бұл әдептердің ерекшеліктерін, маңыздылықтарын үйрету керек.

Тәрбиеде ұруға болмайды

1. Баланы ұру мінез-хұлқының бұзылуына, ашуланшақ болуына себеп болады;

2. Таяқ жеп өскен бала жұмсақ мінезді болмайды;

3. Таяқ жеу балада әке-шешесіне қарсы ашу-ызаға жол ашады. Бала өзінің істегенін жаман нәрсе деп ойламайды, өзін кінәлі деп сезінбейді, керісінше өзін ұрған адамды кінәлі деп көреді;

4. Таяқ жеп өскен бала ашуланған кезінде ол да күш қолдануға кірісетін болады, басқаларды ұрады. Осылайша таяқ жеуі қызбалыққа себеп болады;

5. Сөз түсінетін жастағы баланы ұруға болмайды. Сөз түсінбейтін баланы болар-болмас қана ұру жеткілікті. Бастан, беттен ұру, таяқпен сабау өте зиянды.

Баланы тәрбиелеу үшін ұру дұрыс емес. Тек қателік істейтін болса, жазалануы мүмкін екендігін сезіндіру керек. Пайғамбарымыз бала-шағаны ұрмауды әмір еткенімен, тәрбиелеу үшін жазаланатынын, ұрылатынын сезіндіру керек екендігін білдірген.

Бұл тұрғыдағы хадис шәрифтердің бірі мынадай: «Үй халқын тәрбиелеу үшін таяқтарыңды олар көретін жерге іліп қойыңдар» (Табарани).

Бала тәрбиесінде неден аулақ болу керек?

1. Балаға дерт, қиындықтарымызды айтпау керек, қуанышымызды айтуға болады;

2. Балаға отбасы ішіндегі біреу ұрсып жатса, басқасы оны жақтамау керек;

3. Оның қасында үнемі күлімдеген, жылы жүзді болуға тырысу керек. Көңіліміз жабырқаңқы болуы, балаға тез әсер етеді;

4. Оны өзге адамдардың алдында ұрыспау, жазғырмау керек;

5. Кемшіліктерін мойындауды үйрету керек. Кемшіліктерін біліп жөндеуге тырысуы - өмірде жетістікке жетуіне себеп болады;

6. Баланы өтірікшілікпен кінәламау керек;

7. Бауырларының арасында бөлмеу керек;

8. Тәкаппарлықтың (кібірдің) жаман қасиет екендігін түсіндіріп, тәкаппар болуының алдын алу керек;

9. Баланың қателіктері болады. Дереу жазаландырмау керек. Қателігін, зиянын айтып түсіндіру керек;

10. «Сен адам болмайсың», «Сенен қойшы да шықпас» деген секілді айыптаулардан аулақ болу керек. Бұлар баланың өзіне деген сенімділігін азайтып, адами қасиетін жоғалтады, ынжық болуына себеп болады;

11. Бала үлкендерден көргенін істейді. Сондықтан оларға жақсы үлгі болу керек;

12. Бала сүйікті болуға, ойнауға, сөйлесуге мұқтаж болады. Бала өзіне суық, қатал және қатты сөйлеген үлкендерді өзін жақсы көрмейді деп ойлап, күйзеліске ұшырайды. Сондықтан олармен мейірімді, күлімдеген жүзді, жылы сөзді мәміледе болу керек;

13. Балаға насихат берудің орнына, оған іс жүзінде көрсету, бірге істеу дұрысырақ болады. Мысалы: Астың алдында қолдарын жууы керектігін жүз рет айтқаннан, бір мәрте қанекей қолдарымызды жуайық деп бірге істеудің әсері көбірек болады;

14. Оған берілген істі, орындағанын немесе орындамағанын қадағалау керек, өзін бақылауда екенін білсін;

15. Балаға шамасы келмейтін жұмыс тапсырмау керек. Кері жағдайда қолынан келетін нәрселерді де істемейтін болады;

16. Әулие кісілердің өмірбаянын, ғибратты оқиғаларын айтудың бала санасының жетілуіне және бұдан үлгі, өнеге алуында да маңызы зор. Баланың түсінетіндей және тәрбиелік мәнді болғандарын таңдап айтып беру керек;

17. Орындай алмайтын нәрселерді айтып уәде бермеу керек. Бұлар айта береді, бірақ орындамайды дегізбеу керек;

18. Баланың жанында басқаларды жамандамау керек;

19. Баланың бетінен және басынан ұрмау керек;

20. Баланы кіналау, лақаб ат қою, мазақ қылу, қорқыту дұрыс емес. "Бар!", "Кел!" деген секілді бұйрық сөздердің орнына барасың ба? келесің ба? деген сөздерді қолдану керек;

21. Бала әдепті сөйлеу керек. “Өтініш, рахмет, кешіріңіз” деген секілді сөздер қолдануын үйрету керек.

22. Қателескен кезіміз болғанда қатемізді мойындап, кешірім сұраумыз, баланың да қатесі болғанда кешірім сұрауды үйренуіне жол ашады.

Осы тақырып бойынша тағы да оқи алатыныңыз:

Бала болмысының бұзылуына себепкер он жағдай

Жасөспірім шақтағы қыз баланың тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз?

Балалар үшін үй жануары қауіпті ме?

Бала мінезінің тұйық болу себептері қандай

Нәрестенің жынысын қалай анықтауға болады?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1125900-islam-dinine-saykes-balany-qalay-tarb/