Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ата-анасы болса, той жасап берер еді": Балалар үйінен шыққан жас жұбайлар шымкенттік ананың жүрегін елжіретті

Жарияланған күні:

Жас жұбайлар
Көрнекі сурет: pixabay.com

Шымкент қаласының тұрғыны Ақбаян Асанқызы - көпбалалы ана. Ол шағын кәсібін дөңгелетіп, бала-шағасын да жалғыз асырап келеді. Өзінің жеке салонын ашып, қыз-келіншектерге түрлі қызмет ұсынатын Ақбаян жақында жүрек тебінертер сәттің куәсі болғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қайырымдылық ретінде жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі аналарға тегін қызмет ұсынатыным бар. Осыны естісе керек, телеарнадан тілшілер хабарласып, жетімдер үйінде өскен күйеу жігіт пен қалыңдықты бақылауыма алуымды өтінді.

Әрине, бірден келістім. Белгіленген күні үлбіреген қалыңдық келді. Өзі сондай сыпайы, ұстамды. Балалар үйінде өсті деп айтпайсың, тәрбиелі екені бір көргеннен байқалады. Ақ көйлек киіп, әдемі қалыңдық атану әрбір қыздың арманы емес пе?! Туғаннан тағдыр тепкісін көрген бойжеткенге бар ынтамды салып, ең әдемі көйлекті таңдап бердім. Фата, аксессуар, бояндыруды өз мойныма алып, барлығын сый ретінде тарту еттім.

Балалар үйінен шыққан қыздардың тағдыры басқалардан ерекше ғой, сол себепті, оны қатты қуантқым келген еді. Кейін күйеу жігіт келіп, оларға тосынсый жасадық. Мейрамхананың шатырының үстіне арнайы ақ дастархан жайып, үйлену тойларын шағын қонақ арасында атап өттік.

Білесіз бе, сол кезде көзіме еріксіз жас келе берді. Тойға жиналған жандардың бәрі дерлік толқып тұрды. Үлбіреп тұрған қалыңдықты ата-анасы көрсе қатты қуанар еді. Екеуінің әке-шешесі болса, тойын дүркіретіп жасап берер еді... Қатарынан кем болмай, жарқырап жүрер еді. Тағдыр ғой... Осындай жағдайдың екі рет куәсі болдым. Екеуінде де балалар үйінің түлектері шаңырақ көтерді.

Жақында қалыңдықтың бірі хабарласып, аяғы ауыр екенін, босанатын уақыты жақындағанын айтты. Қатты қуандым. Алла олардың балапандарына бақытты ғұмыр беріп, ата-анасынан айырмаса екен. Әлі күнге дейін араласып тұрамын, оларға тек бақыт тілеймін", - деді Ақбаян.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1966298-ata-anasy-bolsa-toi-zasap-berer-edi-balalar-uiinen-syqqan-zas-zubailar-symkenttik-ananyn-zuregin-elziretti/