Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қайда барам?": Күйеуінен жәбір көрген әйелдер неліктен полицияға шағымданбай жүре береді

Опубликовано:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: pixabay.com

Отбасы психологы Ержан Мырзабаев соңғы уақытта жиілеп кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы пікір білдірді. Осы ретте маман күйеуі қанша қысым жасаса да, үстінен арыз жазбайтын әйелдердің психологиясына тоқталды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Психологтың пайымынша, әйелдің полицияға арызданбауының бірнеше себебі бар.

"Әйел неліктен арыз жазбайды? Ең бірінші фактор - қорқыныш, яғни, "мені осындай хәлге жеткізген адам арыз жазғаннан кейін бұдан да бетер қылуы мүмкін, бұдан да ауыр нәрселер жасауы мүмкін. Одан да үндемейін, мүмкін менің үндемегенімді бағалап, маған мейірім көрсетіп, жанашырлық танытады, бұдан былай мені ұрмайтын болады, соқпайтын болады" деп ойлайды", - дейді психолог.

Оның үстіне, Ержан Мырзабаевтың сөзінше, құқық қорғау органдары шағымданған адамды қорғауға байланысты көп жағдайда шара қолданбай жатады.

"Мен шағымданам, арызданам, бірақ ертең айналып келгенде сол күйеуіммен тұрамын" деп әйелдердің арыз жазуға батылы жетпейді. Әсіресе ауылдық жерлерде, кішкентай қалаларда, бәрі бір-бірін танитындықтан агрессор полициядан оңай құтылып кетуі мүмкін", - деген пікірде сарапшы.

Психологтың сөзінше, ұзақ уақыт күйеуінің қысымына шыдап келген әйел психологиялық тұрғыда оның кез келген қылығын ақтап алуға тырысады.

"Психологияда "Стокгольм синдромы" деген теория бар. Оған сәйкес, ұзақ уақыт агрессормен бірге тұрып, зорлық-зомбылық көрген әйел күйеуін "негізі жақсы адам, мен өзім ашуына тидім, былай істегісі келмеді, мені ұрды-соқты, бірақ мені жақсы көреді, асырап жатыр ғой, балаларымның әкесі ғой деп, психологиялық тұрғыда оны ақтауға тырысады. Сөйтеді де, арызданбайды", - дейді ол.

Ержан Мырзабаев жеке тәжірибесіне сүйеніп, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды арызданды немесе арызданбады деп бөлмей, жәбір көрсеткен агрессорды дереу қамауға алып, қатаң жауапкершілікке тарту керек деп есептейді.

"Өйткені оған жалпы қоғамға қауіпті адам ретінде қарау керек. Сол уақытта жәбірленушінің психологиялық тұрғыдан дұрыс ойлана алмайтынын, салмақты, байсалды шешім қабылдай алмайтынын ұмытпау керек. Жәбірленуші әйелді әрі қарай агрессормен қалдырмау керек. Осы тұрғыда біздің құқық қорғау органдары мәселеге жеңіл-желпі, немқұрайлы қарамау қажет.

Бұл ретте заңды күшейту керек және қоғам болып осындай зорлық-зомбылық көрсететін адамға жан-жақты қысым көрсетуіміз керек. Онымен амандаспай қою, сөйлеспеу, туысқандық қарым-қатынасты үзу, әріптестік қатынасты үзу, жұмыстан шығару, кәсіп жасатпау сияқты қысым көрген кезде ғана агрессия тоқтайды.

Жалпы әйелдер көбінесе осы себептерге байланысты арыз жаза алмайды. Қоғам тарапынан, туысқандар тарапынан қолдау болмайды. Арыз жазып, ажырасып, агрессорды соттағанның өзінде ары қарай қайда барам деп ойлайды. Әсіресе көп балалы әйелдер ер адамды жалғыз асыраушысы ретінде көреді. Ол түрмеде отырған кезде бізді кім асырайды деген ой зорлық- зомбылыққа көнуге, шыдауға итермелейді", - дейді Ержан Мырзабаев.

Еске сала кетсек, психолог-маман бұдан бұрын әйелдерге агрессиялық мінез көрсететін күйеуден қалай қорғану керектігі жөнінде өзінің кеңесін берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1970018-qaida-baram-kuieuinen-zabir-korgen-aielder-nelikten-policiyaga-sagymdanbai-zure-beredi/

pixel