Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңажылдық дастарқан: әдемі безендірілген әрі үнемді тағамдарды қалай дайындауға болады

Опубликовано:

Жаңажылдық дастарқан: әдемі безендірілген әрі үнемді тағамдарды қалай дайындауға болады
Жаңажылдық дастарқан. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаңа жыл - отбасы мүшелерін бір үстелдің басына жинайтын ерекше мереке. Алдағы күндерден жақсылық күткен туыстардың бір-біріне айтқан ізгі лебіздері жанға жылылық сыйлайды. Ал дастарқандағы дәмді тағамдардың көңіл-күйді көтеретіні сөзсіз. Дәмі ерекше тіл үйіретін әрі қалтаға да ауыр тимейтін ас мәзірін қалай дайындауға болады? Жаңажылдық дастарқанды қолжетімді заттармен ертегідей етіп қалай безендіре аламыз? Осыған орай Клори Бернштейн, Сара Мартенс және фудблогер Алина FooDee-дің кеңестерін ұсынамыз.

Жаңажылдық дастарқанды безендірудің тиімді нұсқалары

Үйден табылатын қарапайым заттармен де керемет дастарқан әзірлеуге болады. Ол үшін кейбір ұсақ бөлшектерге мән берсеңіз болғаны. Әдетте зығыр матадан жасалған ақ түсті дастарқан және ақ ыдыстар барлық үйде болатын заттар. Ал бұл түспен үйлесетін реңктерді үстелге орналастыру өз қиялыңызға байланысты. Мысалы Клори Бернштейн алтын немесе күміс түсті қасықтар мен шанышқылар әппақ дастарқанда әдемі көрінеді дейді әрі ол мұны классикалық үлгімен байланыстырады. Сәндік үшін қойылатын гүлдердің сабағы ұзын болғаны дұрыс. Себебі биік тұратын декорациялық зат адамдардың бір-бірімен әңгімелесуіне кедергі келтірмейді.

Жаңажылдық дастарқан: әдемі безендірілген әрі үнемді тағамдарды қалай дайындауға болады
Дастарқандағы ыдыстар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаңажылдық дастарқанды безендіруге қатысты түрлі идея ұсынған Сара Мартенс үстел үстінде табиғи бұйымдарға басымдық бергенді жөн көреді. Мәселен мерекелік шыршаның сабағын мүкжидекпен немесе гирлянд шамдарымен әдемілеп қоюға болады. Сондай-ақ мәңгі жасыл боп тұратын өсімдікті қолданардан бұрын тоңазытқышқа сақтауға болатынын да айтады. Тамақ ішетін ыдыстардың астына талдан немесе себеттен тоқылған төсеніштерді қойсаңыз, жарасымды көрінеді. Ал қағаз майлықтардың орнына асүйдегі сулық маталарды классикалық үлгі ретінде қолдануға болады.

Үстелді ғана емес, орындықтарды да безендіруді ұмытпаған жөн. Шыршаның шыбығынан жасалған гүлдестелер жаңажылдық атмосфераны сезіндіреді. Гүлдестелерге әдемілеп байланған қызыл ленталар да бөлмеге ерекше көрік беріп тұрады.

Жаңажылдық дастарқан: әдемі безендірілген әрі үнемді тағамдарды қалай дайындауға болады
Шыршадан жасалған гүлдесте. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаңажылдық дастарқанға арналған дәмді әрі үнемді тағамдар

Жаңажылдық дастарқанның өзіне тән ерекшелігі болады. Әлбетте Жаңа жылды оливье салаты мен мандаринсіз елестету мүмкін емес. Жылдар бойы жаңажылдық дастарқаннан үзілмей келе жатқан бұл салаттың жасалуы өте оңай әрі құрамы да қолжетімді өнімдерден тұрады. Шұжық қосылған оливье салатының рецептін мына жерден көруге болады. Ал тағамдарды түрлендіріп қоюдың мерекелік көңіл-күйді де көтеретіні анық.

Жылдам дайындалатын "Шырша" бәліші

Шырша – Жаңа жылдың символы. Ал шырша пішініндегі бәліш жаңажылдық дастарқаныңыздың сәнін ашатыны сөзсіз әрі ол өте тойымды, жасалуы да өте оңай. Шырша бәлішінің рецепті:

  1. Ашытқысыз қатпарлы қамыр – 500 грамм;
  2. Шұжық – 6-8 тілім;
  3. Ірімшік – 50 грамм;
  4. Күнжіт – 1 ас қасық;
  5. Жұмыртқа (сарысы) – 1 дана.

Алдымен қамырды төртбұрышты етіп жайып, оны ортасынан үшбұрыш пішінінде кесіп аламыз. Оның үстіне шұжық салып, ірімшікті үккіштен өткіземіз. Содан соң қамырдың қалған бөлігін бетіне жауып, екі шетін пышақпен қалыңдығы 2 см қылып кесеміз де өрім тәрізді бұрау керек, сол кезде шыршаның пішіні шығады. 200 градус қыздырылған пеште 15-18 минут пісіріледі. Бәліштің жасалу әдісін төмендегі видеодан толық нұсқада көре аласыздар.

Пеште пісірілген "Сырнай" етінің дайындалуы

  1. Мойын еті – 1 кг;
  2. Ұнтақ кориандр – 1 шай қасық;
  3. Дәміне қарай тұз және соя соусы;
  4. Сарымсақ – 3 бас;
  5. Дәні бар қыша – 1 ас қасық;
  6. Ірімшік – 6-8 тілім;
  7. Қызанақ – 2 түйір;
  8. Шампиньон – 6-8 түйір.

Сырнай пішінінде кесілген етке жоғарыда көрсетілген өнімдерді қосып маринадтау керек. Алдын ала дайындалған етті тоңазытқышта бір тәулік бойы сақтауға болады. Ал сол күні дайындау керек болса, асүйдегі жылы ауада 2-3 сағат қойсаңыз жеткілікті. Ет тұздықта неғұрлым ұзақ тұрса, дәмі ерекше тіл үйіретін болады. 180 градус пеште 60 минуттай пісіріледі.

Жаңажылдық дастарқан: әдемі безендірілген әрі үнемді тағамдарды қалай дайындауға болады
Пеште пісірілген "Сырнай" еті. Көрнекі сурет: Скриншот: youtube.com/@AlinaFooDee

"Мандарин" салаты

  1. Қайнатылған сәбіз – 3 түйір;
  2. Ысталған немесе қайнатылған тауық еті – 150 г;
  3. Ірімшік – 70 г;
  4. Сарымсақ – 1 бас;
  5. Консервіленген жүгері – 100 г;
  6. Майонез – 1-2 ас қасық.

Алдымен сәбізді үккіштен өткізіп дайындап аламыз. Содан соң тауық етін майдалап турап, шұңғыл ыдысқа саламыз. Оның үстіне ірімшікті үккіштен өткізіп салып, сарымсақты ұсақтап қосамыз. Барлығын майонез қосып араластырған соң сәбізді тағам орауға арналған пленканың бетіне тегістеп жаямыз. Сәбіздің бетіне қоспаны салып, пленкамен дөңгелек пішінінде ораймыз, сол кезде мандаринге ұқсап шығады.

Жаңажылдық дастарқан: әдемі безендірілген әрі үнемді тағамдарды қалай дайындауға болады
"Мандарин" салаты. Көрнекі сурет: youtube.com/@AlinaFooDee

Майшабақ салынған жұмыртқа салаты

Жаңажылдық дастарқанның әр түрлі реңктерге толы болғаны әдемі көрінеді. Соның ішінде үстел үстінде қызғылт түсті тағамдардың болғаны дұрыс. Әдеттегі майшабақ қосылған қызылша салатын басқаша түрлендіретін нұсқалар да бар. Мысалы асылған жұмыртқаның ағын ыдыс ретінде қолданып, оның үстіне үккіштен өткізілген қызылша салаты мен майшабақты әдемілеп орналастыруға болады. Салаттың құрамы мынадай:

  1. Пияз – 1-2 түйір;
  2. Қызылша – 1 түйір;
  3. Жұмыртқа – 5 түйір;
  4. Дәні бар қыша – 1 ас қасық;
  5. Татымына қарай майонез;
  6. Майшабақ еті – 100 г.

Бұл салаттың дайындалуы өте оңай. Ең бірінші қызылшаны үккіштен өткізіп алу керек. Қызылшаның дәмінің тәтті болғаны абзал. Егер тәтті дәм болмаса, аздап қант сепсеңіз де болады. Содан кейін 5 жұмыртқаны қақ ортасынан бөліп, сарысын қызылшаның үстіне саламыз. Бұған текшелеп туралған пиязды қосамыз да, барлығын майонезбен, қышамен араластырамыз. Дайын болған салатты жұмыртқаның ағының үстіне ұқыпты етіп салып, бетіне туралған майшабақты қойып шығамыз. Әсемдік үшін салаттың бетіне көк жуа қойсаңыз да болады. 5 жұмыртқадан 10 түйір салат шығады. Мұндай тағам жаңажылдық дастарқаныңыздың сәнін келтіреді.

Кез келген әйел дастарқанды жайнатып жібере алады. Ең бастысы ниеті мен қиялын іске қосса болғаны. Біз ұсынған кеңестер мен тағамдардың рецептілері бір кәдеңізге жарасын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2003816-zanazyldyq-dastarqan-ademi-bezendirilgen-ari-unemdi-tagamdardy-qalai-daiyndauga-bolady/

pixel