Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәріне күлкі болдым": күйеуі жас хатшымен көңілдес болған әйел көпшілікке мұңын шақты

Опубликовано:

Ерлі-зайыпты
Ерлі-зайыпты. Көрнекі фото: pexels.com

Самал есімді келіншек өз өмірі қорқынышты түске айналғанын айтып, мұңын шақты. Оның сөзіне сенсек, кәсіпорында бірге жұмыс істейтін күйеуі жас әріптесімен көңілдес болып алған. Компанияның барлық қызметкері олардың қарым-қатынасы туралы біледі және әйелдің артынан жеке өмірін талқылауға кіріскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Самалдың отау құрғанына 15 жыл болды, күйеуінен үш баласы бар. Осы уақытқа дейін олар бірге көп нәрсені бастан өткерді. Үй салып, тұрмыс құрды. Дегенмен уақыт өте аралары суи бастаған.

"Ерлан екеуіміз бір құрылыс компаниясында он жылдан астам жұмыс істеп келеміз. Мен — бухгалтермін, ол компанияның шаруашылық бөліміне жауапты. Жақсы ақша табамыз, қазір жақсы көлік алуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса балалар өсіп келеді, олардың болашағын да ойлау керек. Жұмыстан кейін үйге асығамын, отбасыма кешкі ас әзірлеуім керек. Мен үнемі мінсіз әйел болуға тырыстым", — дейді әйел.

Самал күйеуінің компания қызметкерімен бірнеше жыл бойы көңілдес екенінен хабардар. Ол күйеуінен мұны тоқтатуды талай рет өтінгенмен, ер адам жас ашынасымен қоштасқысы келмейді. Ол тіпті ажырасып, 15 жылдық некесін өмірінен сызып тастауға да дайын.

"Күйеуімнің ашынасы — жас әрі сүйкімді хатшы. Ол менен 12 жасқа кіші. Әрине, өзіме де күтіммен қарап жүрмін. Жақсы киінемін, артық салмағым да жоқ. Дегенмен уақыт ешкімді аямайды. Бір күні мен оны ашық әңгімеге шақырып едім, ол мені тыңдағысы да келмеді. Мен айғайлап, ұрысып, көпшіліктің алдында дау шығарғым келмейді", — деп бөлісті әйел.

Күйеуі Самалдың көзіне шөп салғанына қарамастан, ол балалары үшін шыдап жүр. Өйткені отбасының шырқын бұзғысы келмейді. Қазақстандық әйел әріптестерінің алдында қатты ұялған. Кәсіпорын қызметкерлері оның жеке өмірін жиі талқылап, артынан мазақ етеді екен. Ол фирмадан кеткісі келеді, бірақ өз мамандығы бойынша жұмыс табу өте қиын дейді.

"Күйеуім жұмыста бойдақ адамдай жүреді. Ол ашынасына көбінесе гүл шоқтарын сыйлап, кейде бірге тамақтанады. Жұмыстан кейін оны үйіне апарады. Көпшіліктің алдында мен ештеңе байқамағандай кейіп танытуға тырысамын. Алайда іштей қатты қынжыламын. Күйеуіммен ұрысып қалсам, бірден ажырасуымызды сұрайды. Не істерімді білмеймін. Мен бәріне күлкі болдым", — деп мұңын шақты Самал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2015172-barine-kulki-boldym-kuieui-zas-xatsymen-konildes-bolgan-aiel-kopsilikke-munyn-saqty/

pixel