Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні: ер-азаматтарды қалай құттықтауға болады

Опубликовано:

Сыйлық сыйлау сәті
Сыйлық. Көрнекі фото: pixabay.com

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай үйдегі азаматтарға қандай сыйлық сыйлап, қалай қуантуды әлі ойланып жүрсіз бе? Ендеше бірнеше идея ұсынып көрейік.

Сыйлық кез келген адамның көңіл күйін көтеріп, қуаныш, жақсы эмоция сыйлайтыны анық. Ер адамдарға да жасына, талғамына, кәсібіне, сүйікті ісіне, жақсы көретін спорт түріне, киіну стиліне, өмір салтына қарай түрлі сыйлық таңдауға болады.

Ер адамдарға қандай сыйлық сыйлауға болады?

Baribar желілік басылымы жүргізген сауалнамада ер адамдар әйелдер сияқты қалауы бар екенін, шын сыйлық жасағысы келген адам жолын табатынын айтады және әйелдер жуынуға арналған гель, қырынуға арналған пена, нәски сияқты сыйлық сыйлауды қойса деген тілегін де жеткізіпті. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың көбі сыйлыққа девайстар мен гаджеттер алғысы келетінін айтқан. Мәселен,

  • ақылды сағат;
  • сымсыз құлаққап;
  • ойын приставкасы;
  • ноутбук;
  • планшет;
  • смартфон;
  • фотоаппарат және т.б.

Ер адамдардың табиғаты әйелдерге қарағанда байсалдырақ, салмақтырақ болғандықтан, олар көбіне кәдесыйлардан көрі пайдаға жарайтын зат алғысы келетіні анық. Сондай сыйлықтардың бірі ақылды сағат дер едік. Қазіргі уақытта смарт сағаттың бағасы мен мүмкіндігіне қарай түр-түрін табуға болады.

Смарт сағат
Смарт сағат. Көрнекі фото: pixabay.com

Смарт сағаттар заманауи адамға қоңырауларға жауап беру, хабарламаны оқу, электронды поштаны ашу, жаңалықтардан хабардар болу, әлеуметтік желілерге келген хабарламаларды оқу, музыка тыңдау, ауа райын біліп отыру, ғаламторға қосылу мүмкіндіктерін ұсынады.

Сымсыз құлаққап та үйдегі азаматтардың ешқайсысын бей-жай қалдырмай, керісінше қуаныш сыйлайтын әрі күнделікті кәдесіне жарайтын пайдалы сыйлық болмақ.

Сымсыз құлаққап
Сымсыз құлаққап. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазір қауаты ұзаққа жететін, қараңғыда жарқырайтын, тер мен суға төзімді, дизайны көз тартарлық сымсыз құлаққаптар бар екенін ескерсек, қалтаңызға қарай арзанынан қымбатына дейін түрлі құлаққап табу қиын емес.

Кей азаматтар сыйлыққа

  • парфюм;
  • белдік;
  • әмиян;
  • спорттық киім;
  • кроссовка;
  • спорттық сөмке:
  • көлік жөндеуге не басқа да керегіне жарайтын, сүйікті ісіне арналған құрал-саймандар жиынтығын алғысы келетінін айтады.

Авторегистратор немесе көлікке арналған шаңсорғыш та таптырмас сыйлық.

Қызығушылығына қарай гитара, домбыра сынды аспаптар, шахмат сияқты үстел ойындарын да сыйлауға болады.

"Сыйлық таңдау эмоциялық интеллектке өзіндік жаттығу болмақ. Сыйлық таңдау арқылы біз эмоциялық интеллекті дамытып, бізге қымбат жандардың сезіміне байланысты сұрақтарға ойша жауап беруге тырысамыз. Мен сыйлайтын не сыйлағым келетін сыйлық қандай эмоцияларды оятады? Жақын адамыма ұнайтын, кәдесіне жарайтын, қуаныш сыйлатын сыйлық таңдай аламын ба? Ал сол адамның таңдауын дәл тапқан болсақ, бұл өзімізге де жағымды эмоциялар сыйлайды", - дейді Урал федералды университетінің жалпы және әлеуметтік психология кафедрасының психологы Любовь Оконечникова.

Сыйлық
Сыйлық. Көрнекі фото: pixabay.com

Мереке күні ер адамдарды қалай қуантуға болады?

Мереке дегенде ең алдымен оймызға заттай сыйлық сыйлау орала кетеді. Дегенмен заттай сыйлықтан бөлек, эмоция сыйлауға болатынын да есте сақтаған жөн. Мәселен,

  • киноға;
  • атпен серуендеуге;
  • картингке;
  • пейнтболға;
  • бірге әуе шарымен, тікұшақпен ұшуға;
  • тауға серуендеуге;
  • саздан құмыра жасауға, сурет салуға шақыруға болады;
  • немесе футбол сияқты өзі сүйіп көретін спорттық жарыстарға билет;
  • түрлі шараларға, шеберлік сыныптарына сертификат сыйлап та азаматыңызды қуанта аласыз.

Көлігі бар азаматтар көлікке арналған қызметтерге арналған сертификаттарды да қуана қабыл алатынын ұмытпағайсыз. Қиялыңызға ерік берсеңіз кез келген азаматты таңғалдыруға болады.

Картинг
Картинг. Көрнекі фото: pixabay.com

Айтпақшы, ер адамдардың көбі гурман екенін ескерсек, мереке күні үйдегі азаматтарды мәзірі ерекше мейрамхана шағыру да жақсы идея болмақ. Ал дәмді тағамды, түрлі тәттілерді өз қолыңызбен әзірлеп берсеңіз, кез келген азамат бұл сыйыңызға қуанып қалады. Мәселен, фудблогер Диана Есенбекова ұсынған дәмі тіл үйіретін Самарқан палауын не болмаса Ақнұр Тілекқызының рецебімен қазанда піскен люля кебаб тағамын ерекше тәсілмен әзірлеп берсеңіз болады.

Бір қызығы, адамды сыйлық алғаннан көрі сыйлық берген көбірек қуанышқа бөлейтін көрінеді. Чикаго университетінің ғалымы Эда О’Брайен мен Солтүстік-батыс университетінің ғалымы Саманта Кассирер сыйлық сыйлау, қайырымдылық жасау сыйлық алу, дәмді тамақ ішу, айлық алу сияқты әрекеттерге қарағанда көбірек жағымды эмоцияға бөлейтінін анықтаған. Өзге адамға қуаныш сыйлау, сыйлық таңдау және оны сыйлау – гедонистік бейімделуге әкелмейтін, бақытқа бөлейтін бірегей жағдай, деп түсіндіреді зерттеушілер.

Қалай десек те, 7 мамыр мерекесін пайдаланып үйдегі азаматтарды қуантам десеңіз, қалауына қарай сан түрлі сыйлық жасауға болады. Ең бастысы көңіл екенін ер-азаматтар да жақсы түсініп, еңбегіңізді бағалайтынына кәміл сенеміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2091212-7-mamyr-otan-qorgaushylar-kuni-er-azamattardy-qalai-quttyqtauga-bolady/

pixel