Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Соңғы қоңырау: ұстаз, мектеп туралы өлеңдер топтамасы

Опубликовано:

Қоңырау мен жалауша ұстап тұрған оқушы қыз
Оқушы. Көрнекі фото: Егемен Қазақстан

Соңғы қоңырау – әсіресе жас түлектер үшін толқитын әрі сыныптастарымен, мектеппен, он бір жыл білім берген аяулы ұстаздарымен қимай қоштасатын сәт. Күллі оқушы тағы бір оқу жылын аяқтап, есейеді. Ұстаздардың, мектептің де қадірі жылдан-жылға арта түседі. Соңғы қоңырау қарсаңында оқырмандарымызға ұстаз, мектеп туралы өлеңдер топтамасын жинақтап, ұсынғанды жөн көрдік.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы: ұстаздар туралы өлең жолдары

Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім

Үмбетбай Уайдин

Академик, министр бол тіпті сен,

Кім болсаң да, мектеп көрдің кеше сен.

Кім болсаң да қарайлап жүр ұстазға,

Алааяқтар алдын орап кетпесін.

Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары,

Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі.

Мектеп көрген әдептілер айтпақшы,

"Мұғалімнен шықпаңыздар жоғары".

Орындалып айталық бір ойдағы іс,

Отырармыз қуаныш та, тойда біз.

Сондай кезде есте болар бір нәрсе,

Мұғалімнен бұрын сөйлеп қоймаңыз.

Ақыл. Сана. Сабыр. Талас-тартысу,

Мұғалімнің табиғаты жалпы осы.

Бос уақыты ойдан басқа ойы жоқ,

Бос уақыты – әрбір түннің жартысы.

Қай баласың? Кім боласың, шырағым?

Кешірерсің ерсі естілсе сұрағым.

Кім болсаң да кідіре тұр кішкене,

Кідіре тұр, өтіп кетсін мұғалім.

Ал мұғалім барса алдыңа дұрысы

Жүрегіңмен сездір-дағы ұлы ісін,

Ұшып тұрып, қалбалақтап қол беріп,

Тастай қылып тындырып бер жұмысын.

...Кім боласың?

Ұмтылмаңыз жоғары,

Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі!

Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба,

Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!

Ұстаз

Фариза Оңғарсынова

Заводта болсаң, күнбе-күн

көрінер еді табысың.

Дәрігер болсаң, түрлі емің –

сырқаулы жанның бағы шын.

Ал сенің еңбек жемісің

өзгеше тіпті басқадан:

ол – өзін арнап ел үшін

осынау жүрген жақсы адам.

Жақсы адам – елдің тірегі,

байлығы туған халықтың,

шапағын шашар үнемі

көгінде тұрған жарық күн.

Сан жастың қамын шертесің,

тағдырын ойлап толғанып.

Әр үйдің бір-бір еркесін

үйреттің өзің қолға алып.

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,

шәкіртсіз өмір – сусыз жер.

Көрінбес ғажап еңбектің

бейнетін кешіп жүрсіздер.

Жүректе тұрар жалқы үнің,

жанымнан жалын жігер күт.

Ұстазым, сенің әр күнің,

әр сәтің тұрған бір ерлік!

Ұстаз – ұлы есім. (М.Әуезов)

Ұстаз

Жұмекен Нәжмеденов

Мұз жамылып жатпасын деп қыста мен –

жылы жел боп маңдайымнан сүйіп ең.

Бір ғажайып құзар-шыңды нұсқап ең,

Өзіміздің Алатаудай биік ол…

Сен бір үлкен өзен едің мол сулы,

толқыныңның жалы жатыр Ай қағып,

Мен – жас бұлақ, үйретіп ең толқуды,

келем әлі белгісіздеу сайда ағып.

Ұстазым

Абрахман Асылбек

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Мен бүгін өзіңменен кеңесемін.

Әдеппен "Әліппені" үйретпесең,

Әдепті адам болдым демес едім.

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Көк сүйген тауларымның төбесі едің.

Алдыңда ақыл кені ақтарылып,

Дария даналармен теңесемін.

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Қызықты күндерімнің елесі едің.

Алуын алдым сенен алуымша,

Еліме ұшан-теңіз берешегім.

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Самғайтын қиялымның кемесі едің.

Өмірлік өзің берген өнегеңмен

Күлімдеп қарсы алады келешегім.

Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау. (Жан-Жак Руссо)

Мұғалім мен партада отырған оқушылар
Мұғалім мен оқушылар. Көрнекі фото: aqmeshit-zhastary.kz

Мектебім – айтар әнім: мектеп туралы өлең жолдары

Мектебіме

Мұқағали Мақатаев

Мектебім – айтар әнім,

Сан рет қайталадым.

Өзіңнен алғанымды

Өзіңе қайтарамын.

Мектебім, қия алмаймын,

Көп нәрсе қиялдаймын...

Мәңгілік оқушың боп

Қалуға ұялмаймын.

Өзіңнен, тегінде, мен

Аттанам сенімменен.

Ассалаумағалейкүм,

Дәу мектеп өмір деген!

Алтын ұя – мектебім

Ермахан Шайхыұлы

Алтын ұя – мектебім,

Өзіңде өніп, көктедім.

Бас иемін алдыңда,

Өзің – мәңгі көктемім.

Алтын ұя – мектебім,

Дәт-қуатым, от-демім.

"Мақсаттарға діттеген,

Білім қуып жет!" дедің.

Алтын ұя – мектебім,

Қимай да сені кеткемін.

"Белгі боп сенде қалсын" деп,

Аулаңа шыбық еккемін.

Алтын ұя – мектебім,

Өзіңде өніп, көктедім.

Бас иемін алдыңда,

Өзің – мәңгі көктемім.

Мектебіме

Алмат Исәділ

Арналсын саған тілектер,

Елжіреп соқсын жүректер.

Ұяңнан ұшты қаншама,

Қанатын қағып түлектер?!

Қызмет етсін елге деп,

Қаншама түлек баптадың?!

Білім мен ойды зерделеп,

Дәстүрді берік сақтадың.

Баршаға бүгін бақ тілеп,

Айтылсын асыл, ақ тілек.

Салтанат құрып түлектер,

Шеруге шықты сап түзеп.

Бейбіт күн орнап елімде,

Жалғаса берсін тойлары.

Желбіреп тұрсын төрімде

Тәуелсіз елдің байрағы.

Сапырған білім тұнығын,

Болсыншы ұзақ ғұмырың!

Асқақтай түсіп мәртебең,

Биіктей берсін тұғырың!

Назарын көптің аудырып,

Білімнің отын жандырып,

Мектебім – білім ордасы

Берік боп тұрсын мәңгілік!

Сынып ішіндегі оқушылар
Оқушылар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Соңғы қоңырау

Кеңшілік Мырзабеков

Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні,

Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі.

Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның,

Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.

Балалық шақтың оятып күллі өлкесін,

Балауса ойдың қасытып кенет желкесін.

Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей,

Қимастық үні, не деген ғана еркесің?!

Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп,

Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек.

Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік

Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп.

Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын,

Арманға қосып алысқа тартар арнасын.

Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек

Он жеті жастың тазалығынан танбасын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2102861-songgy-qongyrau-ustaz-mektep-turaly-olengder-toptamasy/