Тостағандағы ең дәмді "жаркое": Гүлжанат Нұрышевадан ерекше кешкі ас рецебі
Жарияланған күні:
"Жаркое" - орыс ұлтының ең танымал тағамдарының бірі. Дәмді тағамды әзірлеудің түрлі рецебі бар. Бүгін назарларыңызға аталған ауқаттың қамырда піскен түрін ұсынамыз.
"Жаркое" тағамын әдетте қазанға пісіріп жатады. Алайда оны қамырдан жасалған тостағандарда да даярлауға болатынын көпшілік біле бермейді. Ерекше кешкі астың рецебін фудблогер Гүлжанат Нұрышева ұсынады.
Сипаттамасы
Асхана: орыс
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 25 минут
Дайын болу уақыты: 35 минут
Құрамы
Ұн - 250 г
Тұз - 1 шай қасық
Қопсытқыш - 1-2 шай қасық
Сары май - 30 г
Cу - 150 мл
Ет - 300-400 г
Пияз - 2 дана
Сарымсақ - 1 тісше
Дәмдеуіштер - дәміне қарай
Дайындалуы
1. Қамыр илейміз
Ұнды електен өткізіп, миксердің ыдысына саламыз. Үстінен су құямыз. Тұз бен қопсытқышты саламыз. Сосын ерітілген сары майды құямыз. Барлығын жақсылап араластырып, тостағандарға қажет қамыр илейміз. Қамырды 20 минутқа тындырып қоямыз
2. Салмасын дайындаймыз
Алдымен сиыр етін ұсақтап тураймыз. Сосын пиязды турап аламыз. Бір сарымсақты аршып, ұсақтап турап, салмаға қосамыз. Дәміне қарай тұз бен бұрыш қосамыз. Соңында салма нәрлі болуы үшін, аздап су қосамыз.
3. Қамырдан тостағаншаларды жасаймыз
Қамырдан екі тостағанша жасау үшін, алдымен екіге бөліп аламыз. Сосын әр бөлікті тостағаншаның асты мен үстін жасау үшін тағы екіге бөлеміз. Әр бөлікті орташа қалыңдықта, домалақ етіп жаямыз. Тостағаншаның астыңғы бөлігін қалыңдау еткен дұрыс, сонда қамыр тесілмейтін болады.
4. Тостағаншаларға салмасын саламыз
Қамырдың қалың бөлігін шұңғыл ыдысқа салып жаямыз. Жайып болған соң, үстінен салмасын саламыз. Сосын қамырдың жұқа бөлігін тостағаншаның бетіне жауып, шеттерін ауа кірмейтіндей етіп, түйіп шығамыз. Кейін ыдыстан төңкеріп, үстіне қақпақ сияқты қамырдан домалақ жасап қоямыз.
5. Тағамды пісіреміз
Дайын болған тостағаншаларды пештің табасына қоямыз. Әрқайсысының бетіне жұмыртқа жағамыз. Тостағаншаларды әдемілеу үшін, оның бетіне күнжіт сепсеңіздер болады. Алдын ала қызып тұрған пешке, 180 градусқа, 40-45 минутқа салып, пісіріп аламыз. Осылайша, қамырда піскен, ерекше "жаркое" дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2116380-tostagandagy-eng-damdi-zharkoe-gulzhanat-nuryshevadan-erekshe-keshki-as-retsebi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.