Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құдаларға қатысты жасалатын жөн-жоралғылар: құдағи жүзік деген не

Опубликовано:

Қазақы той
Ертедегі қазақ ауылының көрінісі. Көрнекі сурет: weproject.media

Құдалық – қазақ халқының ертеден бері жасап келе жатқан дәстүрі. Ұл мен қыздың ағайын-туыстары арасында өтетін дүбірлі той екі елді жекжат етеді. Қазақтың салт-дәстүрлері мен жоралғыларының астарында үлкен мән бар. "Қазақтың салт-дәстүрлері" кітабын негізге ала отырып, құдаларға қатысты жасалатын рәсімдер жайлы мақаламызда тарқатып жазамыз.

Құдалық қалай өтеді?

Үйленуге ниет еткен күйеу жігіттің әкесі баласымен және өзінің жақын туыстарымен (кейде жігіттің әкесі келмеуі де мүмкін) құда түсуге келеді. Құда түсу салты өте қызықты өтеді. Құдалардың келуі "кұда түсер" деп айтылады.

Қыздың әкесі өз туыстары мен жақындарына, сыйлас адамдарына құда келетінін алдын-ала хабарлайды. Құдаларды аса құрметпен, салтанатпен қарсы алады. Екі жақтың құдалары бір-біріне сыйлықтар беріп, қуанышқа бөленеді. Бұл отырыста құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр секілді салт-жоралар жасалынады. Әлижан Тауұлының "Қазақтың салт-дәстүрлері" кітабында жігіт жағынан келген ең сыйлы адам - бас құда, күйеудің және қыздың әкелері бауыздау құда деп аталатыны жазылған. Бас құда жаңа жерге түскен келін үшін әр уақытта қымбат та сыйлы адам болады.

Қалың мал жайлы

Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы "қалың мал" беруі керек. Бұл қазақ, қазақ болғалы сақталып келе жатқан ежелгі дәстүр. Оның мөлшерін құдалардың дәрежесі мен дәулетіне қарай екі жақ келісе отырып шешеді. Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес-алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен.

Билер мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне "бес жақсы" деп аталатын бес түйеге қосып бір жетім қыз (күң), "аяқ жақсы" деп беретін үш түйеге қоса бір жетім ұл бала (құл) бергендігі кейбір дерек көздерінен белгілі. Қалың малдың "қырық жеті", "отыз жетінің бүтіні", "отыз жеті", "отыз жетінің жартысы", "жақсылы отыз жеті", "жиырма жеті", "он жеті", "домалақ қалың мал", "домалақ бата" сияқты түрлері болған. Мұнымен қоса той малын, сүт ақысын, ілуін, өлі тірісін, тағы басқа көптеген бағалы кәде-жорасын апаратын. Бұған Кеңес үкіметі кезінде "қызды малға сату" деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы "қалың мал" мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген секілді.

Құда тартар

Құда тартар дәстүрі дегеніміз не? Салт бойынша құдалар дастарқан жиналған соң әңгіме-дүкен қүрып отырғанда, әйелдер келіп, "құда тартар" жасайды. Құданы өгізге теріс мінгізіп, ауылды аралап жүргізеді, не кілемге салып, жабыла көтеріп, жоғары-төмен түсіреді, не құданы аяғынан байлап, арқан ұшын шаңырақтан шығарып жоғары асып қояды. Бүл "тартыстан" құтылу үшін құдалар әйелдерге ақы-пұл төлеуге тиіс. Құдалар жағы бұл күлкілі ойындары үшін әйелдерге ренжімейді. Қайта, көпшілікті қызыққа батырып, көңілдерін көтергені үшін риза болады.

Дастарқан басында
Дастарқан басында жиналған меймандар. Көрнекі сурет: weproject.media

Киіт беру

Киіт беру салты қалай жасалады? Құдалар аттанарда дәстүр бойынша қыздың әкесі сый-құрмет көрсетіп, аса бағалы сыйлығын жігіттің әкесіне береді. Ал басқа құдаларға өздерінің жас шамаларына, туыстық достық қарым-қатынастарына байланысты сый-сияпат жасалады. Бай-қуатты адамдар күйеу әкесіне бір үйір жылқы, шапан, міндетті түрде құда мінетін жақсы ат мінгізеді. Сол сияқты қыз жағынан басқа туыстары да құдаларға киіт қояды, бірақ қыз әкесі берген киіттен сәл төмендеу болады. Бүл киіттер қызға берілген қалың малға да байланысты.

Қоржын сөгу

Кәделердің арасында "қоржын сөгу" рәсімі де болады. Бұған әйелдер қауымы жиналады. Қоржынның аузына бір киімдік пұл салынады. Бұл қоржынды сөккен адамның сыбағасы. Онан соң жағалы киімдер қыздың әке-шешесіне арналады. Тағамды жиылғандар татады. Бір табақ "шатыр байғазысы" болып жатқан жердегілерге апарылады. Некесі оқылғанға дейін барар жерінің асынан ауыз тимеген келінге енді жеуге рұқсат етіледі.

Шатыр байғазысы дегеніміз неке оқылғаннан соң жасалатын дәстүр. Қалыңдық той тараған күннің ертеңінде далаға тігілген шатырға шақырылады. Бұл "күйеуің екеуінің енді бір шаңырақтың иесісіңдер, біз енді сол қуаныштарыңды көруге асығамыз. Бүгіннен бастап қол ұстасып, тізе қосып, ашық жүрулеріңе рұқсат" дегенді білдіреді. Шатыр байғазысын жігіт жақтың бір құдағиы береді. Өйткені болашақта ақ отау солардыкі.

Құдағи жүзік тарту етудің астары неде?

Құдағи жүзік – жаңа түскен келініне аналық мейірім шуағын төге білген парасатты құдағиларға ғана және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартылатын дәстүрлі сыйлық. Құдағи жүзікті қыздың анасы құдағиына бір жылдан соң тарту ету үшін арнайы жасатқан. Бірақ барлық құдағиға бірдей мұндай дәстүрлі сый берілмеген.

БҚО музейі қор бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Қауланова danaqaz.kz сайтында жарияланған мақаласында құдағи жүзіктің мәнін былай түсіндірген:

Құдағи жүзіктің екі саусаққа кигізілуінің өзіндік себебі де бар: екі елдің баласы тіл табысып, бір шаңырақ көтеріп, бір отбасыға айналды дегенді білдіреді екен. Ірге көтерген шаңырақтың босағасы берік, ғұмыры ұзақ болуын қос құдағи осы жүзіктей берік ұстап, көңіліміз күмістей таза, жарқырап жүрсін деген ниетпен тағылған.

Құдағи жүзікті оң қолдың ортаңғы екі саусағына кигізгенде төрт саусақтың сыртын түгел жуық жауып тұрады. Зергерлік бұйым көбіне асыл тастармен безендірілетін болған. Қазақ оны "тас" немесе "көз" деп атайды. Мұндай салыстыру да кездейсоқ емес, орнатылған тас бәрін байқайтын, қорғайтын көз ретінде қабылданып, онда сиқырлы күш бар деп саналған. Үлкен, тасбақа қабығына ұқсас жүзіктер ұзақ өмір символы деп қабылданған. Өйткені шығыста тасбақа ең ұзақ жасайтын жәндік деп есептеледі.

Құдағи жүзік – құдағилар арасындағы сыйластық пен құрметтің көрінісі болып есептеледі. Әдетте құдағи жүзіктер Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батыс өңірлерінде көптеп жасалған деседі.

Бұған дейін екі жастың үйленуіне қатысты қыз айттыру, құда түсу, бата аяқ, өлітірі, құйрық-бауыр туралы "Қыз айттыру, құда түсу, бата аяқ: екі жас үйленгенде жасалатын маңызды салт-дәстүрлерді білесіз бе" деп аталатын мақаламызда жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2122446-qudalarga-qatysty-zhasalatyn-zhon-zhoralgylar-qudagi-zhuzik-degen-ne/