Шаш неге түседі: себептер мен салдары туралы маңызды деректер
Жарияланған күні:
Шаш түсуі соңғы кезде ерлер арасында да, әйелдер арасында да жиі кездесетін проблемалардың біріне айналды. Шаштың уыстап түсуіне экология, тамақтану, ұйқы және басқа да көптеген жайт әсер етуі мүмкін. Бұл тұрғыда мамандар не дейді және шаш түсуінің алдын алу үшін не істеу керек екенін материалдан оқыңыз.
- Шаш түсуіне тұқым қуалаушылық, Д дәруменінің жетіспеушілігі, шаш бояуындағы зиянды химикаттар, гормондар мен эндокриндік жүйенің бұзылуы және басқа факторлар әсер етеді.
- Трихолог Ғалия Бекназар шаш түсуіне экзогенді және эндогенді факторлар әсер ететінін, соның ішінде күтімнің жоқтығы, химиялық заттардың әсері және гормоналдық дисбаланс маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
- Шаш түсуін емдеу үшін кешенді тәсіл қолдану керек, оған массаж, дәрі-дәрмектер, дәрумендер кешені, арнайы сусабындар және салонда жасалатын процедуралар кіреді, сонымен қатар хирургиялық, физиотерапиялық және инъекциялық әдістер де қолданылады.
Шаштың шамадан тыс көп түсуі көбінде ағзадағы кінәраттан болады. Алопециямен (таз) дұрыс күресу үшін оның пайда болу себептерін анықтап алу қажет.
Шаштың жай-күйіне С, А, F, Е, В8 дәрумендер тобының жетіспеушілігі әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар шаш биотин, йод және мырыштың жетіспеушілігінен де көп түседі. Егер ағзаға Е және В дәрумендері, фолий мен никотин қышқылы сондай-ақ магний, кремний, кальций жетіспесе, шаштың өсуі баяулайды.
Шаш не себепті көп түсуі мүмкін?
Мамандар шаш түсуі көп жағдайда тұқым қуалайтынын айтады.
Трихолог Ясин Курайш шаш түсуінің нақты себебін анықтап алмаса, қандай да бір емнің әсері уақытша ғана болатанын айтады. Оның айтуынша, шаш көп жағдайда мына себептерге байланысты түседі:
- Д дәруменінің жетіспеушілі мен шаш бояуындағы зиянды химикаттар;
- химиялық препараттарды көп мөлшерде пайдалану;
- гормондар мен эндокриндік жүйенің бұзылуы;
- қан аздығы мен темір жетіспеушілігі;
- ас қорыту жүйесі жұмысының бұзылуы;
- бауырдың сүзіп алған дәрумендерді шашқа жеткізе алмауы;
- тері аурулары.
Дәрігер-трихолог Ғалия Бекназар El.kz сайтына берген сұқбатында соңғы кезде шаштың шамадан көп түсетініне шағымданатын қыз-келіншектер саны артқанын айта келе, оған себеп болатын бірнеше факторды атап өтеді:
"Шаштың түсуіне экзогенді және эндогенді екі фактор әсер етеді деп айтар едім. Көп жағдайда күтімнің жоқтығынан, шамадан тыс химиямен улау, күйдіру, түзулеу сынды себептерден шаш түседі. Және тағы бір себеп – эндогенді факторлар, гармоналдық дисбаланс, маусымдық ауысым, стресстік жағдай, шамадан тыс гармондық препараттар қабылдау, антибиотиктерді көп қолдану, тұқым қуалаушылық себептер әсер етруі мүмкін".
Трихолог Жанна Зейноллақызы шашты тез, "шапшаң" өсіретін әлемде бірде-бір дәрі не сусабын жоқ екенін алға тартады.
"Ғаламтордағы мұндай жарнамаларға сеніп қалмаңыз. Адам шашының өсуі тікелей ішкі ағзаларына байланысты. Егер ішкі ағза аман, қан айналымы жақсы, зат алмасуы қалыпты болса, онда тектен-текке шаш түспейді. Әрі шашты тек сусабынмен не басқа да жағатын, жуатын заттармен өсіруге болады дегенге сенуге болмайды. Кешенді тексеріс пен кешенді ем-домның арқасында түскен шашты 6-8 айдың ішінде қалпына келтіруге болады", - дейді трихолог.
Трихологиялық аурулардың алдын алу
Дәрігерлер трихологиялық аурулардың алдын алу үшін мына кеңестерді ұсынады:
- Салқын ауа райында, әсіресе қыста, күзде шашты салқын сумен жуған дұрыс;
- Далаға шашты толық кептіріп шығу керек, әйтпесе шашыңыз суық тиюден бөлек ұштанып кетеді;
- Шаш кептіретін құрылғыны, шаш бұйралауға немесе тіктеуге арналған құралдарды қолдануды азайту керек;
- Шашты күнде жуу оны әлсіретіп жібереді, тез майлануға әкеледі;
- Қыста баскиімсіз жүрмеу қажет;
- Бастың қан айналымын жақсарту үшін күнде қолмен массаж жасап тұрған дұрыс.
Үй жағдайында шаштың түсуін тоқтату үшін табиғи өнімдерді қолданып, түрлі маска жасауға болады.
Мәселен, пияз шырыны шаштың түсуіне қарсы ең тиімді құрал болып саналады: ол шашты түбірінен қоректендіріп, оның өсуіне көмектеседі. Шашыңызға пияз шырынын жағу үшін, 2-3 ас қасық шырын жеткілікті. Ол үшін пияз шырынын алдымен шаштың түбіне жағып, басты сүлгімен орап тастау керек және осылай бірнеше сағат бойы жүру керек. Егер шашыңыз қатты түсіп жатса, онда осы процесті күнделікті жасаған абзал. Ал егер шашыңыз жиі түспесе, бұл әдісті аптасына екі рет жасауғ кеңес беріледі.
Шаш түсуін емдеу әдістері
Алопецияны емдеу үшін кешенді тәсіл қолдану керек: массаж, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер кешені, арнайы сусабындар мен салонда жасалатын ем-шаралар.
Effi-clinic мамандары шаш түсуін емдеуде зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану және ұйқыны қалпына келтіру де үлкен рөл атқаратынын айтады.
Шаш түсуін емдеу әдістері:
- Хирургиялық. Тыртықты алопецияны шаш фолликуласын трансплантациялау арқылы емдеуге болады. Алайда хирургиялық операцияларды бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді, қарсы көрсетілімдер де болуы мүмкін.
- Физиотерапия. Терігер дәрілік заттар жағылады және арнайы құрылғылардың көмегімен қыздырылады. Лазерлік терапия да қолданылады. Лазер барлық зат алмасу процестерін ынталандырады және ем белсендірек жүреді.
- Инъекция әдісі. Шаштың өсуін жақсартады, шаштың "ұйықтап жатқан" фолликулаларын оятады, қайызғақты жояды және бас терісіне арнайы коктейльді енгізу арқылы бас терісі ауруларымен күреседі. Процедураға дайындық кешенінде барлық қажетті дәрумен, микроэлементтер, қоректік заттар, пайдалы аминқышқылдары және т.б қамтылған.
- Терапиялық әдіс. Мұнда крем, маска, сусабын, кондиционер, халықтық емдеу әдістерін қолданылады.
"Шаш – адам көркі" десек, шаштың түсіп, сиреп қалуы көп адамға ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан әйелдер де, ер адамдар да шашының уыстап түсе бастағанын байқаған жағдайда бірден білікті трихологтарға жүгініп, ағзасындағы кінәратты анықтап, емге ертерек кірісуі керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2189735-shash-nege-tusedi-sebepter-men-saldary-turaly-mangyzd-derekter/