Әрқайсына 10 млн теңге: "Жыл оқырманы" байқауының жүлде қоры жарияланды
Жарияланған күні:

Кітапқұмар қауымның қатары артып келеді. Небәрі екі аптаның ішінде миллионнан астам қазақстандық "Кітап оқитын ұлт" республикалық жобасына қатысуға ниет білдірді, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.
Бастама ел ішінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған. Жоба талабына сәйкес, қатысушылар жеті бағыттың бірін таңдап, алты айда 15 кітап оқып, өңірлік деңгейде бірнеше сыннан өтуге тиіс. Үздіктер "Жыл оқырманы" атағына таласады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына сүйенсек, аймақтық сыннан сүрінбей өткен жүлдегерлерге 300 мыңнан 600 мың тг дейін ақшалай сыйақы қарастырылды. Ал финалға 20 өңірден іріктелген 200 оқырман елордаға келіп, тест тапсырып, эссе жазып, оқыған шығармаларын сарапшылар алдында талдауы шарт.
Нәтижесінде, Қазақстанның үздік 10 оқырманы анықталып, әрқайсысына 10 млн теңге бас жүлде табысталады.
"Былтыр пилоттық негізде Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласында өткен марафонға 180 мыңнан астам адам қатысты. Биыл кітап оқу марафонын тұтас ел аумағында өткізгелі жатырмыз. Оған оқушылар мен студенттер, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер, отбасылар мен зиялы қауым өкілдері, яғни кез келген оқырман қатыса алады. Қоғамның кітап оқуға деген ықыласы зор екені қуантады", - дейді мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/leisure/books/2429952-arqaisyna-10-mln-tengge-zhyl-oqyrmany-baiqauynyng-zhulde-qory-zhariialandy/
