Бос уақыт

Зектілері

Әйгілі "Нұрикамал" әнін жазған сазгер Тұрдықылыш Ізтаевтың шығармашылығы мен өмірі

Жарияланған күні:

Тұрдықылыш Ізтаев
Тұрдықылыш Ізтаев. Видеодан кадр: youtube.com/@tansholpantv

Тұрдықылыш Ізтаев – музыка саласының дамуына зор үлесін қосқан танымал сазгер. Оның есімі қалың елге "Нұрикамал" әні арқылы кең танылды. Тағдырлы әнге сазгердің басынан кешкен ғашықтық сезімі арқау болған. Бұл мақалада Тұрдықылыш Ізтаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталдық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Тұрдықылыш Ізтаев – танымал сазгер. Оның "Нұрикамал", "Жүрек сыры" әндері кеңінен танылған.
  • Сазгердің "Нұрикамал" әні оның Нұрикамал есімді аруға деген махаббатынан туған, әннің сөзін жары Ханбибі Есенқараева жазған.
  • Тұрдықылыш Ізтаев 20-дан астам ғылыми және оқу әдістемелік жұмыс жазған, оның әндері "Махаббат – өмір" атты жеке альбом болып жарық көрген.

Тұрдықылыш Ізтаев 1949 жылы 30 маусымда Түрікменстан Республикасының Тахтабазар ауданында дүниеге келген. Шымкент музыка училищесін тәмамдағаннан кейін білімін Құрманғазы атындағы консерваторияда жалғастырады. Кейін Ленинградтағы Н.К.Крупская атындағы мәдениет институтының аспиратурасын бітіріп шығады.

Сазгер еңбек жолын әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтында бастап, сол ұжымда жиырма жылдай табанды қызмет еткен, кейін Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі, халық аспаптары оркестрінің дирижері болған. Өнер иесі 20-дан астам ғылыми және оқу әдістемелік жұмыс жазған.

Тұрдықылыш Ізтаевтың әндері "Махаббат – өмір" деген атпен жеке альбом болып жарық көрген.

Тұрдықылыш Ізтаев қазақтың танымал ақыны Ханбибі Есенқараевамен 30 жыл отасып, айырылысып кеткен. Ақын мен сазгердің отбасында үш қыз дүниеге келген. Сазгер 2020 жылы 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Тұрдықылыш Ізтаев
Тұрдықылыш Ізтаев, Ханбибі Есенқараева қыздарымен. Видеодан кадр: "Хабар" арнасы

"Жүрек сыры" – сазгердің танымал әндерінің бірі

"Бір жүрек бір жүрекке керек екен" деп келетін ән жолдары арқылы кезінде талай ғашық жансырын жеткізгені анық.

Тұрдықылыш Ізтаевтың бұл танымал әнінің сөзін жетпісінші жылдары жамбылдық ақын Мәдина Көбеева жазған екен.

1980 жылы композитордың қолына қазақ ақын қыздарының "Қызғалдақты көктем" өлеңдер жинағы түседі. Жары Ханбибі іссапарға жиі кетіп, сазгер үйде жалғыз қалып, көңілі құлазып жүрген кезде осы кітапты парақтап отырып, осы "Жүрек сыры" деген өлеңге көзі түседі.

"Өзің жақсы көретін адамды сағыну қандай ғанибет! Қандай ғажап! Ақын Мәдина Көбееваның "Жүрек сыры" өлеңі менің көңілімді дөп басты. Ән өмірге солай келді. Ал ән алғаш рет "Тамашаның" режиссері Лұқпан Есеновтың қалауымен 1984 жылы "Тамашада" орындалды", – деген екен сазгер журналист Ерман Әбдиевге әннің шығу тарихы жөнінде.

Әнді сол жолы алғаш рет "Тамаша" сахнасында қазақтың биязы келіні атанған Татьяна Мартыненко орындап шығады. Сол концерттен кейін ән ел арасына тез тарап кетеді. Кейін ән нотасымен бірге "Мәдениет және тұрмыс" журналына, "Қазақ әдебиеті" газетіне жарияланған.

"Жүрек сыры"

Жақын болып кеттің-ау, жаным маған,

Кездерім жоқ сені аңсап, сағынбаған.

Шағаласыз шарқ ұрған теңіздей боп,

Іздейді екен беймаза шағында адам.

Жұлдыздар да серіксіз сөнеді екен,

Қара аспан қайғырғанда төнеді екен.

Күн шуағын жаныңа төгетұғын,

Бір жүрек бір жүрекке керек екен...

Аққуы бар айдынның жазы бөлек,

Сен барда бұл жүректің назы бөлек.

Жүрек бірге болғанын қайтеміз-ай

Болған соң тіршіліктің сазы бөлек.

"Ардақты ана"

Әні мен сөзі жымдаса кеткен "Ардақты ана" әні де – сазгердің ерекше атап өтетін шығармаларының бірі. Әннің сөзін балалар ақыны, "Ақ мамам" әнінің авторы Әнуарбек Дүйсенбиев жазған.

"Ардақты ана"

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,

Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.

Өміріме нәрін берді ақ сүтің.

Кең құшағың – аясындай гүл бақтың.

Мен өзіңмен қайда болсам біргемін,

Махаббатың жүрегімде жүр менің.

Күн нұрындай – жадырай бір күлгенің,

Қандай жақсы ортамызда жүргенің!

Ержеткізіп, елге берген баласын,

Ақылдысың, ардақтысың, данасың.

Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,

Қайратыңнан қайта көрме, анашым.

"Нұрикамал" әнінің шығу тарихы

"Нұрикамал" әні – Тұрдықылыш Ізтаевты халыққа сазгер ретінде танытқан шоқтығы биік туындыларының бірі. Ән композитордың Нұрикамал есімді аруға деген махаббатынан туған. Әннің сөзін жары Ханбибі Есенқараеваның өзі жазып берген.

Бірде ақын достарымен бала-шағасын ертіп көкке шығады. Қыздарымен гүл теріп жүргенде жұбайының бір төбешікте темекіні үсті-үстіне тартып тұрғанын көзі шалып қалады. Ақынның көңіліне күдік ұялайды. Самаурын қайнап, дастарханға жайғасқанда сазгер Нұрикамал есімді қызға қарайлай береді. Биге шақырады, бірақ ол шықпайды. Сол күні Ханбибі ақын жұбайының ғашық болып қалғанын түсінеді.

"Сол күні табиғат аясына бірге барғанымызбен, қайтуымыз бөлек болды.

Үйге келген соң жатын бөлмеде балалармен жаттым. Кенет пианиноның дауысын естідім. Бір ерекше әннің өмірге келгенін сездім. Жұбайым оны қайта-қайта ойнады. Әні бар, бірақ сөз жоқ. Тек ыңыл ғана. Сосын жұбайымның бөлмесіне барып, одан қалам мен қағаз сұрадым. Тұншығып, жарыққа шыға алмай жатқан сөзін жазбақ болдым.

"Аспандағы ай ма дедім,

Жастық шағым қайда менің?

Жүрегімді елжіреткен,

Жаным, қандай жайдары едің" деген өлең жолдары ойыма келді. Қағазға түсірдім.

"Осы ма айтқың келгені?" - дедім.

Ол "осы" деп қысқа қайырды.

Сосын ғашық болған адамының есімін сұрадым.

"Нурикамал, Камалым-ай,

Күндей ашық жанарың-ай,

Қолым жетпей, сөзім де өтпей,

Жаутаңдадым, қабағыңа-ай, қарағым-ай" деп жаздым. Әуеніне сөзі үйлесе кетті. Ары қарай тағы екі шумағын қағазға түсірдім. Сосын ол әнді мәтінімен бірге айтып көрді. Ұнатты, маған да ұнады", - деп еске алады ақын Ханбибі Есенқараева 1988 жылы жазылған әннің шығу тарихын.

Кейін Ханбибі Есенқараева ақын Фариза Оңғарсынованың ұйытқы болуымен Нұрикамалды үйінеқонаққа шақырып, әннің өзіне арнап шығарылғанын айтады, Фариза ақын сазгерге әнін орындатады. Уақыт өте келе Нұрикамал екеуі сырлас құрбыға айналады. Ал Тұрдықылыш Ізтаев басқа әйелмен көңіл жарастырады.

"Нұрикамалды" кезінде Құрман Шойымбеков, Кенжеғали Мыржықбаевтар орындаған, кейін әнші Жұбаныш Жексенұлының орындауында халыққа кеңінен танылды.

Ақын Ханбибі Есенқараеваның сөзімен айтсақ, "таза махаббаттан туған таза ән" жүректен жүрекке жетті.

Жуырда әннің тарихы арқау болған "Нұрикамал" атты көркем фильм көрерменге жол тартты.

Тұрдықылыш Ізтаев – артына өшпес мұра қалдырып кеткен сазгер десек те, оның басқа шығармалары, музыка саласын дамытуға қосқан үлесі "Нұрикамал" әнінің көлеңкесінде қалып қойғандай әсер береді. Бұл олқылықтың орнын толтыру уақыт еншісінде деп білеміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/leisure/entertainment/2194655-aigili-nurikamal-anin-zhazgan-sazger-turdyqylysh-iztaevtyng-shygarmashylygy-men-omiri/