Бос уақыт

Зектілері

Заманауи сәулет пен мызғымас шығыс дәстүрі: Дубайда қалай және қайда саяхаттауға болады

Жарияланған күні:

Дубай қаласы
Дубай қаласы. Фото: Dubai DET

Дубай – Біріккен Араб Әмірлігінде орналасқан, заманауи сәулет пен мызғымас шығыс дәстүрін үйлестірген таңғажайып қала. Бүгінде дәулет пен жарқын өмірдің үлгісіне айналған шаһарға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылуын тоқтатар емес. Аспанмен шектескен ғимаратттар мен көздің жауын алатын нысандар әлі күнге дейін әлем жұртын тамсандырып отыр. Ал Парсы шығанағының жағалауында орналасқан көрікті қалада демалысты қалай өткізуге болатынын білгіңіз келсе, KAZ.NUR.KZ материалын оқыңыз.

Дубай туралы

Дубай – Таяу Шығыстағы ең ірі сауда, қаржы және туристік орталық. Қаланы даму қарқыны бойынша Шанхаймен салыстыруға болады. Қазіргі уақытта шаһар реэкспорт бойынша Гонконг пен Сингапурдан кейінгі маңызды үшінші аймаққа айналып отыр.

Дубай қаласы
Дубай қаласы. Фото: Dubai DET

Жалпы халық арасында Дубайдың азғантай уақыт аралығында танымалдылыққа ие болуына байланысты деректер көп айтылады. Шын мәніне келсек, қаланың аста-төк байлыққа кенелуіне 1966 жылы табылған мұнай-кен орындары себепкер болған.

1971 жылы Дубай Абу-Дабимен және тағы басқа әмірліктермен бірлесіп, Біріккен Араб Әмірлігін құрады. Уақыт өте түскен қаржыны шебер басқарған қала көптің көзайымына айналып, гүлдене бастайды. Ал бүгінде Дубайдың даму бағыты өзгеше сипатқа ие болып, туризм, бизнес және инвестиция тартуға көңіл бөлініп келеді.

Қайда баруға болады: Мұражайлар

Al Shindagha мұражайы

Al Shindagha мұражайы
Al Shindagha мұражайы. Фото: Abdallah Elabry/ Dubai DET

Al Shindagha тарихи ауданы сізді қаланың мәдени әрі рухани мұраларымен таныстырады. Мұнда қаладағы ең көне ғимараттардың бірі – Саид-әл-Мактум шейхтің 1896 жылы салынған резиденциясы орналасқан.

Ал Dubai Creek шығанағының жағасындағы Al Shindagha мұражайының экспозициясы әмірліктердің өз тарихы мен дәстүріне деген құрметін көрсетеді. Мұнда заманауи мультимедиялық Dubai Creek: Birth of a City ("Dubai Creek шығанағы: қаланың пайда болуы") көрмесі арқылы шаһардың шежіресін біле аласыз.

Экскурсия барысында интерактивті видео тамашалап, тарихи суреттер мен артефактілерді көруге болады. Осылайша сан ғасырлар бойы шығанақ жағалауын мекендеген халықтың өмір салтын бағамдап, теңіз саудасының маңыздылығын түсінуге мүмкіндігіңіз бар.

Артынша Perfume House мұражайына кіруді де ұмытпаңыз. Мұнда хош иістердің қалай әмірліктердің мәдени мұрасына айналып, сауданың дамуына әсер еткенін түсінесіз.

Museum of the Future - Болашақ мұражайы

Museum of the Future
Museum of the Future. Фото: Dubai DET

2022 жылдың 22 ақпанында Дубайда Dubai Future Foundation қорының қолдауымен Болашақ мұражайының (Museum of the Future немесе MOTF) көптен күткен ашылуы өтті. Мұражай ғимараты қаланың басты магистралі — Sheikh Zayed Road тасжолында орналасқан. Экспозиция алдағы онжылдықтардағы технологиялардың даму әлеуетіне арналған.

Мұражайда тұрақты көрме, иммерсивті театр және тақырыптық көрмелер бар. Сонымен қатар "Great Arab Minds" жобасының штаб-пәтері орналасқан, оның басты мақсаты ғылымның әртүрлі салаларында 1000 талантты араб ғалымдарынан құралған алқа жинау.

Museum of the Future
Museum of the Future. Фото: Dubai DET

Мұражайдың тұрақты көрмесі келушілерді алдағы 50 жылда болатын әлемдік өзгерістермен таныстырады. Мұнда сіз жасанды интеллектіден толықтырылған шындық технологиясына дейінгі бүкіл адамзаттың өмірін жақсартуға және әлемдік экономиканы нығайтуға бағытталған инновацияларды көресіз. Мұражай бес бөлімге бөлінген:

  • OSS Hope: Жерді 600 км биіктіктегі ғарыш станциясынан бақылай аласыз.
  • The Heal Institute: Толықтырылған және виртуалды шындық технологиясы арқылы Дубай мен әлемнің 2071 жылғы көрінісін тамашалайсыз.
  • Al Waha: "Оазиз" тыныштандыратын тәжірибелер мен сенсорлық бөлмені ұсынады.
  • Tomorrow Today: Бүгінгі қолданыстағы футуристік технологиялар туралы біліңіз.
  • Future Heroes: Балаларды дамытатын ойындар арқылы шабыттандыруға арналған интерактивті ойын кеңістігі.

Болашақ мұражайының әр қабатында интерактивті экспонаттар бар. Ғарыштық зерттеулердің болашағы, экология мен климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау саласындағы инновациялар және рухани даму басты назарда. Мұражай базасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрнекті ғалымдардың білім беру курстары мен шеберлік сыныптары өткізіледі.

Екінші қабатта, ғимараттың ортасындағы эллиптикалық аумақта Дубайды тамашалауға мүмкіндік беретін көру алаңы бар.

Museum of the Future
Museum of the Future. Фото: Dubai DET

National Geographic журналы Болашақ мұражайын (MOTF) әлемдегі ең көрнекті 14 мұражай тізіміне енгізген. Жобаның бас сәулетшісі Шон Килланың айтуынша, ғимараттың ерекше эллиптикалық пішіні Дубайдың болашаққа деген көзқарасын білдіреді.

Мұражайдың қасбеті араб каллиграфиясы бар оюлармен безендірілген, өрнектердің жиегі терезе ретінде қызмет етеді. Оның авторы – әмірлік суретшісі Маттар бин Лахедж. Панельдерде БАӘ вице-президенті және премьер-министрі, Дубай билеушісі мәртебелі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум жазған өлеңдерден үш сөз тіркесі ойылған.

Ойын-сауық алаңдары мен көңіл көтеретін орындар

Dubai Parks and Resorts ойын-сауық кешені

Motiongate Dubai
Motiongate Dubai. Фото: Dubai DET

Dubai Parks and Resorts ойын-сауық кешенінің аумағында 100-ден аса аттракцион бар. Кешенге Motiongate Dubai, Real Madrid World және Legoland Dubai тематикалық саябағы кіреді. Сондай-ақ онда Legoland Water Park аквасаябағы мен Neon Galaxy жабық ойын алаңы жұмыс істейді.

Motiongate Dubai
Motiongate Dubai. Фото: Dubai DET

Motiongate Dubai – Таяу Шығыстағы Голливудқа арналған ең үлкен тематикалық саябақ. Саябақ аты аңызға айналған Columbia Pictures, DreamWorks Animation және Lionsgate киностудияларын біріктіреді. Motiongate Dubai-дағы әткеншектер мен аттракциондар соңғы жылдардағы танымал фильмдер мен мультфильмдерге, соның ішінде "Смурфиктер" мен "Шрек" сынды хиттерге негізделген.

Dubai Park and Resorts ойын-сауық кешені
Dubai Park and Resorts ойын-сауық кешені. Фото: Dubai DET

Сондай-ақ "Мадагаскар" желісіндегі Mad Pursuit және "Жасыл бүгелек" туындысына негізделген High Speed Сhase әткеншегінде көңіл көтеруге болады. Егер бұл жеткіліксіз болса, Zombieland-тағы Blast Off аттракционына барыңыз. Саябақта аты аңызға айналған "Джон Уик" экшн-фильміне негізделген әлемдегі алғашқы аттракцион, сондай-ақ "Алдау елесі" триллеріне негізделген әлемдегі ең жылдам айналмалы америкалық әткеншектер бар.

Real Madrid World
Real Madrid World. Фото: Dubai DET

Real Madrid World – 40-тан аса аттракционды біріктіретін, аты аңызға айналған "Реал Мадрид" футбол клубына арналған алғашқы тематикалық саябақ.

Real Madrid World
Real Madrid World. Фото: Dubai DET

Бұл отбасыңмен және достарыңмен уақыт өткізуге таптырмас орын. Real Madrid World үш негізгі аймаққа бөлінген. Олар Champions Avenue, Celebration Plaza және Stars Avenue. Аттракциондардан бөлек, мұнда "Реал Мадрид" клубының атрибутикалары бар дүкен орналасқан. Сондай-ақ испан мейрамханасы да бар.

Real Madrid World
Real Madrid World. Фото: Dubai DET

Real Madrid World тематикалық саябағында Таяу Шығыстағы бірегей ағаштан жасалған америкалық әткеншек пен әлемдегі ең биік, ұзындығы 140 метр Stars Flyer әткеншегі, Hands up еркін құлау мұнарасы және The Wave ― La Ola әткеншегі жұмыс істейді.

Real Madrid World
Real Madrid World. Фото: Dubai DET

Bernabéu Experience иммерсивті аттракционы сізді тікелей "Реал Мадрид" командасының Мадридтегі стадионында орналасқан киім ауыстыру бөлмесіне алып барады. Ал Factory of Dreams виртуалды симуляторы сізге таңғажайып тосынсый ұсынады.

Real Madrid World
Real Madrid World. Фото: Dubai DET

Осы тұста клубтың жеңіп алған атақтарын тамашаласаңыз болады. Real Madrid World-та күнде 15-тен аса шоу-бағдарлама ұйымдастырылады. Саябақ аумағында 6 жастан асқан балаларға допты игеруді үйрететін жаттығу лагері бар.

Wild Wadi Waterpark

Wild Wadi Waterpark
Wild Wadi Waterpark. Фото: Dubai DET

Әлемдегі ең үздік аквасаябақтың бірі Wild Wadi Waterpark Jumeirah ауданында Burj Al Arab қонақүйінің маңында орналасқан. Аквасаябақтың тематикалық безендірілуі араб фольклорының танымал кейіпкері Джух аңыздарына негізделген. Мұнда қонақтарға судағы әткеншектер мен аттракциондар ұсынылады.

Wild Wadi Waterpark
Wild Wadi Waterpark. Фото: Dubai DET

Тыныштықты жаны қалайтын меймандар бассейнде Wave Pool жасанды толқынымен уақыт өткізіп, Lazy River жағасындағы үйді жалға ала алады.

Wild Wadi Waterpark
Wild Wadi Waterpark. Фото: Dubai DET

Ал кішкентай балаларға әткеншектерге толы Juha’s Dhow and Lagoon ойын алаңы бар. Жарқын сезімдерді қалайтын қонақтарға серфинг пен бодибордингпен айналысуға арналған Flood River Flyer мен Jumeirah Sceirah әткеншектері ұсынылады.

Қайда тамақтанған дұрыс?

Bisou мейрамханасы

Беделді Dubai Opera Plaza аумағында орналасқан Bisou премиум мейрамханасы француз тағамдарының талғампаздығы мен шығыс дәстүрлерінің жылы қонақжайлылығын үйлестіретін бірегей гастрономиялық саяхат ұсынады. Мейрамхананың интерьерін танымал сәулетші Тристан Ду Плессис әзірлеген. Ал Bisou сөзін француз тілінен аударғанда бірлік пен достық, махаббат ұғымын білдіреді.

Bisou
Bisou. Фото: Dubai DET

Bisou бары қонақтарға француз кітапханашысы мен араб ақынының классикалық әдебиеті мен романтикалық тарихынан шабыттанған коктейль мәзірін ұсынады. Антуан де Сент-Экзюпери мен Александр Дюманың шығармаларынан қанаттанған бар әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізілген шараптар мен коктейльдерден дәм татуға шақырады.

The Byron Bathers Club жағажай клубы

The Byron Bathers Club
The Byron Bathers Club. Фото: Dubai DET

Ашылғанына көп уақыт болмаса да, The Byron Bathers Club Дубайға келген туристердің сүйікті орнына айналып үлгерді. Бас аспаз Том Арнель Palm Jumeirah аралына серфингшілер вайбы мен австралиялық жағажай мәдениетінің философиясын әкелген.

The Byron Bathers Club
The Byron Bathers Club. Фото: Dubai DET

Мұнда сізді дәмді ас пен Араб шығанағының таңғажайып көрінісі күтеді. Клуб мейрамханасына жеңіл тіскебасарлар мен теңіз өнімдерінің дәмін тата аласыз.

The Byron Bathers Club
The Byron Bathers Club. Фото: Dubai DET

The Guild

The Guild – Дубай DIFC-те орналасқан қайталанбас әрі сан қырлы жоба. Нью-Йорктің Tribeca ауданының көркем эстетикасымен шабыттанған The Guild уақытты қызық өткізу үшін бірнеше залға бөлінген.

The Guild
The Guild. Фото: Dubai DET

Мәселен, мұнда Нью-Йоркке сәлем жолдайтын Aviaries бары жұмыс істейді.

The Guild
The Guild. Фото: Dubai DET

Одан бөлек камині бар қонақ бөлме орналасқан Salon залы, таңғы ас ішіп, шампан ішетін қалалық джунгли Nurseries және теңіз өнімдерінен түрлі тағам түрін ұсынатын RockPool бар.

The Guild
The Guild. Фото: Dubai DET

The Guild ауқымын сезіну үшін мұнда бірнеше рет оралу қажет.

The Guild
The Guild. Фото: Dubai DET

Жанды дауыстағы әсем әнді жақындарыңызбен бірге тыңдап, теңдесіз интерьерге бірге тамсанып, астан бірге дәм татқаныңыз абзал.

The Guild
The Guild. Фото: Dubai DET

Time Out Market Dubai

Time Out Market Dubai Souk Al Bahar сауда орталығында орналасқан. Мұнда қонақтарға әмірліктің үздік шеф-аспаздары дайындаған тағам түрлері ұсынылады. Сондай-ақ мейрамхана кешенінің терассасынан Burj Khalifa мен Dubai Fountain музыкалық субұрқағын көруге болады.

Time Out Market Dubai
Time Out Market Dubai. Фото: Dubai DET

2790 шаршы метрді қамтитын Time Out Market Dubai кешенінің құрамына қаладағы 17 танымал мейрамхана мен кафе кіреді. Олардың қатарында MASTI, BB Social Dining, Vietnamese Foodies, Pickl, Pitfire, Reif, Slab Cocina, Scoopi және Long Teng пен үш лаундж бар.

Frying Pan Adventures

Дубайдың 70-80 жылдары урбанизацияланған аудандарының бірі Әл-Риггеде таяушығыстық асханадан ләззат алыңыз. Жаяу гастрономиялық турда Палестинаның, Иордания мен Ливанның, Сирия мен Ирактың аспаздық ерекшеліктерін тануға мүмкіндігіңіз бар. Мәселен, Sultan Dubai Falafel асханасында қала бойынша ең дәмді фалафель мен хумус беріледі.

Sultan Dubai Falafel
Sultan Dubai Falafel. Фото: Dubai DET

Ал Qwaider Al Nabulsu Sweets палестиналық-иорданиялық мейрамханасында жылы әрі созылмалы кунафа ірімшігі қосылған тағамдар ұсынылса, Al Samadi Sweets ливан пахлавасының фирмалық дүкенінде Frying Pan мүшелері мен жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіледі.

Al Samadi Sweets
Al Samadi Sweets. Фото: Dubai DET

Farooj Al Shami сириялық асханасында тауық қосылған шауырма жасалса, Kebab Erbil Iraqi атты мейрамханасында ирактың ұлттық тағамы масгуф пен өзге де тағамдар ұсынылады.

Masguef
Masguef. Фото: Dubai DET

Қайда сауда жасауға болады?

Dubai Mall

Dubai Mall сауда үйі – әлемдегі ең биік ғимарат Burj Khalifa-ның жанында орналасқан ең ірі шопинг алаң. Ол 2008 жылы 4 қараша күні салтанатты түрде ашылған. Dubai Mall сауда орталығында 1200-ден астам бөлшек сауда нүктесі мен екі үлкен универмаг бар. Сондай-ақ сауда үйінде азық-түлік пен сусын сататын жүздеген сауда нүктесі орналасқан. Олар 1 млн шаршы метрден аса аумақты алып отыр. Бұл шамамен 200 футбол алаңын құрайды.

Dubai Mall
Dubai Mall. Фото: Dubai DET

Сауда орталығында сән әлеміне қызығушылық танытатындар үшін 70-тен аса фирмалық дүкен жұмыс істейді. Олардың қатарында Таяу Шығыстағы алғашқы Bloomingdale's және Galeries Lafayette сынды ритейлерлер бар. Ал Fashion Avenue-де Versace, Burberry және әлемдік танымал дизайнерлер мен брендтерді таба аласыз.

Dubai Mall
Dubai Mall. Фото: Dubai DET

Одан бөлек "Алтын базардан" алтын бұйымдар, Level Shoes дүкенінен ең сәнді аяқ киім сатып алсаңыз болады. Dubai Mall сауда үйіндегі Дубай аквариумы мен су астындағы зоосаябағы – отбасылық демалысты өткізуге таптырмас жер. Олимпиадалық көлемдегі Дубай мұз айдыны, Kidzania балалар ойын-сауық кешені және үлкен жабық кинотеатр да көңіл көтеруге көмектеседі.

Gold Souk

Дубайда әмірліктегі ежелгі базарлардың бірі – "Алтын базарына" бармасқа болмайды. Gold Souk Deira ауданында Dubai Creek шығанағының, абра бекеттерінің (су таксилері) маңында орналасқан.

Gold Souk
Gold Souk. Фото: Dubai DET

Бұл базарда өзіңізге және жақындарыңызға тамаша зергерлік бұйымдар таба аласыз. Дубай үкіметі барлық тауардың сапасын мұқият бақылайды, сондықтан олардың түпнұсқалығына сенуге болады. Мұнда алтыннан бөлек, маржан, күміс және гауһар сатылады. Тек саудаласудан қорықпау қажет.

Spice Souk

Spice Souk дәмдеуіштер базары Дубайдың тарихи аймағында орналасқан. Сізді ежелгі Аравияға шақыратын бұл сауда алаңында 150-ден аса сауда нүктесі бар. Мұнда Үндістанның, Пәкістанның және Иранның өте құнды дәмдеуіштері сатылады.

Spice Souk
Spice Souk. Фото: Dubai DET

Сондай-ақ базарда жаңғақтар мен құрғақ жеміс-жидектің, шайдың ауқымды ассортиментін кездестіруге болады. Бұл базарда гастрономиялық эксперименттерден бас тарта алмайсыз.

Шөлге саяхат

Sonara Camp

Sonara Camp мейрамханасы шексіз шөл даланың дәл ортасында орналасқан. Мұнда сізді дәмді кешкі ас пен ойын-сауық бағдарламасы күтеді. Бас аспаз Франк Санна жергілікті және батыс асханасының тағамдарын әзірлейді. Мейрамханада сиыр еті қосылған тако, тауық шауырмасы, каффир-лайм маринадындағы жаншылған қой еті, жерортатеңіздік рататуй мен авакадо қосылған какаодан жасалған ганаш ерекше танымалдылыққа ие.

Sonara Camp
Sonara Camp. Фото: instagram.com/ sonara_camp

Мұнда барлық тағам ашық отта таза ауада әзірленеді. Sonara Camp мейрамханасында барабанда ойнау бойынша шеберлік сабақтарға қатысып, сэнбординг пен садақ атумен айналысуға болады.

Sonara Camp
Sonara Camp. Фото: instagram.com/ sonara_camp

Сондай-ақ квадроцикл мен жол талғамайтын көлік айдауды үйренуге мүмкіндік бар. Кешкі аста отты шоу мен түрлі шоуға куә бола аласыз.

Дубай қаласы
Дубай қаласы. Фото: Dubai DET

Біріккен Араб Әмірлігіне әлі бармаған болсаңыз, саяхатыңызды Дубайдан бастаңыз. Өйткені бұл қала туристерді дәулетпен, заманауи дизайнмен, қайталанбас аттракциондармен қуантуға әрдайым әзір.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/leisure/entertainment/2195822-zamanaui-saulet-pen-myzgymas-shygys-dasturi-dubaida-qalai-zhane-qaida-saiahattauga-bolady/