Енді зейнетақының бір бөлігін алатын қазақстандықтар салықты кейін төлей алады

Опубликовано:

Зейнетақы
Көрнекі фото: pixabay.com

Сенаторлар қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін табыс салығын кейін төлеуге мүмкіндік беретін Салық кодексіне түзетулер енгізу жайлы құжатты қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарға 2021 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруді тапсырған болатын.

Алайда зейнетақының бір бөлігін алу кезінде бір реттік табыс салығын төлеу қажеттілігі қоғамда резонанс тудырған. Сенаторлар салық төлемін кейінге шегеріп, оны 16 жылға бөліп төлеуді ұсынды.

Яғни, зейнетақы ақшасын келесі жылдан бастап пайдалануға болады, ал салықты бірден төлеуге емес, зейнетке шыққаннан кейін бірнеше жыл ішінде біртіндеп төлеуге рұқсат берілмек.

"Зейнетақы жинақтарындағы қаражаттың бір бөлігі мерзімінен бұрын алынған жағдайда, қаржының 10 пайызы бір реттік салық ретінде ұсталады. Сенаторлар қазіргі кезеңде бұл талапты орындау қазақстандықтар үшін қиынға соғуда деп санайды. Сол себепті, салықты зейнетақы жинақтарын алған кезде емес, тек зейнетке шыққаннан кейін ғана төлеу ұсынылады. Оның үстіне, бұл бірден жасалатын төлем болмайды. Заң жобасына 16 жылға бөліп төлеу туралы түзету енгізіледі", - дейді сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Алайда азаматтықты өзгерту туралы шешім қабылдағандар зейнетақы ақшасының бір бөлігін алу туралы шешім қабылдаған жағдайда табыс салығын бірден және толықтай төлеуі керек. Олар үшін салық сомасы БЖЗҚ шотындағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасынан ұсталып қалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін зейнетақы жинағынан ақша алу бойынша еңбек министрлігі толық мәлімет берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1884282-endi-zejnetakyny-bir-bligin-alatyn-kazakstandyktar-salykty-kejin-tlej-alady/