RU

Қазақстанда орташа зейнетақысы жоғары аймақтарды білесіз бе

Зейнетақы
Көрнекі фото: vesti.ua

Зейнетке шығу жасы мен төлем мөлшері - еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Нурфин тілшілері Қазақстанның қай өңірінде орташа зейнетақы мөлшері жоғары екенін анықтады.

Ғаламдық статистиканы ескеретін болсақ, онда әлемдегі әрбір он бірінші адамның жасы 65-тен асқан болып шығады. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, әлем халқының қартайып жатқаны байқалады және 2050 жылға қарай әрбір алтыншы адам зейнет жасында болады.

Ал Қазақстанда әрбір сегізінші адам зейнет жасына жеткен. Жалпы алғанда, 2,1 миллионнан астам қазақстандық еңбекке қабілетті жастан асқандардың қатарынан табылып отыр. Бұл көрсеткіште әйелдердің үлесі 2,3 есе көп болып отыр - 1,4 миллион әйел (59 жастан асқан) мен 635 мың ер адам (63 жастан жоғары).

Қазақстанда әйелдер арасындағы зейнеткерлік жас біртіндеп ұлғаюда және 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін жетеді.

Еліміздің әр аймағы жас құрылымымен, зейнеткерлердің үлесімен және олардың зейнетақы мөлшерімен айтарлықтай ерекшеленеді.

Freedom Finance Life сарапшылары қазақстандық зейнеткерлердің статистикалық ерекшеліктері туралы айтып берді.

Зейнеткерлер ең көп шоғырланған аймақ

Қария
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, зейнет жасындағы адамдардың ең көп шоғырлануы елдің қалаларында байқалады - қала тұрғындарының 11,6%-ы зейнет жасына жеткен.

Ал ауылдық жерлерде еңбекке қабілетті жастан асқан адамдардың үлесі тек 10,3%-ды құрап отыр.

Елдің әкімшілік бірліктері тұрғысынан "ең қарт" аймақ Солтүстік Қазақстан облысы болып шықты, онда 100 мың тұрғынға 18 359 зейнеткер келеді.

Екінші және үшінші орындарды Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары иеленді: бұл өңірдерде халықтың 100 мыңына, сәйкесінше 16 637 және 16 548 қарт адам келеді.

Зейнет жасындағы халықтың үлесі бойынша елдің қалаларына келетін болсақ, жағдай келесідегідей:

Алматы - 8 орын, 100 мың адамға шаққанда еңбек жасынан асқан 11 858 адам;

Нұр-Сұлтан - 14 орын, 7919 зейнеткер;

Шымкент - 15 орын, , 7603 зейнеткер;

Қазақстандағы ең жоғары орташа зейнетақы мөлшері

зейнетақы жинағы
Көрнекі фото: zhaikpress.kz

2019 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі орташа зейнетақы төлемі 57 622 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда 48% -ға өскен.

Орташа зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері Нұр-Сұлтанда тіркелді - 72 145 теңге. Ал Алматы екінші орында - 68 982 теңге. Үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысы жайғасқан, мұнда бір зейнеткерге орта есеппен 63 977 теңге зейнетақы төленуде.

Қарағанды ​​мен Павлодар облыстарында бұл көрсеткіш, сәйкесінше 61 383 және 59 579 теңгені құрады.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мәні ең төмен облыстар: Жамбыл облысы - 51 327 теңге, Алматы облысы - 50 101 теңге, Түркістан облысы - 44 151 теңге.

Еске салсақ, бұған дейін біз қоғам белсендісі зейнетақы қорындағы ақшаның бес жылда таусылуы мүмкін екенін айтып дабыл қаққанын жазған едік.

Одан бөлек, енді зейнетақының бір бөлігін алатын қазақстандықтар салықты кейін төлей алатынын жазған болатынбыз.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/1885409-elimizdi-ortasa-zejnetakysy-zogary-ajmaktaryn-bilesiz-be/